Бес жылдағы бетбұрыстар: Ғылымға бөлген қаражат өзін ақтап жатыр ма

ғалым
Коллаж: Kazinform/ DALL-E/ Pixabay

АСТАНА. KAZINFORM – Ғылым мен білім саласында жағымды деуге тұрарлық өзгерістердің басталған кезеңі 2019 жылға дөп келеді. Сол жылы қазақ мектебіне «Әліппе» қайта оралып, «Үш тұғырлы тіл» тұжырымдамасы баланың жас ерекшелігіне сай өзгертілді. Педагогтің мәртебесі заңмен белгіленіп, мұғалімдердің айлығы іс жүзінде өсе бастады. Қазір жоғары білім мен ғылым бөлек министрлікке, мектеп пен балабақшалар басқа министрлікке қарайды. Осындай елеулі тенденциялармен басталған реформалар кейінгі бес жылда елдегі ғылым саласының дамуына қалай серпін бергенін шолып шықтық.

Ғылымға бөлетін қаражат қаншалықты көбейді?

Былтыр ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға бюджеттен 172,6 млрд теңге бөлінген екен. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2023 жылы елдің жалпы ішкі өнімінің көлемі 120 трлн 561,1 млрд теңге болған, яғни мемлекет ғылыми жобаларға жалпы ішкі өнімнің 0,14%-ын бөлген болып отыр. Жалпы бұл көрсеткіш кейінгі 5 жылда айтарлықтай жақсарды деуге келмейді. 2019, 2022 жылдары ғылыми жобаларға бөлінген қаражат көлемі ЖІӨ-нің 0,12%-ына тең болса, 2020, 2021, 2023 жылдары 0,14%-ына тең болған. Бірақ бұл жерде ғылымға бөлінген қаражат сомасының ұдайы артып келе жатқанын да айтуымыз керек:

  • 2019 жылы 82,3 млрд теңге
  • 2020 жылы 89 млрд теңге
  • 2021 жылы 109,3 млрд теңге
  • 2022 жылы 122 млрд теңге
  • 2023 жылы 172,6 млрд теңге жұмсалған.

Ғылым және жоғары білім министрлігіндегілер 7 жылдық тұжырымдама бойынша, 2029 жылға қарай ғылымға жұмсалған қаржының көлемін жалпы ішкі өнімнің 1 пайызына кезең-кезеңмен жеткізу көзделгенін айтады. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдің жалпы ішкі өнімін 2029 жылы 450 млрд долларға жеткізуді тапсырған болатын. Қазіргі валюта бағамымен есептесек, 2029 жылға қарай ғылымға бюджеттен бөлінетін қаржы көлемі 2,1 трлн теңгенің көлемінде болуға тиіс.

Экономика, финансы, бюджет, бизнес
Фото: freepik.com

Ғылыми атаққа қанша үстемеақы төленеді?

2024 жылдың 6 мамырында «Ғылым туралы», «Білім туралы» Заңдарға түзетулер енгізіліп, жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдарда жұмыс істейтін ғалымдардың ғылыми атақтарына төленетін қосымша төлемдердің мөлшері 25, 42 және 50 айлық есептік көрсеткішке дейін арттырылды. Бұл, нақтырақ айтқанда, былай:

  • Ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысатын PhD дәрежесі мен бейіні бойынша доктор атағы бар ғалымға айлығына қосымша үстемеақы ретінде 17 АЕК (2024 жылғы көрсеткіш бойынша 62 764 теңге деген сөз) төленеді.
  • Ал PhD дәрежесі және қауымдастырылған профессор (доцент) ғылыми атағы бар; бейіні бойынша доктор дәрежесі мен қауымдастырылған профессор (доцент) ғылыми атағы бар ғалымға 25 АЕК (92 300 теңге) үстемеақы беріледі.
  • Ғылым докторы дәрежесі мен доцент атағы бар ғалымға 42 АЕК (155 064 теңге) үстемеақы төленеді.
  • Сондай-ақ, PhD дәрежесі мен профессор атағы бар, бейіні бойынша доктор дәрежесі мен профессор атағы бар, ғылым кандидаты дәрежесі мен профессор атағы бар, ғылым докторы дәрежесі мен профессор атағы бар ғалымдарға үшін айлық есептік көрсеткіштің 50 АЕК (184 600 теңге) үстемеақы белгіленеді.
наука лаборатория экспертиза ғылым зертхана сараптама
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Неше өнертабыс халықаралық патент алды?

