Бес айда елімізде бір терактың алды алынып, экстремизм үшін 26 адам сотталған
АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаевтың басшылығымен терроризмге қарсы орталықтың кезекті отырысы өтті.
Жиында шетелдік радикалдардың ену қаупін жою, экстремизм мен терроризмнің алдын алу, сондай-ақ осал объектілерді терроризмге қарсы қорғау мәселелері қаралды.
Экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл саласында қойылған міндеттерді іске асыру барысы туралы мәдениет және ақпарат, туризм және спорт, ағарту министрліктерінің және бірқатар өңірлердің басшылары тыңдалды.
Отырыста елдегі маңызды қоғамдық-саяси іс-шаралардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шеңберінде мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын күшейту шаралары талқыланды.
Жылдың басынан бері Қазақстанда 1 террорлық шабуылдың алдын алып, 26 адам террористік және экстремистік қызметі үшін сотталған.
Экстремизм мен терроризмге қатысы бар 151 шетелдік азаматтың елге кіруіне жол берілмеді.
Республикаға тыйым салынған діни әдебиеттерді әкелгені үшін 19 шетелдік жауапқа тартылды.
Сондай-ақ 356 терроризмге қарсы оқу іс-шарасы өткізілді.
ІІМ және ҰҚК күшімен террористік тұрғыдан осал объектілерді, оның ішінде адам көп жиналатын орындар 3 мыңнан астам мәрте тексерілді.
Отырыс қорытындысы бойынша экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылдың жалпымемлекеттік жүйесін одан әрі жетілдіруге бағытталған нақты шешімдер қабылданды.