Берік Айтжанов 60 жастағы қарияның рөлін сомдады: «Күзгі самал» көрерменге жол тартты

АСТАНА. KAZINFORM – Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген «Күзгі самал» көркем фильмінің тұсаукесері өтті. 

в
Фото: Ұлттық кино орталығы

Қырғыз драматургі Талиб Ибраимовтың «Қарт пен періште» повесі желісімен таспаланған туынды адам жанының арпалысын, кеш келген махаббат пен жауапкершілік жүгін арқау етеді.

Фильм режиссері Әділ Мерекенің айтуынша, туындының жарыққа шығуына марқұм жазушы Талиб Ибраимовтың шығармасы негіз болған. Жобаның бас продюсері Тасболат Меркенов бұл хикаяны осыдан жеті жыл бұрын оқып, экрандауды армандаған.

– Продюсер маған бұл жобаны осыдан бес жыл бұрын ұсынған еді, бірақ ол кезде сәті түспеді. Тек араға уақыт салып, Мәдениет министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау орталығының көмегімен бұл картина жүзеге асты. Мен үшін бұл – карьерамдағы үлкен қадам, сондай-ақ зор жауапкершілік пен қобалжу. Біз жасаған өнім көрерменге жетіп, өз бағасын алғанын қалаймын. Кез келген сынға ашықпыз, – деді режиссер Әділ Мереке.

а
Фото: Ұлттық кино орталығы

Басты рөлді сомдаған Берік Айтжанов сценарийдің түпнұсқадан сәл өзгешеленгенін, бірақ соның арқасында оқиғаның толыға түскенін атап өтті.

– Менің кейіпкерім – 60-тан асқан зейнеткер. Актер ретінде бұл мен үшін жаңа белес болды. Фильм Ыстықкөлде түсірілді. Мамырдың соңы болса да, су өте суық еді. Әріптесім Камила екеумізге суға түсу оңай соқпады, жиі үзіліс жасап, жылынуға тура келді, бұл тек техникалық қиындықтар ғана. Фильмнің негізгі түйіні – адам қартайса да, сезім қартаймайтындығында, алайда сол сезімнің артында үлкен жауапкершілік бар екенін ұмытпау керек, – деді Берік Айтжанов.

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма төрағасының орынбасары Әділет Омаров бұл туындының толықтай мемлекет есебінен қаржыландырылғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, жоба барлық кезеңнен, соның ішінде Ютубта тікелей эфирде өткен қорғаудан (питчинг) ашық өткен.

в
Фото: Ұлттық кино орталығы

– Біз жыл сайын конкурс ұйымдастырамыз, онда сценарийлерді арнайы сараптама кеңесі іріктейді. «Күзгі самал» – әлеуметтік маңызы бар, идеологиялық тұрғыдан маңызды жоба ретінде танылды. Сондай-ақ мемлекет қолдауымен шығатын барлық фильм сияқты бұл туынды да көзі нашар көретін жандарға арналған тифлокомментарийлермен (көру қабілеті бұзылған немесе мүлдем көрмейтін жандарға арналған қосымша дыбыстық жол) жабдықталған, – деп атап өтті Әділет Омаров.

Орталық басшысы Құрманбек Жұмағалидың мәліметінше, соңғы үш жылда мемлекет 57 жобаға қолдау көрсеткен, оның басым бөлігі (43 жоба) – жастардың жұмысы. Биыл жыл соңына дейін көрермен назарына тағы 24 жаңа фильм ұсынылмақ.

Айта кетейік, киносүйер қауымға елімізде осы аптада шығатын кино жаңалықтарды жариялаған болатынбыз.