Бес жүз теңгеден басталған бизнес... - өңірлік баспасөзге шолу

...Жарық көргеніне 90 жылға жуықтаған облыстық «Сыр бойы» газеті өңірдің шежіресі іспеттес. Шілде айының алғашқы күндері жарық көрген басылымның қамтыған тақырыптары да саналуан. Журналистің Бөдене баққан Бектаев атты мақаласында мемлекеттен шағын несие алып шаруасын дөңгелете білген жан туралы бір үзік сыр шертеді.
...Әрекет бар жерде, берекет қашық емес. Қашаннан да солай. Дегенде, нарықтық қатынас барысында күнбе-күн ізденіп, еселі еңбек етпей табысқа жете алмасың анық. Байқай білгенге, расында, қазір де жұмыстың көзі көп, бейнет ете жүріп, дәулетін арттырудың жолы да сан тарау. Тек, шыдамдылықпен ерінбей жұмыс істей білгеннің, бірге бірді жаңылыспай қоса алғанның бәсі артық. Мемлекет те шағын және орта бизнеспен айналысқандарға қамқорлық жасап, сананы дамытуға мүдделiлiк танытып отыр. Осындай қолдаудың арқасында өз жолын жаңылыспай тапқандардың бірі - жаңақорғандық Қуаныш Бектаев есімді азамат. Иә, кейіпкеріміз нені кәсіп етеді, ісінің барысы қалай?
- Экологиялық жағдайлардың әсерінің салдары болар, арамызда түрлі науқасқа шалдығушылар қатары азаймай отыр. Аталарымыз бұрын атын естімеген қант диабеті, асқазан, ішек ауруларының қауіпті кеселіне ұшыраушылар өкінішке қарай арамызда кезігіп жатады. Медициналық дәрілердің молдығы өз алдына, ал жоғарыда аталған кеселдерге кәдімгі бөдененің жұмыртқасы мың да бір ем, - дейді жаңа кәсіп иесі.
Пікірлесу барысында білгенміз, бұл құстың оймақтай ғана жұмыртқасы егде кісілердің қан қысымын қалыпты ұстауына пайдалы көрінеді. Жуырда демікпесі бар бір азамат та оны емдік мақсатта пайдаланып, сауығыпты. Оның бөдене өсіріп, жұмыртқасын өндірген Қуанышқа алғысы шексіз.
Әзірге Бектаевтың бағымында жүзге тарта бөдене бар, алдағы күндері құс санын үш есеге арттыруды көздеп отыр.
Қуаныштың бір қуанышы - уақыт өткен сайын тұтынушы саны артып келеді. Тіпті Жаңақорған түгілі алыс ауылдардан, көрші аудандардан да арнайы ат басын бұрып, бөденесінің жұмыртқасына қолқа салушылар қатары көбейе түскендей. Бөденені алғаш қолға үйретіп, құс шаруашылығының қатарына алғаш қосқан Жапон мемлекеті екен. Алыс арал тұрғындары оның жұмыртқасын тағам мәзіріне қосып, рахатын көріп жүргеніне де біраз ғасыр болыпты. Олар оның еті мен жұмыртқасын халық медицинасында қолданады. Белогы мол осы бөдене жұмыртқасы мектеп оқушысының таңертеңгі ас мәзіріне де кіргізілген. Бөдененің еті мен жұмыртқасын дайындау - барынша қарқынды дамыған саланың бірі. Онда жылына 19 миллиардқа жуық бөдене жұмыртқасы өндіріледі. Қай шаруасын да есепшотқа қағып, пайдасы мен зиянын тез айыратын елде бұл бағытта арнайы бағдарлама жасалынған. Арнайы ғылыми-зерттеу орталықтары жұмыс істейді. Осы орайда, жаңақорғандық кәсіпкер Қуаныш Бектаевтың бөдене шаруашылығын қолға алуы құптарлық іс. Талапты жігітке әрдайым сәттілік серік болсын делік.
Қазалылық кәсіпкердің "Бизнестің жол картасы - 2020" бағдарламасы аясында мемлекеттен қаржы алып шаруасын жолға қоя алғаны туралы журналист шағын мақалада айтып өткен. Мақаланың аты «Несие алып, несібесін көбейтті».
