Белгісіз біреулер Қостанай сәбилер үйіне нәрестесін тастап кеткен
«Нәресте табылды. Бет әлпеті азиялыққа ұқсайды. Жасы шамамен 1 жас 3 айдан 1 жас 5 айға дейінгі аралықта, - делінген полицейлер таратқан ақпаратта. - Шашы ашық түсті, көзі қоңыр. Сәби көк колготки (шұлықдамбал), қызыл жолақтары бар көк күртеде болған. Бала туралы қандай да бір ақпарат алсаңыздар 52-68-61, 52-68-50, 8-778-652-14-87 немесе «102» телефондарына хабарласуларыңызды сұраймыз»
Сәбилер үйінің бас дәрігері Қарлыға Мұсалинова нәрестені белгісіз біреулер түннің бір уақында әкеліп, қоршаудың маңында тастап кеткенін айтты. Жылап жатқан бала туралы Сәбилер үйінің қызметкерлеріне жақын жердегі үйлердің тұрғындарының бірі хабарлаған. Қызметкерлердің айтуынша, баланың күтімі жақсы. Нәрестені тастап кеткен күні маса шағып тастаған көрінеді. Табылған балдырғанға Дамир деген есім мен Баймағамбетов фамилиясын берді (Сәбилер үйі Баймағамбетов көшесінде орналасқан).