Бес күн бойы ауа температурасы +8 градустан көтерілмесе Алматыға жылу беріледі
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда жылыту маусымы орташа ауа температурасы 5 тәулік бойы + 8 градус және одан төмен болған кезде басталады. Бұл туралы «Алматы жылу желілері» ЖШС бас инженері Данияр Қазымбетов мәлім етті , деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жылуды қосу үшін қаладағы орташа тәуліктік ауа температурасы бес күн бойы + 8 градус немесе одан төмен болуы керек. Жылыту маусымы әкімдіктің шешімімен басталады. Қазір қаламызда күн жылы, әлі +8 градус жоқ», - деді спикер.
Оның айтуынша, тұрғындар пәтер иелерінің кооперативі немесе мүлік иелерінің бірлестіктері бірлесіп, жылыту кезеңінде үйдің үйішілік желілерін дайындауы керек.
Бұған дейін ол биыл мегаполисте 9 шақырым жылу желісі ауыстырылғанын айтқан еді.
Жетінші қазан күні Алматы қаласының әкімдігі шаһар жылыту маусымына толық дайын екенін мәлімдеген болатын.