...Осыдан бір жыл бұрын Қазалы ауданының тұрғыны, зейнеткер К.Аманов мемлекеттік қолдау аясында құрылыс материалдарын шығаратын шағын зауыт ашты. Өзінің кәсіпкерлік қызметін кеңейту мақсатында "Даму" қорының 50 пайыз кепілдендіруімен "Банк Центр Кредит" АҚ-дан несие рәсімдеген. Банк қаражат газбетон блоктарын өндіруге арналған жаңа құрал-жабдықтар сатып алуға жұмсалды. Қазіргі таңда шағын цехтың өндірістік қуаттылығы жылына 250 мың дана газбетон шығаруға жеткілікті.
Кәсіпкер К.Аманов: "Біздің компания Қазалы ауданында алғаш болып газбетон өндірісін қолға алды. Осы уақытқа дейін мұны тек ірі кәсіпорындар атқарса, қазіргі кезде жаңа замандық шағын зауыттар сатып алып, кішігірім өндіріс орнын ашуға болады. Мен осы мүмкіндікті жіберіп алмай, қажетті барлық құрал-жабдықтарды несиеге алып, бүгінде құрылыс компаниялары мен аудан тұрғындары арасында үлкен сұранысқа ие, әрі мықты, әрі үнемді газбетон материалын шығаруды жолға қойдым", - дейді. Айта кетейік, жеке кәсіпкер бизнеспен айналысуды зейнетке шыққан соң қолға алған. Қырықжылдық тәжірибесі бар инженер өзінің білімін құрылыс бұйымдарын шығару өндірісіне жұмсап, кәсіпкерлікті өрістетіп келеді.
"Бизнестің жол картасы - 2020" бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында К.Аманов несие алып, бір жылдың ішінде өз жоспарын сәтті жүзеге асырды. Жаңа өндірісте 7 жұмыс орны ашылып, оған жергілікті тұрғындар тартылды.
Облыстық мәслихаттың хатшысы Наурызбай Байқадамовтың соңғы уақыттары қоғамда болып жатқан түрлі оқиғаларға байланысты халық пен билік арасында өзара сенім мен сабыр керектігін айтып «Елдігіміз үшін сабыр сақтайық» атты мақаласында өзіндік байламдар жасайды.
...Қай кезде болса да жаңашылдық пен етіміз үйренген ескіліктің тайталаста жүретіні өмір заңы. Қоғамдаболып жатқан жағдайларды жан-жақты түсінуден гөрі бар кінәні бас-көзсіз өзгерістерге жаба салу әрқашанда кездесіп тұрады.
Қаламызда өткен жерге қатысты көзқарасты, пікірді ортаға салу үшін жиналған қауымның іс-әрекетін осы мағынада түсінемін.
Қазақ үшін жер өте өткір тақырып. Конституцияның өзі «Байырғы Қазақ жерінде ....», деп басталады. Астымдағы атымды алсаң да, жерде хақың болмасын деп тәрбиеленген Ұлы Даланың ұрпағымыз. Жиналған адамдардың кейбір ұсыныстары осыбағытта болды.
«Заң қабылдарда неге халықпен кеңеспеді? Неге жерді саудаға салуға мәжбүр болдық? Осындай әрекетке бармай-ақ күн көріп жатырмыз ғой... Жерді жалға алатын шетелдіктерге квота бола ма? Кейін оларды елден шығара алмай қалмаймыз ба? Қытай қаптамай ма? Әділдік,теңдік керек» деген сипаттағы қойылғансұрақтар. Қойылған сұрақтардың жауаптарына ешкім құлақ аспайды. Тыңдауға төзім, сабырлылық жетпей жатты. Жиналғандар бір-бірін түсінбей әлек.
