Бельгияда бойкотқа ұшыраған Израиль дирижері Берлиндегі фестиваль шақырту алды
АСТАНА. KAZINFORM — Берлиндегі музыка фестивалі Бельгияда концерті тоқтатылған израильдік дирижерді шақырды, деп жазды DW.

36 жастағы израильдік пианист Лахав Шани 15 қыркүйекте Берлиндегі фестивальде өнер көрсетеді.
Оны Берлин филармония қоры мен Berliner Festspiele концерттерін ұйымдастырушы ұйым Konzerthaus Berlin-мен бірлесіп шақырған.
Бұл — «өнер мен ғылым саласындағы антисемитизмге, кемсітушілікке және бойкотқа қарсы тұруға бағытталған ынтымақтастық пен бірлік белгісі», деп хабарлайды rbb медиакомпаниясы.
Лахав Шани Мюнхен филармониялық оркестрі және скрипкашы Лиза Батиашвилимен бірге Бетховен мен Вагнердің шығармаларын орындайды.
Бұған дейін Бельгияның Гент қаласында өтетін Flanders Festival музыкалық фестивалінің ұйымдастырушылары Мюнхен филармониялық оркестрінің концертін тоқтатқан болатын. Олар мұны Шанидің оркестрдің болашақ бас дирижері екендігімен түсіндірді.
Фестиваль ұйымдастырушылары Шани «бейбітшілік пен татуласуды қолдайтынын бірнеше рет мәлімдегеніне» қарамастан, «оның Израиль филармониялық оркестрінің бас дирижері ретіндегі рөліне байланысты Тель-Авивтегі геноцидтік режимге көзқарасын нақты білдіре алмайтынын» айтты.
Flanders Festival шешімін бірқатар мәдениет қайраткері, соның ішінде неміс пианисі Игорь Левит антисемитизм деп айыптады.
Германияның мәдениет мәселелері жөніндегі мемлекеттік министрі Вольфрам Ваймер де фестиваль ұйымдастырушыларын сынға алып, бұл әрекетті «Еуропа үшін ұят қылық» деп атады.
Осыдан бұрын Бельгияда Мюнхен филармониясының концерті израильдік дирижердің қатысуына байланысты тоқтатылғанын жазған едік.