Березов ауылындағы оқиғаға қатысты тексеру нәтижелері 20 қаңтарға қарай белгілі болады - Бердібек Сапарбаев

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары кезінде Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев Бөрлі ауданында болып, Березов ауылы тұрғындарымен кездесті.
None
None

Онда ауыл тұрғындары Березовты көшіру жөнінде тағы да мәселе көтерді. Осыған орай вице-премьер көп айқай-шуға бой алдырмай, мәселені байыппен шешу қажеттігін атап көрсетті. Оның айтуынша, қазіргі кезде ҚР Энергетика министрінің бірінші орынбасары Ұзақбай Қарабалин жетекшілік ететін республикалық комиссия жұмыс жасауда. Барлық сараптама қорытындылары мен тексеру нәтижелері алдағы жылғы 20 қаңтарға қарай белгілі болады. Содан кейін ғана нақты шешім қабылданады.

Күні бүгін балалар «Ақжайық» шипажайында демалуда, осындай сауықтыру жұмысын жалғастыру керек. Сондай-ақ Б.Сапарбаев Березовта тұратын ересек адамдарды да түгелдей медициналық тексеруден өткізуді тапсырды.

Еске сала кетейік, 28 қараша күні Березов ауылынан жаппай уланған 25 бала мен төрт ересек адам Бөрлі аудандық ауруханасына жеткізіліп, тиісті ем алған болатын.

Үкімет басшысының орынбасары сонымен қатар Қарашығанақ мұнайгазконденсаты кенішінде болып, «ҚПО б.в.» компаниясы басшыларымен кездесті. Мұнда ол бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі, жалақыны уақтылы төлеу, өндірістік жарақаттарға, еңбек дауларына жол бермеу мәселелеріне назар аударды.

Бердібек Сапарбаевтың сапары бұдан кейін Орал қаласында жалғасты.

Соңғы жаңалықтар