Бельгия жағалауынан 30-ға жуық мигрант отырған қайық табылды

АСТАНА. KAZINFORM — Бельгияның Батыс Фландрия провинциясындағы Ньивпорт қаласының жағалауынан бортында 30-ға жуық мигранты бар шағын қайық табылды. Ол теңізде басқару мүмкіндігінен айырылып, қалқып жүрген, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі жергілікті VRT телеарнасына сілтеме жасап.

Бельгия жағалауынан 30-ға жуық мигранты бар қайық табылды
Фото: VRT

Полицияның мәліметінше, жексенбі күні таңғы сағат 05:30 шамасында Солтүстік теңізде Бельгия жағалауына жақын жерде апатқа ұшыраған қайық туралы 112 қызметіне хабар түскен. VRT дерегіне қарағанда, қоңырауды қайықтағы адамдардың өздері шалған.

Теңіздегі көріністің нашарлығына байланысты іздеу жұмыстары қиындаған. NH90 тікұшағы қайықты таңғы сағат 08:00–ге дейін Ньивпорт жағалауынан үш шақырымнан астам қашықтықтан тапты. Бортта тек ер адамдар болған. Федералдық полиция өкілі Анн Бергердің айтуынша, қайық әлі де су бетінде қалқып жүр, алайда басқару мүмкіндігінен айырылған болуы ықтимал.

Мигранттар қайықтан түсуден бас тартқан. Құтқару және полиция қызметтерінің үш кемесі оқиға орнында қалып, жағдайды бақылап отыр. Жексенбі күнгі түске дейін қайық Ньивпорт маңында болған және оны жағалаудан көруге мүмкіндік болған.

Бұл оқиға Бельгия жағалауынан шағын қайықтармен Ла-Манш бұғазын кесіп өту әрекеттері көбейген тұста болды. Осыдан бір апта бұрын Нидерландтың Брескенс қаласы маңында 38 адам мінген қайық судан шығарылған. Кейін оның Нидерланд аумағынан шыққаны анықталған.

Еске салайық, бұған дейін Джибути жағалауында мигранттар мінген қайық аударылып, 139 адам қаза тапқанын хабарлаған едік.