«Статистикада елдің өнертапқыштық белсенділік коэффициенті патенттеу ведомствосына берілген өтінімдердің 1 млн адамға шаққандағы саны арқылы айқындалады», - деп жазылған министрліктің түсіндірмесінде.

Ұлттық зияткерлік меншік институтының мәліметі бойынша, бұл коэффициент 2021 жылы – 41,28, 2022 жылы – 42,39, 2023 жылы – 45,77 болған.

«Ұлттық зияткерлік меншік институтының жылдық есебіне сәйкес, Patent Cooperation Treaty тәртібі бойынша халықаралық патентке 2021 жылы 31 өтінім, 2022 жылы – 24 өтінім, 2023 жылы – 26 өтінім берілді. Еуразиялық патенттік конвенция тәртібі бойынша 2021 жылы – 81 өтінім, 2022 жылы – 78 өтінім, 2023 жылы – 103 өтінім берілді. Patent Cooperation Treaty рәсімі бойынша бір халықаралық өтінім беру арқылы өтінім беруші дүние жүзінің көптеген елдерінде өз өнертабыстарын қорғауды қамтамасыз ете алады. Еуразиялық патенттік конвенция өз кезегінде жеке және заңды тұлғаларға біртұтас еуразиялық патент негізінде өздерінің өнертабыстары мен өнеркәсіптік үлгілеріне құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді», - деп жазылған министрлік жауабында.

Жалпы Қазақстанның өнеркәсіптік меншік объектілеріне 2021 жылы 12 761 қорғау құжаты, 2022 жылы 12 099 құжат, 2023 жылы 13 270 құжат берілген.

наука лаборатория экспертиза ученые ғылым зертхана сараптама ғалымдар
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Ғылым коммерцияланып жатыр ма?

Ғылым қоры өткізген коммерцияландыру жобаларын гранттық конкурстарынан өткен 5 жобаның сатылымы 1 млрд теңгеден асқан. Соның ішіндегі 4 жобаның ғылыми-техникалық дамуға қосқан жалпы үлесі 72,5 млрд теңге болған. Бұл қаражаттың ішіне сатылым көрсеткіштері, қоса қаржыландыру, салық төлемдері, сатып алынған жабдықтар мен роялти кіреді.

«Жоғары технологиялық өнімді сатудан түскен жалпы түсім 33,7 млрд теңге болып, 1763 жұмыс орны құрылды, бюджетке 7,8 млрд теңгеден астам салық түсті және 9,7 млрд теңге қоса қаржыландыру тартылды. 534 млн теңгенің роялтиі (авторлық қаламақы - ред.) төленсе, 20,8 млрд теңгеге негізгі капитал сатып алынды», - делінген министрлік ақпаратында.

Мемлекет 2023-2025 жылдарға арналған коммерцияландыру жобаларын қолдау үшін 62,1 млрд теңге бөліп отыр.

Қазақстан ғалымдарының еңбегіне өзгелер жүгініп жүр ме?

Ғылыми белсенділікті халықаралық ауқымда бағалайтын Web of Science негізіндегі InCites аналитикалық жүйесі бар. Бұл жүйе жекелеген ғылыми ұйымдардың да, елдердің де жарияланым белсенділігі мен ғылыми тиімділігін салыстырмалы талдауға мүмкіндік береді. Осы InCites (Clarivate Analytics) деректері бойынша, 2019-2023 жылдар аралығында қазақстандық ғалымдар халықаралық басылымдарда 21 506 еңбек жариялаған. Оның 63,83%-ына өзгелер сілтеме жасаған.

2019-2023 жылдардағы қазақстандық жарияланымдар және олардың дәйексөз көрсеткіштері:

инфографика
Фото: Kazinform

Енді ғалымдарымыздың ішінде өзгелер ең көп сілтеме жасайтындары кімдер деген сұраққа жауап іздеп көрейік. Ғылым және жоғары білім министрлігі бұл мәселеде әлемдегі ең танымал және атақты ғылыми метрикалық көрсеткіш Хирш индексі деп бағалайды. Өйткен бұл индекс жарияланымдар санын да, оларға жасалған сілтемелерді де ескереді.

2019-2023 жылдары Web of Science журналында ең көп жарияланған және Хирш индексінің жоғары көрсеткішін алған 9 қазақстандық ғалым:

  • Исахов Әлібек – жарияланым саны 227 / H-Index - 37
  • Здоровец Максим - 245 37
  • Бәкенов Жұмабай - 102/26
  • Козловский Артём - 150/23
  • Давлетов Қайрат - 47/23
  • Семенова Юлия - 59/17
  • Саппаров Арман - 26/15
  • Колесников Александр - 36/15
  • Сәрсенбекұлы Бауыржан - 33/15.

