Бельгияда Tomorrowland электронды музыка фестивалінің басты сахнасы жанып кетті

АСТАНА. KAZINFORM — Фестивальге бір күн қалғанда Tomorrowland сахнасы отқа оранды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

фестиваль, диджей, электронная музыка
Фото: pixabay

Бельгияда өрт салдарынан Tomorrowland электронды музыка фестивалінің басты сахнасы небәрі бір жарым сағаттың ішінде толығымен жойылды.

Tomorrowland — Бельгияның Бом қаласында өтетін әлемге әйгілі электронды музыка фестивалі. Алғаш рет 2005 жылы ұйымдастырылып, содан бері әлемдегі ең ірі және танымал музыкалық шаралардың біріне айналды. Фестиваль әдетте 3 күнге созылады. Биылғы жылы фестиваль 18 шілдеде басталуы тиіс болатын.

Сәрсенбі күні шамамен кешкі сағат 18:00–де басталған өрт әлі де жалғасып жатыр деп хабарлайды жергілікті БАҚ. Өрттің нақты себебі әзірге белгісіз.

Фестиваль ұйымдастырушыларының мәлімдеуінше, ешкім зардап шекпеген, ал фестиваль жоспар бойынша өтеді.

— Біз позитивті көңіл-күйдеміз, күш жинап, тамаша фестиваль ұйымдастырамыз. Бірақ, өкінішке қарай, басты сахна болмайды. Фестивальдің кемпингі ертең әдеттегідей ашылады, — дейді ұйымдастырушылар.

«Het Laatste Nieuws» газетінің жазуынша, басты сахнада орнатылған пиротехникалық құрылғылардың бірі дұрыс істемей қалуы мүмкін. Фестивальдің соңғы бөлігінде көбіне фейерверкпен әрленген шоу ұйымдастырылады.

Келесі жұмада нидерландтық диджей Мартин Гаррикс басты сахнада өнер көрсетуі керек еді, ал сенбі күні кешке музыкант Ники Ромероның шығуы жоспарланған болатын. Ұйымдастырушылар енді олардың қай жерде өнер көрсететінін қайта қарастыруға көшті.

Айта кетейік, осы айдың басында Францияның Марсель қаласы маңындағы орманда ыстық ауа райының салдарынан ауқымды өрт болып, 110 адам зардап шеккен болатын

Сонымен қоса сенбіге қараған түні Бельгияның Батыс Фландрия провинциясындағы Вестрозобеке қаласында орналасқан Horafrost мұздатылған көкөністер шығаратын кәсіпорында ірі өрт болды.

Соңғы жаңалықтар