Белгілі режиссер Сламбек Тәуекел 70 жасқа толды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, танымал режиссер Сламбек Тілеуғабылұлы Тәуекел бүгін 70 жасқа толды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
None
None

ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова мерейлі жасқа толуына орай режиссерге құттықтау хат жолдады. Гүлшара Әбдіқалықова өз құттықтауында Сламбек Тәуекелдің еліміздің кино саласына сіңірген еңбегін ерекше атап өтіп, қазақ кино саласының аға буынына айналған режиссердің шығармашылық тұрғыда халқына берері мол екеніне сенім білдірді.   

Сламбек Тәуекел 1948 жылы 2 сәуірде Павлодар облысында дүниеге келген. Бүкілодақтық кинематография институтын бітірген ол еңбек жолын «Қазақфильм» киностудиясында бастайды. 1973-1974 жылдары Қазақ КСР Мемлекеттік кино комитетінің бөлім меңгерушісі болып еңбек етеді. 1974-1990 жылдары «Қазақфильм» киностудиясы директорының орынбасары, бірінші орынбасары, директоры, Қазақ КСР Мемлекеттік кинематография жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары болған.

Режиссер өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басын шығармашылық жұмысқа арнаған. Сламбек Тәуекелдің атақты «Батыр Баян» фильмінің өмірге келуі де осы шаққа тұспа-тұс келеді. Батыр Баянның өмірі жайлы көпшілік ақын Мағжан Жұмабайұлының жырлары арқылы таныс. Ақынның өлеңін туындыға өзек етіп, тарихи фактілерді терең ақтарған режиссердің фильмін көрермен қауым жылы қабылдады.

Бұдан кейінгі кезеңдерде әр жылдары «Қазақкинофест» акционерлік қоғамының тең төрағасы, ҚР Мемлекеттік мәдениет және өнерді қолдау қорының атқарушы директоры, «Қазақстан теледидары және радиосы» РК» жабық АҚ-ның бас продюссері, басқарма төрағасының бірінші орынбасары, 2004-2005 жылдары - Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды. Ел ішіндегі өзекті мәселелерге үн қосып жүрген режиссердің деректі фильм саласында да қоржыны бос емес. «Армысың, Наурыз!», «Біздің киіз үй», «Террордың қанқұйлы іздері», «Асанәлі», «Сәтбаев» және басқа да деректі фильмдері көпшілікпен мойындалған. «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.  

Фото: brod.kz

Соңғы жаңалықтар