Беларусь КО шекарасынан ресми мәлімдеусіз 10 мың долларға дейінгі соманы алып өтуге мүмкіндік беретін келісімді ратификациялауға бел буып отыр
Депутаттар Парламенттің алдағы көктемгі сессиясында құжаттарды ратификациялауға бел буып отыр. Бұл туралы «БЕЛТА» агенттігіне Өкілдер палатасының халықаралық істер және байланыс бойынша тұрақты комиссиясының мүшесі Виталий Бусько мәлім етті.
Депутаттың айтуынша, парламентке КО құжаттар пакетінің түсуі Кеден одағының заңнамалық базасын қалыптастыру және Кеден одағының Кедендік кодекс ережелерін жүзеге асырумен байланысты.
Виталий Бусько үш маңызды құжатты атап кетті. Біріншісі - Жеке тұлғалардың Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізу тәртібі туралы шарт. Осы құжатқа сай, жеке тұлғалар Кедендік одақтың шекарасы арқылы ресми мәлімдеусіз 10 мың долларға (қазір - 5 мың долларға дейін) дейінгі соманы алып өте алады. 10 мың доллардан асатын соманы ресми мәлімдеу қажет болады, тіпті ақшаны кім алып бара жатқанын (ақшаның дерекөздерін көрсету) керек болады. Депутаттың айтуынша, бұл шаралар ақшаны жымқыруға тұсау салмақ.