Беларус елі ауыл шаруашылығы саласы бойынша Қазақстанмен өзара тиімді ынтымақтастыққа мүдделі

«Беларус елі ауыл шаруашылығының барлық жетекші бағыттары бойынша Қазақстан Республикасымен өзара тиімді қарым-қатынас орнатуға мүдделі. Біз сондай-ақ беларус кәсіпорындарын инвестициялау туралы кез-келген ұсынысты қарастыруға әзірміз», - деп атап көрсетті алғысөзінде Беларус Республикасы Ауыл шаруашылығы және азық-түлік министрінің бірінші орынбасары Надежда Котковец ханым.
Кездесуге қатысқан Қазақстанның Беларус Республикасындағы елшілігінің кеңесші-елшісі Фархат Әбдіхалықов өз кезегінде, ауыл шаруашылығы саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту - Қазақстан Президентінің 2009 жылдың қараша айында Беларус еліне жасаған ресми сапарының барысында мемлекет басшылары қол жеткізген келісімдерден туындаған басымдықты міндет екенін атап көрсетті.
«Агроөнеркәсіптік кешен саласында нақты бірлескен өндірістер құру біздің елдеріміздің арасындағы тауар айналымын арттыруға көмектесетін болады», - деп атап көрсетті дипломат өз сөзінде.
Қазақстандық делегация сапар барысында Беларустың бірқатар өнеркәсіптік кәсіпорындарын аралайды.