Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары зейнеткерлер арасындағы жалғыздықты 55%-ға азайтқан - зерттеу

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары қалай жұмыс істеп жатыр? Бұл сұраққа Орталық директоры Сәуле Бекетаева жауап берді.

Сәуле Бекетаева
Фото: Алматы қаласы ӨКҚ

Оның айтуынша, Алматыда 2018 жылы еліміз бойынша алғашқы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылған. Қазіргі таңда қалада 21 орталық жұмыс істейді. Оның 17-сі мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында қоғамдық ұйымдардың базасында қызмет көрсетіп жүр.

- Жобаның негізгі мақсаты – аға буын өкілдерінің белсенді, салауатты және сапалы өмір сүруіне жағдай жасау, олардың әлеуметтік белсенділігін сақтап, қала өміріне белсенді араласуын қамтамасыз ету, – деді Сәуле Бекетаева.

Ол бүгінде Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының қызметін 18 мыңнан астам зейнеткер пайдаланып отырғанын атап өтті. Орталықтар ашылғалы бері 222 мыңнан астам түрлі қызмет көрсетілген. Олардың қатарында білім беру, мәдени және сауықтыру бағдарламаларына қолжетімділік қамтамасыз етілген.

- Жүргізілген зерттеулер нәтижесінде жоба қатысушылары арасындағы күйзеліс деңгейі 50 пайызға, ал жалғыздық сезімі 55 пайызға төмендеген. Сондай-ақ келушілердің 70 пайыздан астамы денсаулық жағдайының, эмоционалдық көңіл күйінің және әлеуметтік белсенділігінің жақсарғанын атап өтті, - деді ол.

Айтуынша, орталыққа келушілер арасында емдік денешынықтыру, йога, гимнастика, би, хор әні, сурет салу, қолөнер үйірмелері, сондай-ақ компьютерлік және цифрлық сауаттылық курстары ерекше сұранысқа ие. Одан бөлек Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының би ұжымдары бірнеше рет Гран-при иегері атанып, халықаралық байқаулардың лауреаттары болған.

- Маңызды жетістіктердің бірі – Алматы тәжірибесінің халықаралық деңгейде мойындалуы. 2025 жылы қалалық Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы 17 елдің сарапшыларын біріктірген форум өткізді, - деп атап өтті Сәуле Бекетаева.

Еске салайық, бұған дейін Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарында зейнеткерлерге қандай қызметтер тегін көрсетілетінін жазғанбыз.