Халқымыздың заңғар жазушысы, аузы дуалы қайраткеріміз Әбіш Кекілбайұлы «Бүгінгі отаншылдық - төзім, бүгінгі ерлік - сабыр, бүгінгі елдік - тыныштық», - деп жазған екен. Қазақтың ата-баба жеріне иелігі оның елдігімен көрініс табады. Шынына келсек, көкейімізді тесіп жүрген әділдік те, теңдік те азат еліміз барда ғана орнайды. Азаттықтың тірегі бірлік пен тыныштық. Оны сақтау үшін жүйелі сөзге тоқтай білер жұрт болуы тиіс. Ақыл айтқансып, білгішсініп, өкпе-назын ұлттық мүддеден жоғары қойып, елге іріткі салу секілді әрекеттерді салиқалықпен бағамдай алатын жұрт керек. Ақылды сөз айтқандардың бәрін ақылды деу, қолына балта ұстағанның бәрін ұста екен деп ойлаумен бірдей. Ақымақтың берген ақылы қажетсіз нәрсеге ұрындыратыны ақылды адамға белгілі. Кешегі жиналған азаматтардың көбісі әуелгіде ел, жер деп сөйлесе, арты жекешаруасына ауысты. Өзіңді ойлау дұрыс, дегенмен, өзіңді елден жоғары қою қисынсыз. Өз пікіріңмен үйлесе қоймаған жағдайларға бола өз еліңді өзегінен теуіп, ұшпаққа жете алмасымыз да айдан анық. Оның үстіне «олай болыпты, былай болыпты, органдар заңсыз қамауда» деген әртүрлі арандату ақпараттар да таратылды. Мұны халықты жалған жолға салу деп қабылдаймын.
Сонымен қатар, үкіметтік мекемелер де жалпы халық мүддесіне қатысты қабылдарда жан-жақты сараптап, елмен ойласып атқарғаны дұрыс деген кешегі жұрттың пікірін қостаймын. Өкпе-реніш, көңілдегі кірбің біртіндеп ашу-ызаға айналады. Осы жерде Мұхтар Әуезовтің «Халық сойыл соғысқанда бірге болады, бөліске келгенде құм асайды» деген сөзі есіме түсіп отыр. Ойланбай қабылданған шешім үшін қарсылық білдіруге жұрт бірігемін десе оған саяси ұйымның, оппозицияның қажеті жоқ екенін көрдік. «Ашу тасыса, ақыл төгілер» деген сөз осыдан шыққан болар.
Ал ақылды ашуға жеңдіргеннен шаңырақ шайқалса, келер ұрпақ алдында билік те, халық та айықпас айыпты болады.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев әрбір мәселе жөнінде түсіндіру жетпей жатқанын бекер айтып жүрген жоқ. Заңның іске асуына қажетті нормативтік құжаттарды дайындау барысында елден түскен барлық ұсыныстарды зерделей отырып, ескеруіміз керек. Әрбір іс-қимылымыздың құқықтық жауапкершілігін нақтылау қажет. Халық «бүгінгі биліктің шешіміне біршама уақыттан кейінгі билік өкілдері кепілдік бере ала ма?» деген сұрақтардың жауабының нақты болғанын сұрауда. Егер қажетболса, заңның күшіне ену уақытын өзгерту туралы ұсынысты ескеру керек шығар. Бәрі уақыт еншісінде. Ол үшін сары алтындай сабыр, сенім керек. Халық пен билік арасындағы өзара сенім ғана тұрақтылықтың кепілі.
Газет тілшісі өңірге белгілі кәсіпкермен сұхбат құрып бизнестің өсіп-өнуінің сырларын ашуға тырысады. Сыр-сұхбатқа «Бес жүз теңгеден басталған бизнес» деп сәтті тақырып қоя білген.
...Сыр өңірінде «Аквалайн» таза суын шығарып, халыққа ұсынған іскер азамат, қалалық мәслихат депутаты Ғалымбек Жақсылықов жетістікке қалай жетті? Толағай табысының кілті неде? Осы турасында кейіпкерімізбен әңгімелескен болатынбыз. Кәсібін кішкентай нәрседен бастап, бүгінде елге танымал іскерге айналған кейіпкеріміз әңгіме үстінде ағынан жарылды.
- Халықаралық IKEA компаниясының негізін қалаушы Ингвар Кампрад жастайынан сіріңке, қарындаш сатқан екен. Ал, ағылшындық Fulham клубының қожайыны Шахид Хан ыдыс жуып күн көріпті. Қарап отырсақ, кез-келген кәсіпкердің бизнестегі алғашқы қадамының қызығы мен шыжығы мол болып келеді. Сіз де бизнесті нөлден бастаған адамсыз. Осы ретте, ең бірінші бизнес жоспарыңызды еске алып өтесіз бе?