Web of Science халықаралық деректер базасы бойынша, жалпы соңғы бес жылда Қазақстан ғалымдарының ғылыми еңбектеріне 107 690 сілтеме жасалған. Ал Scopus халықаралық деректер базасы бойынша соңғы бес жыл ішінде Қазақстан ғалымдарының ғылыми еңбектеріне 305 837 сілтеме жасалыпты.

Scopus базасында ең көп h-index алған 10 қазақстандық ғалым:

инфографика
Фото: Kazinform

Диплом сатқыш университеттерден толық құтылдық па?

Министрлік мәліметі бойынша, соңғы 5 жылда сапасыз білім беретін жоғары оқу орындарының саны 16-ға қысқарған. Сондай-ақ 66 жоғары оқу орны дайындықтың бейінді емес бағыттары бойынша 547 қосымша лицензияны қайтарып берген.

Биылдан бастап бақылау субъектілерінің тізбесі автоматты режимде тәуекелдерді бағалау мен басқарудың ақпараттық жүйесімен айқындалды. Бақылауға жататын ЖОО-лар тізімі адами фактордың қатысуынсыз, автоматты түрде анықталды. Бұл өз кезегінде бақылау органдарына тексеру мен жаза қолданудың орнына енді құқық бұзушылықтардың алдын алу мүмкіндігін береді. 

2024 жылы бақылау шараларын жүргізу графигіне 34 ЖОО енгізілді.

«Ғылым және жоғары білім саласындағы бақылау жұмысы жүйелі негізде жүргізіледі және белгіленген тәртіппен жалғасады», - деп жазады министрлік мамандары.

Жатақхана тапшылығы қашан жойылады?

Жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында жыл сайын 10 мың орындық жатақханаларды пайдалануға беру көзделген. Бұл жұмыс 2018 жылдан бастап жүргізіліп, осы жылдар ішінде 50 966 төсек-орындық 211 жатақхана пайдалануға берілып отыр. Оның ішінде 34 296 орындық 128 жатақхана – жоғары оқу орындарының студенттеріне, 16 670 орындық 83 жатақхана – колледж студенттеріне арналған.

Өңірлер бойынша көрініс мынандай:

  • Алматы қаласында 9 239 орындық 37 жатақхана,
  • Астана қаласында 9 030 орындық 37 жатақхана,
  • Шымкент қаласында 6 003 орындық 20 жатақхана,
  • Түркістан облысында 2963 орындық 14 жатақхана,
  • Жамбыл облысында 2 388 орындық 12 жатақхана,
  • Атырау облысында 2 162 орындық 12 жатақхана,
  • Абай облысында 2 834 орындық 11 жатақхана,
  • Қарағанды облысында 1 662 орындық 10 жатақхана
  • Шығыс Қазақстан облысында 2 478 орындық 8 жатақхана,
  • Қызылорда облысында 1882 орындық 7 жатақхана,
  • Маңғыстау облысында 1650 орындық 6 жатақхана,
  • Павлодар облысында 1825 орындық 6 жатақхана,
  • Жетісу облысында 948 орындық 6 жатақхана,
  • Ақмола облысында 1404 орындық 5 жатақхана,
  • Ақтөбе облысында 1330 орындық 5 жатақхана,
  • Қостанай облысында 1196 орындық 5 жатақхана,
  • Алматы облысында 454 орындық 4 жатақхана,
  • Батыс Қазақстан облысында 994 орындық 4 жатақхана,
  • Солтүстік Қазақстан облысында 524 орындық 2 жатақхана.

2024 жылға 10 576 орындық 27 жатақхананы іске қосу жоспарланған (оның ішінде жоғары оқу орындары студенттері үшін 8 543 орындық 20 жатақхана, колледж студенттері үшін – 2 003 орындық 7 жатақхана).

