Бес мыңнан астам ақмолалық Наурыз мейрамын дүркіретіп атап өтті

Мереке
Фото: Ақмола облысының әкімдігі

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – Арқаның ақ таңымен ілескен ақмолалықтар облыс орталығындағы Абылай хан және Тәуелсіздік алаңдарына жиналып, Наурыз мейрамы мерекелік театрландырылған қойылыммен қарсы алды. 

Өңірдегі басты көктем мерекесі «Наурыз – көктем, жыр думан!» театрландырылған қойылымынан басталды. Бағдарлама «Көктем әуені», «Жеті әлемнің болжамы», «Ақ тілек пен ақ бата», «Көктем-ғұмыр», «Нұр себеле, Ұлыстың ұлы күні», «Жастар ойыны», «Базарың құтты болсын, ардақты елім!», «Наурызнама» атты сегіз эпизодтан құралған.

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов облыс орталығының тұрғындары мен қонақтарын Ұлыстың ұлы күн – Наурыз мерекесімен құттықтады.

мереке
Фото: Ақмола облысының әкімдігі

«Ежелгі заманнан бері біздің ата-бабаларымыз бұл күнді жылдың басы, табиғаттың оянуы, оның жаңаруы мен гүлденуі деп санаған. Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Наурыз мерекесін тойлау жаңа сипатта өтіп, жаңа серпін алды. Наурыз мейрамы «Амал-Көрісу» күнімен басталып, әр бір күні халқымызға тән ұлттық болмысты айшықтайтын тақырыптық іс-шаралармен жалғасуда. Биылғы жылы Қасиетті Рамазанның басталуы Наурыз мейрамымен тұспа-тұс келеді. Отбасыларыңызға шын жүректен бейбітшілік, жақсылық пен амандық тілеймін», - деп атап өтті облыс әкімі.

Мерекелік іс-шара барысында Көкшетау қаласының алаңдары жаңа нақышта безендіріліп, қазақ халқының әйгілі әнші-композиторы, ақын Біржан салдың 190 жылдығына арналған «Біржан сал ауылы», қазақтың халық композиторы, атақты палуан, спортшы Балуан Шолақтың 160 жылдығына арналған «Балуан Шолақ ауылы» және «Қолөнершілер ауылы» үш ауыл тігілді. Сондай-ақ белгілі ақмолалықтар - Рахымжан Қошқарбаев пен Сағадат Нұрмағамбетовтың мерейтойлық күндеріне арналған ауылдар орнатылды.

Наурыз
Фото: Ақмола облысының әкімдігі

«Абылай хан» алаңында бой тіккен 16 киіз үйлерде қазақ халқының «Беташар», «Біз шаншар», «Құда түсу», «Қыз ұзату», «Келін түсіру», «Есік ашар», «Ат тергеу», «Құрсақ шашу», «Ат қою», «Қалжа той», «Бесікке салу», «Тұсау кесер», «Сүндет той», «Айдар, кекіл, тұлым, кежім шаш кесу», «Шолпы тағу», «Байғазы беру», «Бастаңғы жасау», «Босаға майлау», «Ерулік беру», «Қазан шегелеу» тәрізді ұмыт қалған салт-дәстүрлерінен көріністер ұсынылды.

Біржан сал ауылы қала тұрғындары мен қонақтарына «Наурыз – көктем, жыр думан!» атты ауқымды театрланған қойылымын ұсынды. «Көктем әуені» атты бөлімі халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты «Асыл мұра» халықтық би ансамблінің мың бұралған биші қыздарының орындауындағы нәзік көктемгі хореографиялық композициясымен ашылды. Сахна төрінде «Көкше» мәдениет үйінің шығармашылық ұжымы қазақ халқының көнеден келе жатқан ырым сенімі, адамдарды бәле-жаладан, көз тию, сұқтан сақтауға бағытталған әр-түрлі әрекеттер арқылы оттың көмегімен жасалынатын көне дәстүрлердің бірі – «Аластау» рәсімін өткізді.

мереке
Фото: Ақмола облысының әкімдігі

Қазақ халқы ертеден Ұлыс күнді «жыл басы» санайды. Бұл күн – аспан денелері өздерінің ең бастапқы нүктелеріне келіп, күн мен түн теңелетін, жан-жануарлар төлдеп, адамдардың аузы аққа тиетін, жер үстіне шаттық орнаған күн. Қазақ елі осы күнді «Ұлыстың ұлы күні – ұлыс күн» деп атаған. 

