Бес күннің ішінде 2 миллионға жуық қазақстандық балалар полиомиелитке қарсы егіледі - Ж.Досқалиев

АСТАНА. Қыркүйектің 6-сы. ҚазАқпарат - 5 күннің ішінде 2 миллионға жуық қазақстандық балалар полиомиелитке қарсы егіледі. Бұл туралы бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев мәлім етті.
None
None

Бүгін елордадағы №7 қалалық емханада 6 жасқа дейінгі балаларды полиомиелитке қарсы иммундаудың ұлттық күнінің басталуына орай өткен баспасөз мәслихатында Денсаулық министрі, бүгіннен бастап қыркүйектің 10-ына дейін 6 жасқа дейінгі балаларға екпе жүргізілетіндігін жариялады.

«Олардың бір бөлігіне екпе бұған дейін жасалуы да мүмкін, дегенмен қосымша егу шаралары жақсы нәтиже береді және балалар ауырмайтын болады», деді ол өз сөзінде.

Министрдің атап өтуінше, бұл күндері 1,8 миллион баланы егу көзделіп отыр. Бүгінгі таңда иммундау шараларын 4532 егу бригадасы, оның ішінде 1229 жылжымалы бригада жүргізеді. Олар шалғай елді мекендерде және халқының саны аз ауылдарда егу жұмыстарын атқарады.

«Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасына сәйкес Үкімет қосымша қаржы тауып, таяу арада Қазақстанға полиомиелитке қарсы екпе жеткізу үшін біздің халықаралық әріптесіміз ЮНИСЕФ-ке өтініш жасады. Қазіргі уақытта Үкімет аталған вакцинаның Қазақстанға жеткізілуі үшін 57 миллион 876 мың теңге шығындады», деді Ж.Досқалиев.

«Тажікстаннан ақпарат алынысымен, Қазақстанның шекаралары күшейтілді. Бүгінгі күні Тәжікстаннан біздің елге миграция 53 мың 958 адамды құрады, оның ішінде 15 жасқа дейінгі балалардың саны - 851. Бұл балаларда полиомиелитке қарсы вакцинация туралы толыққанды ақпараттың болмауына байланысты, Қазақстан оларды егуді өз міндетіне алды», - деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, Тәжікстан балаларының 97,5 пайызы егілді.

Полиомиелит - жүйке жүйесін зақымдай отырып, сал ауруына ұшыратуы мүмкін, тіпті өлімге алып келетін вирусты инфекция.

Соңғы жаңалықтар