Березов ауылы тұрғындары түгелдей көшірілді - БҚО

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бөрлі ауылында Березов және Бестау ауылдары тұрғындарын көшіру толықтай аяқталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
None
None

Бұл үшін Аралтал ауылында 100 тұрғын үй және Ақсай қаласында екі 153 пәтерлік тоғыз қабатты үй салынды. Елбасы тапсырмасына сәйкес облыс әкімі Алтай Көлгінов аталмыш ауылдар тұрғындарымен бірнеше рет кездесіп, көшіру барысын ұдайы назарда ұстап отырды.

Үйлерді салған кезде березовтықтар мен бестаулықтардың талап-тілегі ескерілді. Аралталдағы үйлердің тең жартысы 3 бөлмелі (95 шаршы метр), қалғаны 4 бөлмелі (105 шаршы метр). Газдандырылған үйлерге таза және техникалық су жеткізілген, кіреберіс жолдарға асфальт төселген. Аулада бау-бақша дақылдарын егіп, жеміс ағаштарын отырғызуға, қора-қопсы салуға болады. Тұрғындарға қолайлы болуы үшін жаңа автобус бағыты ашылды. Бұл үйлердің бәрі «ҚПО б.в.» компаниясының қаржысына тұрғызылды. Аралталда сондай-ақ 300 орындық мектеп бой көтерді, ол қаңтар айында өз есігін айқара ашатын болады.

Ақсайда салынған көп қабатты екі үйдің әрқайсысында 36 бір  және сонша төрт бөлмелі, 54 екі, 27 үш бөлмелі пәтерлер бар. Құрылыс кезінде пәтер алаңы бір адамға 15 шаршы метрден кем болмауы ескерілді. Үйлерде Ақсайда бірінші рет автономды қазандықтар орнатылған. Балалар ойын алаңы қарастырылған. Бұл мақсатта Еуропада кеңінен таралған жұмсақ резеңке жабын қолданылмақшы. Ақсайда оған қоса ауыл тұрғындарының балалары үшін 320 орындық балабақша пайдалануға берілді.

Березов және Бестау ауылдарының тұрғындарына жаңа үйлерден бөлек 1 миллионнан 15 миллионға дейін материалдық өтемақы төленді.

Еске сала кетейік, Қарашығанақ кеніші санитарлық қорғау аймағының кеңейтілуіне байланысты аталмыш ауыл тұрғындарын көшіру бұдан екі жыл бұрын басталып, 82 отбасы Ақсайға қоныстанған болатын. Көшірудің екінші кезеңі биылғы тамызда басталды.

Соңғы жаңалықтар