Қазақ киносының «Қожасы» дүниеден өтті
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі актер, сценарист, кинодраматург, «Менің атым Қожа» фильміндегі басты рөлді сомдаған Нұрлан Сегізбаев өмірден озды.
Мәдениет және ақпарат министрлігі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Сегізбаевтың өмірден озуына байланысты отбасы мен жақын туыстарына, туған халқына қайғыра көңіл айтты.
— Нұрлан Санжарұлы — қазақ мәдениеті мен өнерінің дамуына елеулі үлес қосқан тұлға. Ол өз ғұмырын шығармашылыққа, ұлттық руханиятқа арнап, кейінгі ұрпаққа өнеге болатын мол мұра қалдырды. Өнерсүйер жұртшылыққа әлі күнге құндылығын жоймай келе жатқан Абдолла Қарсақбаевтың «Менің атым Қожа» фильміндегі басты рөлімен танымал өнер иесі қазақ кино өнеріндегі дара тұлға болды. Оның экранда жасаған көркем бейнелері отандық өнер тарихында айрықша орын алады. Нұрлан Санжарұлының жарқын бейнесі, шығармашылық мұрасы мен ғибратты ғұмыр жолы халқымыздың жадында мәңгі сақталады деп сенеміз. Марқұмның жаны жәннатта, иманы саламат, топырағы торқа болғай, — делінген ведомство хабарламасында.
Бұдан бұрын кино және театр актері, режиссер, педагог, профессор, Қазақ КСР және КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімов 88 жасында өмірден өткенін жазғанбыз.