Берлиндегі Бранденбург қақпасының алдында қазақ әні әуеледі
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Сырбойылық өнерпаздар қазақ халқының бай мәдениеті мен ұлттық өнерін халықаралық деңгейде таныту мақсатында Германияда жүр.
Шығармашылық сапар барысында олар ел астанасы Берлин қаласындағы әйгілі Бранденбург қақпасының алдында қазақ мәдениетінің бай мұрасын насихаттады.
- Ұлттық киім киген әртістер патриоттық әндерді әуелете шырқап, шетелдік туристер мен қала тұрғындарына қазақ халқының бай мәдени мұрасы мен рухани құндылықтарын паш етті. Әсем ән мен ұлттық нақыштағы өнер көрсетілімі шетелдік көрермендердің назарын аударып, оларға қазақ өнерінің ерекшелігін сезінуге мүмкіндік берді, - деп хабарлады облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы.
Бұл – ұлттық өнерімізді халықаралық деңгейде дәріптеп, Қазақстанның мәдени келбетін танытуға бағытталған маңызды қадам. Ән арқылы елдің рухын жеткізген шығармашылық ұжым қазақ мәдениетінің өрісін кеңейтіп, өнердің ұлт пен ұлтты жақындастыратын ортақ тіл екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Бұған дейін Қазақстанның Франциядағы елшілігі және Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен Париждегі атақты дипломатиялық залдардың бірі — Cercle de l’Union Interalliée ғимаратында Қызылорда облыстық филармониясының концерті өтті.