Бес күн бұрын жоғалған атыраулық БҚО-дан табылды

Атырау облысының Исатай ауданында тұратын 47 жастағы ер адам бес күн бұрын хабар-ошарсыз кеткен. Ол Батыс Қазақстан облысының Жаңақала елді мекенінен табылды, деп хабарлайды Kazinform. 

Бес күн бұрын жоғалған атыраулық БҚО-дан табылды
Фото: Атырау облыстық полиция департаменті

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ер адамның жоғалғаны туралы туыстарынан 28 қазанда хабар түскен.

«Сол күні жергілікті уақытпен сағат 12:10 шамасында Исатай аудандық полиция бөліміне 1976 жылғы ер адамның 3 күн бұрын мал іздеуге шығып, қайта оралмағаны хабарланды. Ер адамның Айбас елді мекенінен мал іздеуге мотоциклмен шыққаны анықталды. Туыстары оның алкогольдік ішімдік ішпейтіні, денсаулық жағдайының жақсы, ешқандай есепте тұрмағаны, бұрын хабар-ошарсыз кетпегені туралы ақпарат берді», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Исатай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жоғалған ер адамның көк түсті «Ұлар250кб» маркалы мотоциклі Айбас елді мекенінен 40 шақырымдай қашықта тұрғанын анықтаған. Ал бүгін, 30 қазанда жоғалған азамат Исатай ауданынан 270 шақырым қашықтағы Батыс Қазақстан облысының Жаңақала елді мекенінен аман-сау табылған.

«Бүгін 47 жастағы азаматты Исатай аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Данияр Бимұханов пен Исатай аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері тікұшақпен туыстарына жеткізді. Бес күннен кейін аман-есен табылған азаматтың айтуынша, ол жолдан адасқанын аңғармаған. Бір жолға түсіп, Исатай ауданынан ұзап кеткенін кейін білген», - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында жоғалып кеткен 5 жасар бала кәріз құдығынан табылғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар