Берлинде Халықаралық Наурыз күнін атап өтті

АСТАНА: 26 наурыз. ҚазАқпарат - 24 наурызда Берлиннің Мемлекеттік этнологиялық мұражайында Қазақстан, Әзірбайжан, Ауғанстан, Иран, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан, Түркменстан, Түркия және Өзбекстан елшіліктері бірге ұйымдастырған Наурыз мейрамының мерекелеу салтанаты өтті.
None
None

Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлады.

Көктемгі мерекеге 1000-ға жуық қонақтар қатысты, олардың ішінде Федералдық үкімет пен Бундестаг өкілдері, қоғамдық-саяси және іскерлік құрылымдар қызметкерлері, дипломатиялық корпус мүшелері, сондай-ақ сараптамалық және журналистік топтар болды.

Наурыз мейрамын мерекелеу ерекшеліктері туралы жарқын әңгімелеумен қатар, салтанат аясында қонақтарға халқымыздың қайталанбас өнерпаздығы мен бай мәдени мұрасын сіңірген бірегей ұлттық киімдер мен әшекейлер, тұрмыс заттары мен бұйымдар, өнегелі салт-дәстүр паш етілді.

Шығыс қонақжайлылық дәстүрлері өрісінде аспаздық сауық ұйымдастырылып, оның барысында мереке меймандары әйгілі халық тағамдары сырларын зерделеуге мүмкіндік алып, шебер әзірленген ұлттық тағамның дәмін лайықты деңгейде бағалай алды.

Салтанатты шара шеңберінде дәстүрлі мерекелі концерт өткізіліп, оның аясында он елдің орындаушылары мен фольклорлық-этнографиялық ансамбльдері талғампаз көрермендерге өздерінің өнерлерін ұсынды. Қазақстан Гумбольдт атындағы Берлин университетінің қазақ тілі лекторатының неміс тыңдармандары жанынан құрылған жастар шығармашылық тобымен жоғары дәрежеде паш етілді.

Сондай-ақ, қонақтарға Қазақстанның 2050 жылға дейін даму Стратегиясына, Астанада ЕХРО-2017 Халықаралық көрмесінің өткізілуіне, еліміздің Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктеріне арналған материалдар топтамасы табыс етілді.

Шара 21 наурызды Халықаралық Наурыз күні деп атаған 2010 жылы БҰҰ Бас Ассамбеясы қабылдаған қарардың іске асырылуына қосылған нақты қадам болды. Аталмыш қарарда БҰҰ мүше-мемлекеттерді халықтар арасындағы рухани келісім, достастық пен бейбітшілікті нығайту мақсатында, осы ежелгі мереке туралы ілімдер таратуға күш салуға шақырған болатын.

Соңғы жаңалықтар