2024 жылы 1 тамыздағы жағдай бойынша 4 650 орындық 17 жатақхана:

  • Түркістан облысында – 370 орындық 3 жатақхана
  • Жамбыл облысында – 100 орындық 1 жатақхана
  • Атырау облысында – 490 орындық 1 жатақхана
  • Павлодар облысында – 189 орындық 1 жатақхана
  • Алматы қаласында – 1040 орындық 4 жатақхана
  • Шымкент қаласында – 930 орындық 3 жатақхана
  • Астана қаласында - 1207 орындық 3 жатақхана
  • Қостанай облысында – 324 орындық 1 жатақхана іске қосылды.
Общежитие Жатақхана Студенческий дом Студенттер үйі
Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

Жас ғалымдар ипотекасы

2023 жылы Ғылым және жоғары білім министрлігі мен «Отбасы банк» АҚ арасында жас ғалымдарға кредит берудің 2023-2027 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Осы келісімнің аясында жас ғалымдарға 5,6 млрд теңгенің 290 кредиті берілген. Нақты айтсақ, 2023 жылы – 104 ипотека, 2024 жылы – 186 ипотека берілген. Ендігі транш 2025 жылы бөлінуі керек.

Бұл бағдарламаға қатысушыларға мынандай талаптар қойылады:

  1. ең көп сома – 20 миллион теңгеге дейін;
  2. мерзімі – 8 жылдан аспайды, 11 жылдан аспайтын мерзімге кейіннен тұрғын үй қарызына өту жүзеге асырылады;
  3. сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 5 %;
  4. бастапқы жарна – шарттық соманың 10%-ынан 50%-ына дейін.
Диплом документы  құжаттар
Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

Қазақстанда берілген дипломдар неше елде жарамды?

Қазақстан Лиссабон Конвенциясын ратификациялады. Бұл Конвенцияға қол қойған 55 ел (45 еуропалық ел мен Еуропа Одағына кірмейтін 10 елдің, оның ішінде АҚШ) бір-бірінін оқу нәтижелерін тануға келісті. Аталған құжат Қазақстанда аккредиттелген жоғары оқу орындарында білім алған азаматтарға дипломды нострификациялауға мүмкіндік береді және нәтижесінде оларды оқуын жалғастыруға немесе жұмысқа орналасуға пайдалануға мүмкіндік береді.

білім
Фото: freepik

«Келешек» жобасы - бала біліміне инвестиция

Министрлік Қазақстан заңдарына «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесінің мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізетін заң жобасын әзірледі.

«Келешек» жүйесінің алдында үш негізгі міндет тұр, олар:

  1. білімге қолжетімділікті кеңейту;
  2. мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын бір бірыңғай жүйеге шоғырландыру;
  3. әрбір ата-ана баласының кішкентай кезінен бастап оқу траекториясын құра алатын жүйені құру.

«Келешек» жүйесінде жиналған соманы пайдаланудың бірнеше механизмы қарастырылған:

  1. жинақтауды жалғастыру;
  2. өз жинақтарын үшінші тұлғаның пайдасына аудару;
  3. білім берудің басқа деңгейлерін алуға жіберу;
  4. тұрғын үйге жіберу.

Қазір бұл заң жобасы Мәжілісте жатыр.

Ғылым академиясы

2022 жылы Ұлттық ғылым академиясына мемлекеттік мәртебесі қайтарылды. Нақтырақ айтсақ, академия Үкімет қаулысымен жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын коммерциялық емес акционерлік қоғам болып құрылды.

Ал 2023 жылдың 27 наурызынан бастап академияның ресми атауы құжаттарда Президент жанындағы «Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы болып жазылып келеді.

Білім кредиті

Биыл мемлекеттік білім кредитін беру тәртібі бекітілді. Несиенің бұл түрі мынандай өлшемшарттар бойынша беріледі:

  1. жоғары білімнің білім беру бағдарламасы бойынша ЖЖОКБҰ-да Қазақстан Республикасының аумағында жоғары білімге ішінара ақы төлеу үшін білім беру гранттары иегерлеріне;
  2. тұрақты табыс көзі бар Қазақстан Республикасының кемінде бір еңбекке қабілетті азаматына кепілдік берген үміткерге беріледі. Бұл өлшемшарт жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санатына жататын қарыз алушыларға қолданылмайды;
  3. білім беру жинақтау салымы туралы тіркелген шарты немесе ЖЖОКБҰ-да оқудың бүкіл кезеңі үшін білім беру қызметтерінің жалпы құнының кемінде он пайызы мөлшерінде жиынтық жинақтары бар білім беру жинақтау сақтандыру шарты бар үміткерлерге беріледі.

Осылайша, биыл педагогикалық, әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат саласындағы білім беру бағдарламалары топтары бойынша беріледі.

Соңғы жаңалықтар
telegram