Белсіздіктің белең алуы неден?

АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы кезде елімізде ерлер арасындағы белсіздіктің белең алып бара жатқаны дабыл қақтырарлық мәселеге айналып барады. Отбасын құрған әрбір бесінші жұп осы сырқатпен бетпе-бет келеді екен. Осыған орай «Ана тілі» газетінде жарияланған Б.Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығы Бас директорының емхана қызметі жөніндегі орынбасары, медицина ғылымдарының кандидаты Марат Батырбековпен жүргізілген сұхбаттан бірер ақпарат беруді жөн көрдік.
None
None

Маманның айтуынша, белсіздік дертінің көбеюіне ең басты себеп - экология. Қазір - ғылыми-техникалық үдерістердің дамып жатқан кезі ғой. Ал одан бөлініп жатқан химиялық заттарды ауамен бірге жұтамыз. Екінші себеп - тамақ сапасының төмендеуі, өйткені күнделікті тағамдарымыз химиялық заттарға толы. Осының салдарынан адам ағзасындағы гендер өзгеріске ұшырайды. Үшіншіден, жыныстық қарым-қатынас төңірегіндегі сауатсыздық себеп болады. Ерте жыныстық қатынас, кездейсоқ адаммен жыныстық қатынастар да аталмыш дерттің көбеюіне әкеп соқтырады. Солардың себебінен болатын қабыну үдерістері әйелде де, еркекте де кездесіп жатыр. Осының салдарынан екеуінде де ұрық азайып, сапасы төмендейді. Қазақстанда бедеулік әйелдер тарапынан 50 пайыз болса, еркектер жағынан да - 50 пайыз, демек, осынау жағымсыз дерт екі жаққа да бірдей тараған. Жастардың салауатты өмір салтын ұстанбай, арақ, сыра, темекіге әуестенуінің салдары да - белсіздік пен бедеулікке бастар бірден-бір жол. Онымен қоса адам жүйкесінің зақымдануы да, дәрі-дәрмекті шектен тыс пайдалану да ағзаға кері әсер етеді. Мәселен, дағдарыс кезінде жұмыстан қысқарып қалу секілді фактілердің көбейгендігі де ер-азаматтардың көңіл күйіне ғана емес, денсаулығына да аса зиян келтіруде. Әйел адам қанша дегенмен жұмыстан босап қалса, үйдің күнделікті тіршілігімен айналысып жүре береді. Ал ер адамдарға бұл қатты тиюде. Жүйкесіне салмақ түскен жігіттердің гармондары төмендеп кетеді. Физиологиялық жағдайда 45-55 жастан кейін еркектердің гармондары азая бастайды. Ал күйзеліс жағдайында бұл үдеріс тым жылдамдап кетеді. Гармондар азайғаннан кейін ағзадағы басқа мүшелердің қызметі де бұзыла бастайды. Өкініштісі, қазір бұл дертпен ауыратындар күн өткен сайын көбейіп барады.

Соңғы жаңалықтар