13:56, 15 Қыркүйек 2023 | GMT +5
Белгілі геолог жер қойнауын барлау жұмыстарын тендерсіз өткізуді ұсынды
Қазақстан геологтарының тұңғыш съезінде Ұлттық ғылым академиясының академигі Серікбек Дәукеев жер қойнауын барлау жұмыстарын тендерсіз өткізуді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазгеология» ұлттық геологиялық барлау компаниясының міндеттері әлі күнге дейін айқын емес. Министрліктер мен комитеттерде шенеуніктер отыр. Олар заң аясында істелетін жұмыстарды пысықтап, әзірлеу керек. Ал оны «Қазгеология» орындау керек. Геологиялық ақпаратты жинау, цифрландыру, талдау жүргізу, жер қойнауын тексеру және геологиялық зерттеу жүргізу үшін мемлекеттік бағдарламалар дайындау, оның экономикалық негіздемесін пысықтау сияқты шаруаның бәрі ұлттық компания істеу керек», - дейді ғалым.
Академик ұлттық салаға жауапты басшыларды шешім қабылдауда батылырақ болуға шақырды.
«Ешқандай тендер өткізудің қажеті жоқ. Мемлекет бюджеті, мемлекеттік компания, мемлекеттік тапсырма – бас қатыратын ештеңе жоқ. Міндетті дұрыс атқармаса, қосалқы мердігер тартсын. Сонда «Қазгеология» қалыпты жұмыс істейтін компанияға айналады. Әрине ол үшін нақты шешім керек. Ал басшылар ондай шешім қабылдауға қабілетсіз болса, не істеу керектігін білмеймін. Маған кейінгі 20 жылда саладағы жұмыстың бәрі геологияны құрдымға кетіру үшін жасалғандай көрінеді», - деді академик.