Бельгияда 27 жыл бойы жалған атпен жасырынып жүрген қылмыскер елге жеткізілді

полиция
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Адам ұрлап, өлтірді деген күдікке ілінген қазақстандық жалған атпен Бельгияда 27 жыл бойы жасырынып келген.

Алматының криминалдық полициясының мәліметінше, 63 жастағы қазақстандық 1997 жылы маусымда Ресейдің Новосибирск қаласында отандасымызды ұрлап, өлтіру ісіне қатысқан, кезінде оны босату үшін туыстарынан 100 мың доллар өтемақы талап еткен.

Ол бұл ауыр қылмысты алдын ала сөз байласу арқылы жасағаны белгілі болды.

«Тергеу барысында қылмысқа қатысушылар ұсталып, оларға түрлі жазалар тағайындалды. Сот органдарынан қашып кеткен қылмыскерлердің біріне қатысты сырттай қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы, сондай-ақ мемлекетаралық және халықаралық іздеу жарияланды. Іздеудегі азамат жалған деректермен Бельгияда жасырынып жүргені белгілі болды. Алматы қалалық прокуратурасының үйлестіруімен және Интерполдың көмегімен күдікті ұсталып, Алматы қаласына жеткізілді», - деді, Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Қуатбек Науатов.

Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Соңғы жаңалықтар