17:36, 25 Ақпан 2009 | GMT +5
Беларус мемлекеті ҚР Үкімет басшысының сапармен келуін күтіп отыр - В. Семашко
АСТАНА. Ақпанның 25-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Қазақстан мен Беларус тараптары өзара ынтымақтастық бағытында 2-3 айдың ішінде нақты ұсыныстарды әзірлеуге келісті.
Бұл туралы бүгін Астанада Қазақстан Үкіметімен өткен келіссөзден кейін Беларус мемлекеті Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Владимир Семашко мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстанға жасаған сапарымыздың мақсаты - екі елдің игілігі үшін бірқатар қызмет көрсету түрлері мен тауарларды ұсыну. Ауыл шаруашылығы өндірісіне тоқталатын болсақ, төрт жыл бұрын Беларус елі азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін толығымен шешті. Біздің ауыл шаруашылығы өндірісіміз экспортқа негізделген және өзіміздің өнімді Қазақстанға ұсынуға дайынбыз», деді В. Семашко.
Беларус мемлекеті ауыл шаруашылығына арналған машиналармен толық жабдықталғанын жеткізген ол, «Кеңес Одағы кезінде астық, картоп, қант қызылшасы секілді дақылдардың өнімін өңдеуге қажет техниканың біз 16 пайызын шығарған болатынбыз, ал бүгінде бұл салаға қажетті машиналардың 95 пайызын шығарамыз», деді.
Осы орайда Премьер-Министрдің бірінші орынбасары аталған техникаларды Қазақстанға ұсынып отырғандықтарын, сондай-ақ бірлескен кәсіпорындарды құруға дайын екендіктерін айтып өтті.
«Қазақстанның Үкімет басшысымен 2-3 айдың ішінде нақты жобаларды әзірлеу туралы келістік және Кәрім Мәсімовтың Беларус еліне мамыр айында сапармен келуін күтіп отырмыз», деді В. Семашко.