Белгісіз біреулер әдейі жол апатын жасап, көліктен 350 мың долларды алып кеткен
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәскеудің шығысында белгісіз біреулер жол- көлік апатын жасап, жәбірленушінің көлігінен 350 мың доллар ұрлап кеткен.
Бұл жайлы Ресей астанасындағы ІІМ бас басқармасының баспасөз қызметі мәлім етті.
«Күміс түсті автокөлікке мінген белгісіз біреулер шағымданушының машинасын әдейі қағып, оның ішінде отырған жәбірленушіні белгісіз затпен бірнеше рет соққыға алған. Осыдан кейін қаскүнемдер көлік иесінің ұялы телефоны мен 350 мың доллар көлеміндегі ақшасын жымқырып, іздерін суытқан», - деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Басынан жарақат алған жәбірленуші ауруханаға жеткізілді. Құқық қорғау органдары тексеру жұмыстарын жүргізуде, қылмыстық іс қозғалды.