Бельгиядағы ірі өрт: 3 мың тұрғын эвакуацияланды

АСТАНА. KAZINFORM – Сенбіге қараған түні Бельгияның Батыс Фландрия провинциясындағы Вестрозобеке қаласында орналасқан Horafrost мұздатылған көкөністер шығаратын кәсіпорында ірі өрт болды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

Бельгиядағы ірі өрт: 3000 тұрғын эвакуацияланды
Фото: vrt.be

Өрт қоймалардың бірінен басталып, қысқа уақыт ішінде басқа ғимараттарға да тараған. Жалын мен қою түтін бірнеше шақырым жерден байқалған. Түтін Франция шекарасына дейін жеткен.

Муниципалитет сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, түтін өткір уытты емес, бірақ ұзақ уақыт әсер еткен жағдайда қауіпті болуы мүмкін. Өрт кезінде асбест бөлшектерінің ауаға таралуы анықталмаған.

Түтіннің бірнеше сағат бойы таралатыны ескеріліп, жергілікті ауыл тұрғындарына шұғыл эвакуация жарияланды. Бұл шара шамамен 3000 адамды қамтыды.

Айта кетейік, бұл — Батыс Фландриядағы соңғы уақыттағы екінші ірі өндірістік өрт. Бұған дейін бірнеше апта бұрын Recyworks зауытында өрт шыққан болатын. Ол да Хорафрост кәсіпорнына жақын маңда орналасқан.

Сонымен қатар, 9 шілде күні Францияның Марсель қаласының маңында болған күшті өрт салдарынан 110 адам зардап шекті. 

Айта кетелік Бельгияда полицейлердің қуғын-сүргінінен кейін 11 жастағы баланың қаза табуы резонанс тудырған еді

Соңғы жаңалықтар