Бельгияда антитеррорлық операция: жеті адам қамауға алынды

АСТАНА. KAZINFORM—Бельгияда бірнеше үйді тінту кезінде лаңкестік әрекетке қатысы бар деген күдікпен жеті адам қамауға алынды.

қамауға алу
Фото: pexels.com

Бельгия баспасөзі Антверпен федералды сот полициясының лаңкестік істерге маманданған тергеу судьясының өтініші бойынша тоғыз қалада 14 тінту жүргізгенін жазды.

Операцияның мақсаты – лаңкестік топтың қызметіне қатысты, терроризмді қаржыландырған және лаңкестік әрекетті дайындағандарды ұстау болды.

Үйлерді тінту Антверпен, Серенс, Сент-Хосе-тен-Нуде, Менин, Бург-Леопольд, Льеж, Кортрийк, Гент және Зонховен қалаларында жүргізілді. Барлығы жеті адам қамауға алынып, тергеуге алынды.

Бельгиядағы лаңкестік қауіп-қатердің жалпы деңгейі 1-ден 4-ке дейінгі шкала бойынша 3-ке қойылды, яғни 2023 жылғы 16 қазанда Брюссельде болған терактіден кейін қауіп «мүмкін және ықтимал» дегенді білдіреді.

RTBF полицияның әрекет ету уақыты, ең болмағанда, ертең басталатын Париж Олимпиадасына байланысты екенін және қауіпсіздік қызметі тәуекелге барғысы келмейтінін хабарлады.

Франкофондық БАҚ сонымен қатар тұтқындаулар ықтимал исламистік қауіппен байланысты екенін және осындай тұтқындаулар Еуропаның басқа жерлерінде бір уақытта жасалғанын атап өтті.

Соңғы жаңалықтар