«Жеті әлемнің болжамы» атты бөлімінде сан қырлылығымен, жаңашылдығымен қазақ театр өнерінде өзіндік орнын айшықты түрде белгілеген, жас та болса, жасампаз өнер ордаларының бірі – Астана қаласының «Жастар» театры әртістерінің орындауында «Жұлдызашар» рәсімі сахналанды.

«Ақ тілек пен Ақ бата» атты бөлімінде халықтың қорғаушысы, қайырымды, әулие Қыдыр ата даланы аралап, жиналған қауымға ақ батасын арнады. Мұсылман қауымы үйге Қыдыр ата түнеп немесе бата беріп кетеді деп түсінген. «Қыдыр қонған», «Қыдыр дарыған» деген сөздер осындайдан шыққан болар. Қыдыр ата батасынын кейін жер бетінің жандануы мен гүлденуі байқалады деген сенім бар. 

«Көктем – ғұмыр» атты бөлімінде 7 түсті киімдегі «Достар» мәдениет сарайының «Асыл мұра», «Арай» халықтық би ансамбльдері мен А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің, Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің жетекші би ұжымдарының 140 биші қыздарының орындауындағы жеті түсті би композициясы көпшілік көңілін шалқыта түсті.

мереке
Фото: Ақмола облысының әкімдігі

Негізгі көрініс сахна төрінде «Жастар» театры әртістерінің орындалуында сахналанды. «Нұр себеле, Ұлыстың Ұлы күні» атты бөлімінде облыстық «Көкшетау» мәдениет сарайының халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары «Он алты қыз», «Көкшетау» және «Шалқыма» халықтық би ансамбльдерінің қатысушылары әсем хореографиялық композициясы арқылы Наурыз мейрамына арналған би шашуын арнады. Онда көктемді сағынған ауыл жастары дала қызықтарына жиналып ән салды.

«Жастар ойыны» атты бөлімінде өнер жастарының орындауында ел аузында жүрген қазақ халқының «Молдабай», «Тойбазар», «Шыбыным», «Гүлдерайым» әндері орындалды. Біржан сал Қожағұлұлының 190 жылдығына арналған «Базарың құтты болсын, ардақты елім!» атты бөлімінде қазақ халқының әйгілі әнші-композиторы, ақын Біржан сал Қожағұлұлы кейпіндегі «Жастар» театрының әртісі сахна төрінен көпшілік қауымға атақты «Айтпай» әнін арнады.

Соңғы «Наурызнама» атты бөлімі театрландырылған қойылымның барлық қатысушыларының орындауында барша ұлт пен ұлыстарды, ойыны адамзатты теңестіретін көктемнің керемет мерекесінде Наурыз керуенімен бейнеленді. «Наурызым келдің» әнімен жастардың ойыны сахналанды. Балуан Шолақ ауылы орналасқан «Тәуелсіздік» алаңында қазақ күресі, тоғыз құмалақ, арқан тарту және басқа да көптеген ұлттық ойындар мен спорттық іс-шаралары өтті.

мереке
Фото: Ақмола облысының әкімдігі

Ал Қолөнершілер ауылында қолөнершілер жәрмеңкелері мен ҚР Суретшілер одағының мүшесі Владимир Быстрицкийдің көрмесі де көкше жұртының көңілінен шықты. Мерекелік шара Қазақстанның эстрада жұлдыздары «Жігер» тобының, сондай – ақ, Үкілі Ыбырай атындағы облыстық филармония К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі, жетекшісі және бас дирижері Жанат Рашит, «Көкшетау», «Достар» мәдениет сарайларының шығармашылық ұжымдарының мерекелік концерттік бағдарламасына ұласты.

Мерекені тамашалауға келген көкшетаулықтар мен меймандарға Наурыз көже, бауырсақ тәрізді ұлттық тағамдар ұсынылып, тегін таратылды. Ұлыстың ұлы күніне арналған шаралар қаланың 12 шағын ауданында аталып өтілді. 

Айта кетсек, бұдан бұрын ақмолалықтар биыл Наурыз мейрамын ерекше нақышта тойлайтынын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар