Бельгия мигранттар үшін отбасыларды біріктіру ережелерін қатаңдатты

АСТАНА. KAZINFORM — Бельгия парламентінің мүшелері отбасыларды біріктіруді шектейтін үкіметтік заң жобасын қабылдады. Бұл схема елде заңды түрде тұратын шетел азаматтарына бір немесе бірнеше отбасы мүшелерін әкелуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Euronews. 

Бельгия мигранттар үшін отбасыларды біріктіру ережелерін қатаңдатты
Фото: pixabay.com

Жаңа ережеге сәйкес, босқындарға өтініш беру үшін небәрі алты ай уақыт беріледі. Қосымша қорғау алушылар, яғни босқын мәртебесі жоқ адамдарға екі жыл күтуге тура келеді. 

Жаңа заң да қомақты қаржы ресурстарын қажет етеді. Өтінім беру үшін талап етілетін қажетті ең төменгі кіріс ұлғайтылды: бұрын 2100 еуромен салыстырғанда қазір шамамен 2300 еуро табу керек. Бұл сома әрбір қосымша отбасы мүшесі үшін 10%-ға артады.

— Егер біреу серігі мен екі баласын әкелгісі келсе, ол айына 2700 еуро таза табыс табуы тиіс. Бұл өте қомақты сома, тіпті Бельгиядағы орташа жұмысшы осынша көп жалақы алмайды деп айтар едім, — деп түсіндірді Брюссельдегі Vluchtelingenwerk Vlaanderen үкіметтік емес ұйымының саясат жөніндегі директоры Томас Виллекенс.  

Бельгияның баспана және көші-қон істері жөніндегі министрі Аннелин Ван Боссуют бұл шараларды қорғайды. Жоба авторының пікірінше, «адамдардың ағылуын азайту керек. Біздің қоғам енді бұл ауыртпалықты көтере алмайды». 

Атап өтілгендей, үкімет отбасыларды біріктіру арқылы келетін мигранттар санын азайтқысы келеді. Шетелдіктердің істері жөніндегі басқарманың мәліметінше, өткен жылы ЕО-ға кірмейтін 20 724 азамат осы схема бойынша Бельгияға виза алған.

Бельгия билігі сондай-ақ азаматтық құқық беруге өтініш беру төлемін арттыру шешімім қабылдады. Ол 150-ден 1000 еуроға дейін көтеріледі.

Бұған дейін АҚШ-қа заңсыз барған мигранттар кепілдікпен босатылу мүмкіндігін пайдалана алмайтынын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар