Белгіленбеген жерлерде темекі тартқан 21 мыңға жуық азамат жазаланды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жыл басынан бері көлік полицейлері белгіленбеген жерлерде шылым шегудің 20 869 фактісін тіркеді. Бұл туралы Көліктегі ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.
Көліктегі ІІД қызметкерлері әуежайлар мен теміржол вокзалында, жолаушылар пойыздарында қайғылы оқиғаларға, қылмыс пен құқық бұзушылықтарға жол бермеу мақсатында тұрақты түрде кешенді алдын-алу шараларын өткізіп келеді. Тұрақты жүргізілген жұмыстың нәтижесінде Көліктегі ІІД Әкімшілік полициясы басқармасының қызметкерлері жыл басынан бері 38 106 құқық бұзушыны әкімшілік жауапкершілікке тартты. Оның ішінде 1259 факті - ұсақ құқық бұзушылық болса, 706 фактіде ортақ пайдалану орындарын ластағаны үшін жауапкер болды. Жалпы көлемі 47 млн. теңгенің айыппұлы салынды. Сондай-ақ ұсақ ұрлық бойынша - 328 факті, ұсақ есірткі - 264, спирттік ішімдіктер ішіп, қоғамдық орындарда мас күйінде жүру - 5855, белгіленбеген жерлерде темекі шегу бойынша - 20 869 факті анықталды. Теміржол және әуе көлігі нысандарында қаңғып жүрген кәмелетке толмаған 133 жасөспірім бейімдеу орталығына жеткізіліп, тұрғылықты мекен-жайы жоқ 439 адам қабылдап-тарату орындарына орналастырылды. Еске сала кетейік, ҚР ӘҚБтК 330-бабына сәйкес қоғамдық орындарда балағат сөздер айтып, ортақ пайдалану орындарын, саябақтарды, скверлерді ластап, оның ішінде белгіленбеген орындарда коммуналдық қалдықтарды шығару, яғни ұсақ бұзақылық жасаған азаматтарға 4 мыңнан 17 мың теңгеге дейін айыппұл салынады немесе 10-15 тәулікке әкімшілік қамауға алынады. Қоғамдық орындарда ішімдік ішіп, мас болғандарға (330-бап) 3 мың теңге, шылым шеккен азматтарға (336-бап,-бөлім) 1,6 мыңнан 8 мың теңгеге дейін, сондай-ақ өзгелердің тыныштығын бұзғандарға (333-бап) 3 мыңнан 8 мың теңгеге дейін айыппұл салынады. Ал бір жылдың ішінде қайталап құқық бұзған жағдайда 15 тәулікке қамалады.