Берлинде Зеленский мен АҚШ делегациясының келіссөзі өтіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Германия канцлері Фридрих Мерц Украина президенті Владимир Зеленский мен құрамында Джаред Кушнер мен арнайы өкіл Стивен Уиткофф бар АҚШ делегациясын Берлинде қабылдады, деп хабарлайды DW.
dpa агенттігінің хабарлауынша, 14 желтоқсан, жексенбі күні Мерц федералдық канцлердің кеңсесінде украиналық көшбасшыны қарсы алып, кейін Вашингтон өкілдері келгеннен кейін кездесу өтті.
Осыдан кейін Зеленский мен АҚШ делегациясы арасындағы келіссөздер басталды, деп хабарлайды Reuters агенттігі үкіметтік деректерге сілтеме жасап. Канцлер келіссөзге қатыспағанымен, сыртқы саясат жөніндегі кеңесшісі Гюнтер Зауттер (Günter Sautter) келіссөздер бөлмесінде болды. Канцлер үш келіссөз жүргізушіні және Украина Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Рустем Умеровті жеке қарсы алды.
Бұған дейін Зеленский Берлинде украин, американ және еуропалық өкілдердің қатысуымен бірқатар кездесу өткізетінін хабарлаған.
— Ең бастысы, мен президент Трамптың өкілдерімен кездесемін, сондай-ақ еуропалық әріптестерімізбен және көптеген көшбасшылармен бейбіт шешім — соғысты тоқтату саяси шешімі бойынша кездесулер болады, — деп жазды ол әлеуметтік желіде.
Айта кетейік, АҚШ президентінің арнайы өкілі Стивен Уиткофф осы демалыс күндері Берлинде Украина, Германия, Франция және Ұлыбритания лидерлерімен кездесетінін жазғанбыз.