Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында өзімізді жайлы сезінеміз — ақтөбелік қариялар

Ақтөбе қаласы бойынша алты мекенжайда белсенді өмір сүру орталығы жұмыс істеп тұр. Мемлекеттен қаржыландырылатын орталық зейнетке шыққан ақтөбеліктердің спорт, өнермен шұғылданып, уақытты тиімді өткізуіне мүмкіндік береді. Kazinform тілшісі біріне барып, әжелермен сөйлесіп келді.

қариялар
Фото: Белсенді өмір сүру орталығының әкімшісі

Ақтөбе облысында 16 белсенді өмір сүру орталығы бар 

Ақтөбе қаласының бірнеше тұрғын алабында белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылған. Қала әкімінің баспасөз хатшысы Айгүл Байменованың айтуынша, жергілікті бюжеттен 150 млн теңге бөлінген.

Әр орталық айына шамамен 200-250 адамды қабылдап отыр. Ал облыс бойынша мұндай орталық саны — 16. Қалада алтауы болса, Қобда, Алға, Хромтау, Ойыл, Мәртөк, Әйтеке би, Шалқар, Қарғалы, Темір аудандарының әрқайсысында бір-екі жерде қариялар жиналады.

— Жыл басынан бері Ақтөбе қаласының 6 орталығында 807, Алғаға 277, Шалқарда 280, Ойылда 102, Қарғалыда 70 адам, Хромтауда 93, Қобдада 70, Темірде 70, Мәртөкте 30, Әйтеке биде 66 адам, яғни, барлығы 1 865 адам қабылданды. Орталықтың негізгі мақсаты — белсенді қарттардың өмір сүру жасын, мүмкіндігін ұлғайту, салауатты өмір салтын ұстану бағдарламаларын ұсыну. IT бағыты бойынша компьютерлік сауаттылықты арттыру, қызығушылығына байланысты шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ сияқты спорттық ойындармен айналысатын мүмкіндіктеріді қарастыру, — деді Ақтөбе облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Асланбек Сүйіншалиев. 

Бұл үлкендерге арналған үйірме деп айтуға болады — әкімші 

Ақтөбе қаласы Маресьев көшесіндегі белсенді ұзақ өмір сүру орталығы дүйсенбі-жұма аралығында сағат 9:00–ден 17:00-ге дейін жұмыс істейді. Зейнеткерлер би, вокал, қолөнер, ағылшын тілі үйірмелеріне қатысып, психологтердің тренингтерінде әңгімелеседі. Сонымен бірге гимнастикамен айналысып, скандинавиялық жүрісте шынығады. IT сауат арттыру үшін телефондағы қосымшалармен жұмыс істеуді үйретеді. Сонымен бірге жазда табиғат аясына шығып, тарихи орындарды аралайды. Мұның бәрі тегін қызмет. Ал мереке күндері жиналып, өз өнерін ортаға салады. 

— Келушілердің жас айырмашылығы әртүрлі. Ең үлкені - 85 жаста, кішісі 60-тан асқан. Мұнда ешкім өзін зейнеткермін деп сезінбейді. Апаларымыз өте белсенді. Келу, жазылудың еш қиындығы жоқ. Төлқұжат пен зейнеткерлік куәлікті көрсетсе, тіркей береміз. Қала бойынша алты орталық жұмыс істеп тұр. Орталыққа қазан айында 50-ден астам адам тіркелген екен. Мұнда жасы үлкен адамдар келетін болған соң құрамы өзгеріп отырады. Кейбірі ота жасатуға кетсе, кейбірі ауырып қалады, жеке жұмыстарымен кетеді, — деді Белсенді өмір сүру орталығының әкімшісі Гүлдана Шарапова.

Орталық
Фото: Белсенді өмір сүру орталығының әкімшісі

Оның айтуынша, келушілер алғашында «өлең айта алмаймын, билемеймін» деп көбінен бас тартады. Уақыт өте келе өз замандастарының арасында ашылып, жаңа қырынан танылады.

— Психологиялық тренингте бәріне көмек беріледі. Әлі қол моторикасын дамытуға, сөйтіп есте сақтау қабілетін арттыруға мүмкіндік бар. Қызығып, үйреніп кетеді. Қолөнермен қатар арт терапия да бар. Онда үлкен кісілер сурет салады. Қолөнерде жіптен аяқ киім, моншақтан сөмке тоқыды. Қазір ыстық желімді және жылтыр ұнтақты пайдаланып, гүл де жасайды. Бір адам қанша уақыт жүргісі келсе, сонша жүреді. Шектеу, талап жоқ. Кейбірі бір-екі сабаққа қатысып, кетіп қалады. Кейбірі күнұзаққа жүреді. Әр күнге арналған кесте бар. Бұл үлкендердің үйірмесі деп те айтуға болады. Көбіне мұғалімдер келеді орталыққа. Дәрігерлер, қаржыгерлер де бар. 60-70 пайызы мұғалімдер бізде, — деді Гүлдана Шарапова. 

Зейнетке шыққан соң өз-өзімді таба аламай қиналдым — Нұрсұлу Кленова

Ұзақ жылдар бойы тынымсыз жұмыс істеп, баласын өсіріп, ел қатарына қосқан әжелерді осы жерден кезіктіруге болады. Олар қазір жас күнінде уақыт таппаған бар істермен шұғылданады. Билейді, қосылып ән шырқайды. Қолына ине мен жіп алып, керемет дүниелер жасайды. Сонымен бірге денсаулығын қайта қалпына келтіріп жүр.

