БЕЛТА және ҚазАқпарат агенттіктері «Созвучие» порталының серіктестері бола алады - Беларусь Ақпарат министрі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы Ұлттық музейде ТМД-ға қатысушы елдердің шығармашылық және ғылыми зиялы қауым өкілдерінің Х форумы жұмысын бастады. Осы орайда осы жиынға спикер ретінде келген Беларусь Ақпарат министрі Лилия Ананич «ҚазАқпарат» агенттігіне сұхбат беріп, екі елдің арасында бұл саладағы ынтымақтастығы туралы әңгімеледі.
None
None

Оның сөзіне қарағанда, ТМД-ға қатысушы елдердің шығармашылық және ғылыми зиялы қауым өкілдерінің форумы жақсы жобалардың тұтас тізбегін қалыптастырды. Бұл тұрғыда талқыға салынып отырған тақырыптар мұражай, театр істері және білім саласындағы ынтымақтастықпен ғана шектеліп отырған жоқ. Ең басты тақырыптардың бірі ақпараттық ынтымақтастыққа арналып отыр. «Биыл оныншы рет өткен Беларусь халықаралық медиа-форумы жобамыз бүгінде ТМД елдерімен қатар алыс шетелден мамандарды тартуға қауқарлы болып отыр. Бізге бір форумнан кейін келесі форумда ғана кездесу аздық етеді. Осы орайда бізде ақпараттық алаңдар көбірек болған жөн»,- деп ойымен бөлісті министр. Л.Ананичтің айтуынша, Беларусь тарапынан Х форумға келген делегация «Созвучие» интернет-порталын қолдауға және оны деректермен толтыруда ТМД елдерінің күш-жігерін біріктіру ұсынысымен келіп отыр. Осы елде құрылған бұл портал ТМД елдеріндегі әдебиетті өзара біріктіруге негіздеген виртуалды алаң болып табылады. «Бұл интернет-порталда Қазақстанның және басқа да елдердің әдебиеті, ұлы құндылықтары туралы ақпаратты таба аласыздар. Яғни, осы алаң нақты жұмыстарымен көзге көрініп отыр. Біз «Созвучие» порталы ТМД елдерін біріктіретін интернет-порталы болуы бағытында жұмыс істеудеміз», - деп тоқталды ол. Осы орайда Лилия Анич ғаламтор кеңістігі қосымша қомақты қаржылық шығындарды қажет етпейтіндігін айта келе, қызығушылық танытқан тараптар болған жағдайда ынтымақтастық үшін жақсы ақпараттық тұғырнаманы құруға болатындығын жеткізді. «Созвучие» алаңы гуманитарлық ақпараттық кеңістікті дамытуға бағытталған. Себебі, біздің елдердің (ТМД елдерінде) аумағында өтіп жатқан әр түрлі жобалар мен үдерістер ақпараттық ресурста топталуы тиіс деп пайымдаймыз. Осы орайда біздің ұлттық бұқаралық ақпараттық құралдары, бұл тұрғыда БЕЛТА және ҚазАқпарат агенттіктері осы алаңда серіктес бола алар еді. Бұндай бірлестіруші жобамен Қазақстандағы форумға келіп отырмыз және ТМД елдері арасында қолдау табамыз деп ойлаймын», - деп қосты министр. Мұнымен қоса, ол Қазақстан мен Беларусьтің екіжақты ынтымақтастығына тоқтала келе, екі елдің үкіметтері арасында баспа және ақпарат саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою даярланғанын атап өтті. «Бүгінде нақты серіктестік байланыстар мен жобалардың қажеттігін жақсы түсінеміз. Егер Беларусь пен Қазақстанның ұлттық ақпараттық кеңістігі туралы айтатын болсақ, біз әрқашан үндестікте, достастықта жұмыс істеп, біздің ұлттық әлеуеттерді нығайтуға қызмет еттік. Яғни, бұл тұрғыда біздің жалпы әлеуетімізді бекемдеуге үлес қосып отырғанымызды атап өткен жөн»,- деп түйді Беларусь Ақпарат министрі.

Соңғы жаңалықтар