Беларусь президенті түрлі елдің 123 азаматына рақымшылық жасады
АСТАНА. KAZINFORM — Беларусь президенті Александр Лукашенко АҚШ президенті Дональд Трамппен қол жеткізілген келісімдер аясында және оның өтініші бойынша түрлі елдердің 123 азаматына рақымшылық жариялады. Бұл туралы БЕЛТА хабарлады.
— АҚШ президенті Дональд Трамппен қол жеткізілген келісімдер аясында және оның өтініші бойынша, АҚШ-тың бұрынғы президенті Джо Байден әкімшілігі енгізген Беларусь Республикасының калий саласына қарсы заңсыз санкциялардың күшін жоюына, сондай-ақ Беларусь Республикасына қатысты басқа да заңсыз санкцияларды алып тастау процесінің практикалық кезеңге өтуіне байланысты, мемлекет басшысы Беларусь Республикасының заңдарына сәйкес тыңшылық, терроризм және экстремистік сипаттағы қылмыстар үшін сотталған түрлі елдің 123 азаматына кешірім жасау туралы шешім қабылдады, — деп мәлімдеді президенттің баспасөз қызметі.
Аталған қадам сондай-ақ басқа мемлекет басшыларының өтініштері, гуманитарлық қағидаттар, жалпыадамзаттық және отбасылық құндылықтарды басшылыққа ала отырып жасалған. Бұл шешім Беларусьтің серіктес елдермен қарым-қатынасының оң динамикасын жеделдетуге және Еуропа аймағындағы жалпы жағдайды тұрақтандыруға бағытталған.
Соңғы уақытта, оның ішінде қараша айының соңында қабылданған шешімдерді ескере отырып, Беларусь президенті кешірім жасаған адамдардың жалпы саны 156 адамға жетті.
Кешірілгендер арасында Ұлыбритания, АҚШ, Литва, Украина, Латвия, Аустралия және Жапония азаматтары бар.
Бұдан бұрын Беларусь билігі 52 тұтқынды босатты, олардың барлығы қазіргі таңда Литва аумағында екені айтылды.