Белгілі ғалым Әділ Ахметовтің үш кітабының тұсаукесері өтті

«Біз бүгін ұлт мұратынан бастап келешегіне қызмет ететін үш бірдей құнды кітаптың тұсауын кескелі отырмыз. Бұл мазмұнды әрі зерделі зерттеулердің авторы - ортамызда отырған белгілі ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Әділ Ахметов. Көрнекті ғалымның ойлы оқырманға арналған «Түркі әлемнің ырым-тыйымдары», «Колумб дәуірінен бұрынғы америкалық үндістердің алтайлық тегі», «Ғасырлар ғибраты» атты бұл еңбектері қазақ руханиятының бай қазынасын еселетіп, жұртшылықтың ғылыми құндылықтарға деген құрметін бірден арттырып отыр деуге әбден болады. Хәкім Абай: «Адамның адамшылығы бастаған ісінен білінеді» демекші, табиғатында зерттеу тақырыбын талғаммен таңдап, кіріскен соң тереңнен қазып, түбірлі әрі түбегейлі нәтижеге қол жеткізбей тыншымайтын Әділ Құрманжанұлы бұл салада ізденіп жүргеніне бірнеше жылдың жүзі болды», - деді іс-шараға арнайы келіп қатысқан ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев.
Оның атап өтуінше, кітаптардың авторы түркі тілдерінде табу мен эфимизмдер бойынша докторлық диссертация қорғап, көмескеленіп бара жатқан ұғымдарды жаңғыртты. Яғни, арғы түбі бір түркі әлемінің білімі мен тарихына терең бойлап, Азияның бір қиырындағы сахалардан бастап, Еуропадағы гагауыздарға дейінгі аралықта мекендейтін 40-қа тарта түркі халықтарының ырым-тыйымдарын ғылыми бағытта жүйелеп берді.
«Сонымен бірге Әділ Құрманжанұлы Америкалық үндістердің түркі халықтарымен туыстық және жаһандық геосаясаты саласы сияқты қажырлы қайрат пен маңдай терді талап ететін күрделі тақырыптарға батылдықпен барған дарынды ғалым. Халықаралық терминде табу деген ортақ ұғымды білдіретін ырым-тыйымдар барша түркі халықтарына тән этномәдени және этнолингвистикалық құрылыс екені белгілі. Ғалым осы тыйымдардың түпкі мәнін, құрамын Таурат, Інжіл тәрізді киелі кітаптардан іздеп, жалған сөйлемеу, біреудің ала жібін аттамау, қылмыс жасау, ысырапқа жол бермеу сияқты адамзатты ізгілікке баулитын жүздеген әдеп-қағдиалар мен тәлім-тәрбиелік құндылықтарды жинастырды», - деді Мемлекеттік хатшы.
Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі жүргізген іс-шара барысында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов кітап авторының еліміздің ғылым мен білім саласына, ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев сыртқы саясатының қалыптасуына сіңірген еңбектеріне кеңінен тоқталып өтті.
Ал Әділ Ахметов «Түркі әлемнің ырым-тыйымдары» атты кітабының бірінші бөлімі тыйымдарға, ал екіншісі тыйым ұғымдарының сөздігіне арналғанын айтады.
«Бұл Якутиядан бастап Гагауызға дейінгі түркі халықтарының тыйымдарын қамтиды. Ал екінші ғылыми арнам америкалық үндістердің алтайлықтегіне арналып отыр. Осы тақырыпты зерттегеніме 30 жыл болды. Міне бүгін зерттеу нәтижелерімде 285 беттік кітаптың тұсауы кесіліп отыр. Кітап Түркияда түрік тілінде де шығып жатыр. Үшінші кітап геосаясатқа байланысты. 2018 жылы бірінші, 2019 жылы екінші басылымы шықты. Ал бүгін тұсауы кесілген кітаптың аты - «Уроки столетия». Кітап негізі орыс тілінде жарық көрді. Негізінде «Ғасырлар ғибраты» деген атаумен қазақша жазылған еді. Оны қазақ тілінен орысшаға Ғосман Төреғұлұлы аударды», - деді Әділ Ахметов.