Белгілі жыршы-термеші Қаламқас Орашеваның туғанына - 60 жыл

Небір дәулескер күйшілер, дүлдүл жыраулар мен бұлбұл әншілер өткен Орал облысы Ақжайық өңірінде дүниеге келген Қаламқас бала кезінен батырлар жырын жатқа айтатын.
Сегізінші сыныпқа дейін өзінің туған ауылы Алғабаста, одан кейін Орал қаласындағы мектеп-интернатта оқып жүрген Қаламқас қолы босай қалса домбыраға қосылып небір әндерді шалқыта шырқайтын.
Жас қыздың «шіркін, Мұхит бабамдай кең даланы жаңғыртып ән салсам, Ғарифолла ағадай сахна шебері болсам» деген ойы арманға ұласқан.
1972 жылы мектеп бітіріп, Қаламқас Оралдан үйіне келеді. Ата-анасына: «Мен Ғарифолла Құрманғалиевтың сыныбына оқуға түскім келеді, ақ баталарыңызды берсеңіздер, Алматыға барамын», - деп өтініш айтқан. Отбасының маңызды мәселелерін өзі шешетін әкесі Қожахмет сол жолы «алдыңнан жарылғасын!» деп қызына ақ батасын берген...
Алматыдан демалысқа келгенде Қаламқастың әнін тыңдаймыз деп көрші-қолаң үйге жиналатын. Ондайда жас әнші домбырасын қолына алып, құлақ күйін келтіретін де термелерін төге түсетін. Көпшілік Қаламқастың әнін ұйып тыңдайтын.
Алматыдағы бұрынғы Красин мен Киров көшесінің қиылысында орналасқан эстрада-цирк студиясы әркез түрлі әуенге толы еді. Бір сыныпта дауысты жөндеп жатса, бірінде ән айтылып, домбыра тартылып, астыңғы қабатта эстрада жанрында гитара, ұрмалы аспаптардың үні естілсе, сальто жасаған цирк бөлімінің қыз-жігіттерінің тірлігі бөлек-тін.
Өнер саласында телқоңырдай бірге жүрген Жүсекең мен Ғарекеңнің сыныбында шәкірттер ән орындау шеберлігін шыңдайтын. Өнерге шөлдеп келген «жүзден жүйрік» дарынды жастар ортаға шығып кезекпен ән салатын. Ғарекең Қаламқас салған кезде көзін жұмып тыңдап отыратын да «жарайсың қызым» деп өнерін ерекше бағалайтын.
Әнші қыз студия бітіргенде Ғарекеңнен Мұхит әндерімен қоса ондаған халық әндерін үйреніп шықты. Жасынан қисса-дастандарды оқитын алғыр қыз «Қазақконцерт» бірлестігінде қызмет ете жүріп өз репертуарын толықтырады. Қазақ радиосының «Алтын қор» бөлімінің жетекшісі Алтын Иманбаеваның айтуынша, осындағы үнтаспада жыршы-термешінің өткен өмір жолдары жайлы естелік әңгімелері бар. Солардың бірінде ол: Махамбет поэзиясынан өжеттік пен ерлікті үйрендім. Бұхар жырларынан парасаттылықты ұқтым. Республикада жыраулық мектеп болмаса да үлкен ізденістің арқасында көне жыраулардың ән-жырларын үйрендім. Халықтың кейбір ұмыт бола бастаған әуендерін ел арасынан айтушылар кездессе үйренуге тырыстым....»,деген ойын білдіреді.
Қаламқас өмірлік жары Жақсылық Сәрсенғалиев екеуі көп жыл бойы «Қазақконцерт» бірлестігінде, кейінірек Қазақтың мемлекеттік Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрінде, Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филармонияда әншілік етті.
Осындай киелі өнерді еліміздің түкпір-түкпіріне тарата жүріп көршілес қырғыз, түркімен, өзбек және қарақалпақ жерлерінде де насихаттады.
Түркия, Италия, Франция, Вьетнам және Үндістанда концерт бергенде қос әнші ұлттық өнер арқылы қазақ халқын әлемге танытты.
Қаламқас Қарақалпақ жырауы Наурызбектің терме-толғауларын қазақ тыңдармандарына алғаш насихаттаушы. Ол, әсіресе, Нұрпейіс Байғаниннің «Нарқыз» поэмасын орындағанда қарапайым ауыл адамдары Қаламқастың өзін Нарқыз деп те атап кеткен. Осындай ұзақ толғауларды жаттағанда Қаламқастың өзіндік тәсілі, ал ән-термелерді бір-екі қараса жаттап алатын зеректігі болатын.
Өзінің аз ғұмырында Қаламқас Ғарекең мен Наурызбекті ұстаз тұтты. Қазақ радиосының алтын қорында өміршең жыр-термелерін қалдырды.
Айта кетер жайт, Батыс Қазақстан облыстық тарихи-тану музейінде биылғы жылдың 28 наурызында белгілі жыршы-термеші Қаламқас Орашеваның туғанына 60 жыл толуына орай «Нарқыз» атты көрменің ашылу салтанаты болды. Мұндағы мақсат - жыршы-термеші Қаламқас Орашеваның жәдігерлерін музей экспонатына айналдыру десек, кейінгі толқын термешілерлерге өнер иелерінің жүріп өткен сара жолы мен шығармашылығы жайлы ғылыми-танымдық конференция өткізу еді.
Қаламқас жыршылық өнер арқылы кейінгі буынға ана тілін, дәстүр мен тарихты қастерлеуді үйретті, өз шығармашылығы арқылы тәлім-тәрбиені үлгі етті. Оның шығармашылығының тәлім алар тұстары баршылық. «Ер есімі ел есінде» демекші, Қаламқас орындаған философиялық туындылар заман ағымына қарай құндылығын жоғалтпайтын сапалылығымен ерекше.
Халқымыздың рухани әлеміне өзіндік екпінмен, өзіне тән орындаушылық шеберлікпен қазақ өнеріне өз ізін қалдырған жанның бар-жоғы отыз бес жаста жарық дүниемен қоштасуы қазақ халқына оңай тиген жоқ. Жаңа ғана қанатын жайып, өнер айдынында еркін жүзген дарын осылайша мезгілсіз көз жұмды.
«Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» демекші, жыр-термелерімен тәнті еткен, халқының ардақтысы атанған Қаламқас Орашева жайлы айтылар ой әлі де жалғаса бермек.
Биылғы жыл - Қаламқас сынды дарынды еске алып, республика бойынша жыршы-термешілердің байқауын ұйымдастыратын жыл. Олай болса, республика және облыс әкімшіліктері осы іске атсалысады деген үміттеміз, дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ радиосының «Алтын қор» бөлімінің жетекшісі Алтын Иманбаева.