Беларусьте ресейлік әлеуметтік желіге кіру бұғатталды

АСТАНА. KAZINFORM – Беларусьте ресейлік «ВКонтакте» әлеуметтік желісінің десктоп-нұсқасына қолжетімділік шектелді. Бұл туралы 24 қазан күні кешке БелГИЭ – электр байланысын бақылау жөніндегі мемлекеттік инспекция дерегіне сілтеме жасап жергілікті БАҚ хабарлады, деп жазады DW.

ВК
Артем Геодакян/ ТАСС

БелГИЭ сайтында көрсетілгендей, әлеуметтік желіге қолжетімділік Беларусь мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (КГБ) ұсынуы негізінде шектелген. Бұғаттау мерзімі нақты көрсетілмеген.

Бұл – елде ресейлік ең ірі әлеуметтік желіге қолжетімділікті шектеудің алғашқы жағдайы. Кейбір пайдаланушылар сайттың ашылмай қалғанын хабарласа, мобильді қосымша жұмысын жалғастырып тұр. «ВКонтакте» желісі елдің ең ірі байланыс операторы «Белтелеком» желісінде бұғатталған.

Ресми түсініктемелер әзірге жарияланған жоқ. Дегенмен мемлекеттік ақпарат агенттігі - БелТА бұл ақпаратты растап, vk.com сайтының десктоп-нұсқасына ғана шектеу қойылғанын, ал мобильді қосымшаның қалыпты жұмыс істеп тұрғанын хабарлады.

«Наша Ніва» басылымының мәліметінше, Telegram-арналарда пікірлер әртүрлі. Кейбір дереккөздер «ВКонтакте» техникалық ақауға байланысты бұғатталғанын, жағдайдың жақын арада қалпына келтірілетінін жазған.

Сонымен қатар, қауіпсіздік қызметі әлеуметтік желілердегі кейбір парақшаларды «экстремистік тізімге» жиі енгізіп отыратыны атап өтілген. Олардың қатарында тәуелсіз БАҚ арналары да бар.

Айта кетейік, Тәжікстан балаларға 14 жасқа дейін әлеуметтік желіні пайдалануға тыйым салмақ.

Соңғы жаңалықтар