Бензиннің әр партиясы QR-код арқылы қадағаланбақ

АСТАНА. KAZINFORM – Жанармайдың әр партиясы QR-код арқылы қадағаланбақ. Бұл туралы Құрылтай депутаттарының сауалына Премьер-министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.

бензин
Фото: Pexels

Үкімет басшысының атап өтуінше, қазіргі уақытта елімізде мұнай өнімдерін өндіру мен олардың айналымын есепке алу жүйесі жұмыс істейді. Жүйе мұнай өнімдері айналымының негізгі кезеңдеріндегі қозғалысты бақылауға мүмкіндік береді. Есепке алу Энергетика министрлігі «Қазақстан Республикасының Отын-энергетика кешенінің ахуалдық талдама орталығы» АҚ-ның бірыңғай ақпараттық базасы арқылы жүргізіледі. Онда мұнай өнімдерін өндіру, жөнелту, өткізу көлемдері және олардың қалдықтары туралы мәліметтер жинақталады.

- Мұнан бөлек, мұнай өнімдерін бақылау аспаптарын енгізу жұмысы аясында Қаржы министрлігінің «Ақпараттық-есепке алу орталығы» АҚ деректерді ықпалдастыру және тиісті ақпараттық жүйелерді дамытуды қолға алған. Бұл мұнай өнімдерінің қозғалысын автоматтандырылған түрде есепке алуға және нарыққа қатысушылардың әртүрлі айналым кезеңдеріндегі деректерін өзара салыстыруға қосымша мүмкіндік береді. Отынның әрбір жекелеген партиясын өндірушіден немесе импорттаушыдан бастап нақты жанармай құю станциясына дейінгі қозғалысын қадағалауды қамтамасыз ету, оның ішінде отынның шығу тегі мен зертханалық бақылау нәтижелері туралы мәліметтерге QR-код беру бойынша техникалық және нормативтік мәселелер қосымша пысықталып жатыр, - деді Олжас Бектенов.

Премьер-министрдің айтуына қарағанда, ол үшін мұнай базаларында отын партияларын сақтау, араластыру және ауыстырып тиеу кезінде сәйкестендіру тәртібін, көрсетілуге тиіс мәліметтердің тізбесі мен олардың көздерін, зертханалық бақылау нәтижелерін тіркеу тәртібін, нарыққа қатысушылардың деректердің дұрыстығына жауапкершілігін, сондай-ақ тиісті ақпаратты қолданыстағы ақпараттық жүйелермен интеграциялау тетіктерін айқындау қажет.

- Аталған мәселелерді уәкілетті мемлекеттік органдар ұсынылып отырған шешімдерді техникалық тұрғыдан іске асыру мүмкіндігін және нарыққа қатысушыларға түсетін артық әкімшілік әрі қаржылық жүктемені болдырмау қажеттілігін ескере отырып пысықтайтын болады, - деді Үкімет басшысы.

Бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов сапасыз бензин салдарынан көлік бұзылғанда шығынды кім өтейтінін айтқан еді.