Берлинде қоғамдық көлік қызметкерлері ереуілге шықты

АСТАНА.KAZINFORM  - Берлинде «Ver.di» кәсіподақ ұйымының бір күндік ескерту ереуілі басталып, метро пойыздарының, трамвайлардың және көптеген автобустардың қозғалысы тоқтатылды, деп хабарлайды DW.

Берлинде қоғамдық көлік қызметкерлері ереуілге шықты
Фото: wikipedia.org

Ереуілдің себебі - Ver.di мен Berliner Verkehrsbetriebe (BVG) арасындағы жалақыны көтеруге қатысты дау. Кәсіподақ 16 мың қызметкер үшін ай сайынғы жалақыны 750 еуроға көтеруді талап етіп отыр. Келіссөздердің бірінші раундында компания нақты ұсыныстар жария етпегендіктен, Ver.di BVG компаниясын айыптады.

Berliner Verkehrsbetriebe жалақыны көтеруді принципті түрде орынды деп санайды. Бірақ кәсіподақтың нақты талаптарын қаржылық тұрғыдан шындыққа жанаспайды деп қабылдамады.

Ереуіл салдарынан қоғамдық көліктердің жүруіне айтарлықтай шектеу қойылды. Дүйсенбі, 27 қаңтарда dpa ақпараттық агенттігінің хабарлауынша, метро пойыздарының, трамвайлардың және көптеген автобустардың қозғалысы уақытша тоқтатылды.

Ver.di компаниясының келіссөз жүргізушісінің айтуынша, қызметкерлер сағат 03:00-де жұмысын тоқтатқан.

Ереуілдің жолаушыларға әсерін барынша азайту үшін Мальсдорф пен Лихтенберг аудандары арасындағы S5 пойыздары 09:00-ден 14:00-ге дейін жиі жүретін болады, деп хабарлады Deutsche Bahn.

Бұған дейін Страсбургте француз фермерлері Еуроодақ пен МЕРКОСУР елдері арасындағы сауда келісімінің жасалуына наразылық білдіріп, Еуропарламент ғимаратының алдында ереуіл ұйымдастырған болатын.

Соңғы жаңалықтар