Бес күнде 2 мыңнан астам көлік айып тұрағына қамалған
Бұл жайында Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова айтты. Оның сөзіне қарағанда, 20-24 ақпан аралығында өткен жедел алдын алу шарасына 8 мыңнан астам полиция қызметкері, оның ішінде 3 мыңға жуық автопатруль жұмылдырылған.
«Әкімшілік жауапкершілікке 74 мыңнан астам жол қозғалысы ережелерін бұзушылар тартылды. Оның ішінде қоғамдық көлік жүргізушілерінің 1,2 мыңнан астам рет жол қозғалысы ережелерін бұзғаны анықталды. Автожолдардың 4 мың шақырымға жуық авариялық-қауіпті учаскелері зерттеліп, қосымша 644 жол белгісі орнатылды», - деді ол орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.
Маманның айтуынша, жол апаттарының басым бөлігі Алматы және Астана қалаларында тіркелген.
«Адам өліміне әкеп соқтырған жол-көлік оқиғасы Ақтөбе және Алматы облыстарында көп тіркелді. Жедел алдын алу шарасы кезінде 2000-нан астам көлік айып тұрақтарға орналастырылды», - деді Ақтоты Боранова.