Берденов ісі: Руслан мен Ернардың бірінші кездесуінде жеке басқа қатысты әңгіме айтылған жоқ

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қатысты қылмыстық іс бойынша өтіп жатқан сот тыңдалымында куәгер ретінде қалалық сәулет және құрылыс бөлімінің бұрынғы инспекторы Асанбай Ахментаев жауап берді.

Берденов ісі: Русланмен Ернардың бірінші кездесуінде жеке басқа қатысты әңгіме айтылған жоқ
Коллаж: Kazinform

Сотта оған: «Екі тарап екі рет кездескен, соның біреуіне сіз қатысқан екенсіз. Сол кездесуде моральдық қысым немесе кемсітушілік болды ма?» деген сұрақ қойылды.

— Мен шындықты айтуға ант бердім. Жеке басқа тиісе сөйлеу, кемсіту, әйелі, бала-шағасы туралы әңгіме мүлде болған жоқ. Ол жерде тек киім үлгісі туралы ескерту айтылды. Қаланың әкімінің орынбасары — саяси лауазым иесі, сондықтан қабылдауына кіргенде белгілі бір киім формасы сақталуы керектігін ескертті. Одан кейін «презентация осы ма, бұлайша екеуміз жұмыс істей алмаймыз» деді. Артық сөз болған жоқ, — деді куәгер.

Ахментаевтың айтуынша, екінші кездесуге ол қатыспаған, ол кезде Ернар Жиембай 5–10 минутқа ғана кіріп шыққан.

Сондай-ақ куәгер Руслан Берденовтың Қытай мен Пәкістанға іссапарға баруы жоспарланғанын айтты. Алайда ол: «Іссапар шығынын алмай-ақ қояйын, әйтпесе билеттің ақшасына халықтың қаржысына ұшып жүр деген ой қалыптасып қалуы мүмкін» деген ұсынысын білдірген.

Айта кетейік, бұдан бұрын Руслан Берденовке жасалған қастандық туралы іс сотқа жолданғанын жазған болатынбыз.

21 сәуірде Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасалғаны мәлім болған. Ол жарақат алып, ауруханаға түсті.

Руслан Берденов ақпан айының соңында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалған.

Соңғы жаңалықтар