10:08, 03 Ақпан 2009 | GMT +5
Берлинде Қазақстан-герман экономикалық форумы өтеді
АСТАНА. Ақпанның 3-і. ҚазАқпарат - Бүгін Берлинде екі мемлекет басшыларының қатысуымен Қазақстанның Германиядағы жылының салтанатты ашылуына арналған іс-шара өтеді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Бұдан бұрын хабарлағандай, 2008 жылы қыркүйектің 2-сі мен 4-і аралығында Германияның Федеральды Президенті Хорст Келердің Қазақстан Республикасына жасаған мемлекеттік сапарының аясында екі ел басшыларының арасында 2009 жылы Қазақстанның Германиядағы жылын және 2010 жылы Германияның Қазақстандағы жылын өткізу туралы келісім жасалған болатын. Қазіргі уақытта қазақстандық тарап Қазақстанның Германиядағы жылын өткізу жөніндегі іс-шаралардың жоспарын және ұйымдастыру комитетінің құрамын бекітіп отыр. Ұйымдастыру комитетінің төрағасы - Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтанов, ол сондай-ақ экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық Қазақстан-герман жұмыс тобының тең төрағасы. Қазақстанның Германиядағы жылының ашылуы аясында ақпанның 3-інде Берлинде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен қазақстан-герман экономикалық форумы өтеді. Форум аясында тараптардың бизнес-топтары арасында бірқатар коммерциялық келісімдерге қол қою жоспарлануда.