Бельгияда полицейлердің қуғын-сүргінінен кейін 11 жастағы баланың қаза табуы резонанс тудырды

АСТАНА. KAZINFORM — Бельгияда 11 жастағы баланың полицейлердің қуғын-сүргінінен кейін қаза табуы қоғамда кең резонанс тудырды. Оқиға Брюссельдің Гансхорен коммунасында болды: полицейлер тоқтатуға әрекет жасаған кезде электросамокатпен жүрген бала қашпақ болып, құлап жарақат алып, артынша ауруханада көз жұмды.

самокат
Фото: Видеодан алынған скрин

Қайғылы оқиға 2 маусымда Брюссельдегі «Элизабет» саябағында орын алған. Фабиан есімді бала – Шығыс Еуропадан шыққан отбасының мүшесі – полицейлердің талабына бағынбай қашқан. Қуғын кезінде полицей көлігі оны қағып кеткен. Куәгерлердің айтуынша, көлік шамамен 40 км/сағ жылдамдықпен жүрген және оның сиренасы мен жарық сигналы қосылмаған. Бұл – автокөлікпен жүруге тыйым салынған саябақ аумағы болатын.

Фабианның өлімінен кейін жергілікті тұрғындар саябақта гүл шоқтарын қойып, шырақ жағып, үнсіздік минутын жариялап, еске алу және наразылық шарасын өткізді.

Бельгия билігі полицейлер тарапынан шамадан тыс күш қолдану дерегі бойынша тергеу бастады. Көлік жүргізген полицей қамауға алынды. Сонымен қатар билік баланың мінген самокаты Еуроодақтың техникалық талаптарына сай ма, жоқ па – соны да тексеріп жатыр. Бұл самокатты сатып алған дүкенге рейд жүргізілген.

Бұған жауап ретінде осы аптада бірнеше жүздеген полицей Брюссель соты ғимаратының алдында ұсталған әріптесіне қолдау білдіріп, наразылыққа шықты. Акцияға Брюссель-Батыс бөлімшесімен қатар, Антверпеннен және басқа да жергілікті полиция бөлімдерінен қызметкерлер қатысты.

Бельгияның жергілікті баспасөзі соңғы жылдары елде полиция мен самокат мінген жасөспірімдер арасындағы бейресми текетірестің ушығып келе жатқанын жазады. Кейбір жағдайларда мұндай самокаттарды есірткі тасымалдаумен айналысатын топтар пайдаланады.

Жыл басында Брюссельдің бір ауданында бірнеше атыс оқиғасы тіркелген.

Соңғы жаңалықтар