Бельгиядағы қазақтар сол жақта жерленген қазақстандық майдангерлерді еске алды
АСТАНА.KAZINFORM - Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Қазақстанның Бельгиядағы елшілігінің қызметкерлері Генк қаласында жерленген кеңес жауынгерлерінің бейітіне гүл шоқтарын қойды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Генк қаласындағы зират аумағына жерленген (Бельгия астанасынан 100 шақырым) кеңес жауынгерлерінің арасында қазақстандық екі жауынгер - Нұрадин Бисенов пен Тоғайбай Уәлиев бар. Екі жерлесіміз де 1944 жылдың көктемінде Бельгия жерінде қаза тапты.
Гүл қою рәсіміне қазақстандық дипломаттардан бөлек, Бельгияда тұратын қазақ диаспорасының өкілдері мен отандық журналистер қатысты.
2015 жылы бейіт басына марқұм қазақстандықтардың бірінің туысы келген. Одан кейін Амангелді Бисенов көптен бері іздеуде жүрген туысы туралы қазақстандық телеарналардан біліп, бейіт басына тағзым етуге барды. Өзімен бірге бір уыс туған жердің топырағын ала барды.
Салтанатты шараға қатысқан қазақстандықтардың айтуынша, мұндай шаралардың тарихи жадыны сақтау және өскелең ұрпақты патриоттыққа тәрбиелеуде маңызы зор. Ұлы Жеңіс жолында жанқиярлықпен өткен кеңестік және қазақстандық жауынгерлердің естелігін сақтау қажеттігі туралы айтылды.