Беларусь компаниялары отандық жүк тасымалдаушыларын нарықтан ығыстырып жатыр – дептутат

АСТАНА. ҚазАқпарат – Беларусь компаниялары отандық жүк тасымалдаушыларын нарықтан ығыстырып жатыр. Бұл жайында Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Склярдың атына депутаттық сауал жолдаған Мәжіліс депутаты Ержан Бейсенбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«2022 жыл бойы қазақстандық тасымалдаушылар шетелдік рұқсат бланкілері негізінен бізге көшіп келген ресейлік және беларусьтық тасымалдаушыларына беріліп жатқандығынан зардап шегіп келді. Ал биылғы жыл басынан берілген шетелдік рұқсат бланкілері жөнінде тізімге көңіл аударсақ, үлкен айырмашылықпен «ИнтерАвтоТранс», «Технобел», «Интертрансавто-Қостанай» ЖШС алда тұр. Бұлар – бұрынғы беларусьтық Jenty, Primum компаниялары. Қазіргі таңда, Беларусь тасымалдаушыларының құқықтары біздің кәсіпкерлермен тең тұр. Ал бұл біздің тасымалдаушыларымыз тасымалдайтын тауарлардың көлеміне қатты әсер етеді. Олар біздің тасымалдаушыларымызға бәсекелестік туғыза отырып, қазақстандық кәсіпорындарды жүк тасымалдау нарығынан ығыстырып жатыр», - деді депутат Мәжілістің жалпы отырысында.

Оның атап өтуінше, Еуропа елдері де жоғарыда аталған Беларусь компаниялары шын мәнінде қазақстандық еместігін біледі. Соның салдарынан өткен жылы Еуропа елдері, атап айтқанда Польша мен Литва Қазақстанға рұқсат бланкілерін бермеген.

«Әрине, біз Беларусь пен Ресейге еш іс-шара қолдана алмаймыз. Олар ірі компаниялар болып жұмыс жасайды. Ал бізде шағын және орта компаниялар. Жоғарыда баяндалғанды түйіндей келе, «Ақ жол» ҚДП фракциясы ішкі нарық пен отандық тасымалдаушылардың мүдделерін қорғау мақсатында шағын және орта бизнеске рұқсат бланкілері жағынан артықшылық беруіміз керек деп санайды. Бұл халықаралық тәжірибеге сай және Еуразиялық экономикалық одақтың тәртібін бұзбайды», - деді Ержан Бейсенбаев.


Соңғы жаңалықтар