— Осы орталыққа үш жылдан бері келіп жүрмін. Биыл мекенжайы өзгеріп, жаңа ортада басымыз қайта қосылды. Белсенді өмір сүру орталығы жанға жайлы мекенімізге айналды. Мұнда түрлі іс-шарамыз өтеді. Біз сияқты үлкен кісілерге бұл орталық ұнайды. Мен мәз болып келемін. Біз тойға, түрлі басқосуға барғанда емес, осында келгенде өзімді жақсы сезінеміз. Мұнда бәріміз қатармыз, бір-бірімізді түсінеміз. Билейміз, ән айтамыз. Сонымен бірге ағылшын тілін үйренеміз, психологиялық тренинг те сәтті ұйымдастырылады. Орталық әкімшісі де біздің көңілімізге қарайды. Нағыз досты да тапқандай боламыз. Бір көпқабатты үйде тұрып, талай жыл бір-бірімізді көрмей, орталықта танысқан жайымыз да бар, — дейді ақтөбелік Нұрсұлу Кленова.

қариялар
Фото: Белсенді өмір сүру орталығының әкімшісі

Оның айтуынша, зейнетке шыққан соң қайда барып, не істерін білмей қиналды. Бір білері, үйде отырмай, денсаулығын күту керек. Оған жаяу жүру көп көмек боларын сезді. 

— Зейнетке шыққанда маған қиын болды. Отырып қалмай, жүргім келді. Шаруа шығып қалса, автобусқа отырамыз. Ал мында йога, скандинаваялық жүріс бар. Өте жақсы. Бұрын автовозкалда кассир болып, кейін саудаға шықтым. Зейнетке шыққан соң өз-өзімді таба алмай қиналдым. Қонаққа шақырады, барып, отырып қайтамыз. Тіпті алғашқы күндері қаладағы аллея, саябақтарды кезіп жүрдім. Қолыма сөмке ұстап аламын. Жұрт «не істеп жүр» деп айтпас үшін, осылай жасаушы едім. Қазір жақсы. Жыл басында орталық жұмыс істемеді. Ол кезде бұрынғы топ тағы замандастарыммен саябақтарға барып, дәмханада бас қосамыз. Қуанымыз, бір-бірімізді көргенде. Тойға барсақ аузымызды ашып, әңгіме айта алмаймыз. Музыка, би, айқай-шу болса, мұнда бәрі керемет. Сондықтан басшыларға да алғыс айтамын. Осы орталыққа келгелі қан қысымым қалыпқа келді. Адам көп жүрсе, дене жаттығуын жасаса, өте пайдалы екен, — деді ол.

Бізге мұғалімдер «ханымдар» деп айтады — Даража Сарсенова

Ал 65 жастағы Даража Сарсенова бұрын есепші болған. Орталыққа келіп жүргеніне үш жыл толды. Ол да дене жаттығуларын жасап, йога үйірмесіне қатысқанды, скандинавиялық жүрісті ұнатады. Ал мейірбикелер болса, қан қысымын өлшеп, бағыт-бағдар беріп отырады. 

— Жасымызда айырмашылық болғанымен, татумыз. Бір үйдің адамындай жүреміз. Ешкім бір-біріне апа деп айтпайды. Ханымдар деп айтады мұғалімдер. Бәрінің отбасы, бала-шағасы, немерелері бар. Біздің балаларымыз өсті. Енді жас кезімізде үлгере алмаған жұмысты қазір қолға алдық. Шахмат, дойбы ойнап, турнирге қатысамыз. Триатлон паркке де барып, жүреміз. Сенбі, жексенбі күні болса, өз еркімізбен шығып, саябақта жүреміз. Біздер бұрын балаларымызды балабақшаға апаратын едік. Қазір бұл жерді үлкендерге арналған балабақша деуге болады. Жақсы қарсы алады, шайымызды да береді. Өзіміздің ортақ чатымыз бар. «Сұлулар», «Армандастар», «Активный» деп аталады. Қай жерде жүрсек те ниет бір, — деді Даража Сарсенова.

қариялар
Фото: Белсенді өмір сүру орталығының әкімшісі

Орталық келушілері қатарға енді қосылғандарды жатырқамай, құшақ жая қарсы алады. Тіпті көрген-білгенін үйретеді.

Орталықта ер адамдар аз

Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында көбіне әжелер жүреді. Мұнда ер адамдар өте аз. Бұрын Ақтөбедегі ұшқыштар даярлайтын жоғары оқу орнында қызмет еткен Оразғали Шармағамбетовтің айтуынша, бұл оның күнде таңертеңнен кешке дейін уақытты тиімді өткізетін орны. Замандастарымен бірге скандинавиялық жүріс, дене жаттығуына қатысып, би, ән, ағылшын тілін үйренеді. Ал Татьяна Ермошкина болса 76 жасқа толады. Орталық ашылған сәттен бастап келіп, уақытты тиімді өткізіп жүр. Баласы мен немерелері бар, хабарласып тұрады. Ал өзі осы орталықты жайлы мекеніне айнылдырған. Ән айтып, би билегенді ұнатады. Райда Жақасова да үш жылдан бері осында. Замандастарына бет күтімі туралы айтып, үйретуден жалыққан емес. Сурет те салады. Бұрынғы хоббилерін қайта жаңғыртты. Қариялар сөйтіп бұл мекенді жанға жайлы орынға айналдырған. 

Соңғы жаңалықтар