Белгісіз нысандар Астана аспанында ұшып өтті
АСТАНА. KAZINFORM - Астана тұрғындары аспандағы «тылсым» жарықтарды видеоға түсіріп алды.

Тұрғындар түсірілген бейнежазбаларды әлеуметтік желілерде жариялады.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі тиісті қызметтермен бірлесіп талдау жүргізіліп, түсініктеме берілетінін айтты.
— Астана аспанында байқалған құбылыс туралы ақпаратты тексеріп жатырмыз. Тиісті қызметтермен бірлесіп талдау жүргізіледі. Ресми түсініктеме беріледі, — делінген Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі хабарламасында.
Қорғаныс министрлігі болса азаматтардан сабыр сақтауды және расталмаған ақпарат таратпауды өтінді.
— Қазақстан Республикасы аумағында әуе кеңістігінің бұзылу фактілері тіркелген жоқ. Жағдай тиісті қызметтердің толық бақылауында. Халыққа ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.
Аталған құбылыс атмосфераға еніп жатқан ғарыштық аппараттардың қалдықтарына немесе метеор ағынына ұқсайды. Мұндай нысандар, әдетте, атмосфераның тығыз қабаттарында жанып кетіп, жерге жетпейді.
Азаматтардан сабыр сақтауды және расталмаған ақпарат таратпауды сұраймыз. Құзырлы органдар бұл құбылысты зерттеп жатыр және қажет болған жағдайда ресми түсініктеме береді, — делінген Қорғаныс министрлігі хабарламасында.