- Сөзіңіздің жаны бар. Кәсіпті бастау оңай, бірақ екінің бірі қолға алған жұмысын жалғастырып кете алмайды. Алғашында көпшілік кәуәпты сүйіп жейді ғой деп өз қолыммен жасап саттым. Сырткөзге оңай көрінгенмен, бұл кәсіптің қыр-сыры мен машақаты мол екен. 1999 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін бітіріп, қолыма диплом тиместен осы бизнесті бастап кеттім. Қалалық жағажайдан жалға жер телімін алып, жазғы кафе ұйымдастырдық. Өзім кәуәп дайындап, пісіре алмаймын. Әуелі кәуәп әзірлеудің тәсілін біледі-ау деген досыма қолқа салып, он келі етімді маринадтатып алдым. Ертесіне азанда етті жағажайға апарып, бетін ашып қалсам, иістеніп кетіпті. Сөйтсем, ол жігіттің өзі де онша білмейді екен. Сосын кәуәп пісірудің хас шебері болған бір кісімен келісіп, ақысын төлеп, үйреніп алдым. Сонымен жаз бойы кәуәп пісіріп саттық. Пайдаға кенеле алмадық. Керісінше шығынға баттық.
- Қалайша?
- Сол жылы жазда күн салқындау болып, дарияға суға түсуге адам аз келді. Жел, жауын-шашын көп болды. Бірақ біз жазғы маусым аяқталғанға дейін жұмыс істедік.
- Білуімше, бизнес ашып, сәтсіздікке ұшырау - заңды құбылыс. Ең бастысы, сол сәтсіздіктерді жеңе білуде емес пе?
- Әрине, әлемге танымал Билл Гейтс, Стив Джобс секілді миллиардерлердің алғашқы кәсіп көздері сәтсіз аяқталған. Бұлармен менің шағын кәсібімді салыстыруға келмес, десек те түсінік ретінде, тәжірибе ретінде айтып, үлгі алуға болады. Билл Гейтстің әріптесі Полл Алленнің: «Қаладағы кептелісті жоюға септесетін Traf-O-Data құрылғысын ойлап таптық. Ол - біздің бизнестегі бірінші қадам еді. Бірақ құрылғы нашар болды. Бұл сәтсіздік құнды тәжірибе болды, себебі ол бірнеше жылдан кейін Microsoft компаниясын құруға жасалған дайындық еді», - дегені бар. Сол секілді «Аквалайн» брендін қалыптастыруда бұрынғы сәтсіздіктер мен тәжірибелер пайдасын көп тигізді. Мен нағыз кәсіпкер ретінде ойлануды, қиындыққтарға төтеп беруді үйрендім. Мысалы, жаз бойы кәуәп пісіріп сатып, табыс таба алмасам да салым суға кетпеді. Сол жылы күзде үйленіп, отау құрдым. Артынша, Қызылжармада 14-ші қоғамдық көліктің соңғы аялдамасы маңынан шағын дүкен аштым. Енді жұмысқа сақ қарап, әрі өзіме сенімділікті күшейттім. Базардан ең алғаш 500 теңгеге құрт, пикник, альбени, сағыз сияқты заттар әкеп, дүкеншіктің бір терезесін ашып қойып саттық. Күндіз кішігірім саудамен, кешке каратэмен айналыстым. Дүкенде келіншегім де, інілерім де кезектесіп тұратын. Екі-үш ай өткенде 800 теңгеге зат әкеп сататын жағдайға жеттік. Бара-бара 1000-ға көбейттік. Ынталана түстік. Алғаш рет күні 1200 теңгенің өнімін өткізгенде қуанышымызда шек болмады. Бұл біз үшін үлкен жетістік болып көрінді. Кейін дүкенге зат сыймай кетті.
- Олай болса, «кәсіпке 500 теңгемен қадам басқанмын» деуіңізге болады екен ғой...
- Иә, солай десек болады. Өйткені, дүкеннің саудасы жақсы жүрді. Бізге ол тарлық еткесін, үлкейтудің қамына кірістік. Құрылыс материалдарының барлығын бірдей сатып алуға қаражат жетпеді, сондықтан қарыздануға тура келді. Қам кірпішті өзім бастым. Арасында ағаларым қол ұшын созды. Он үш жарым мың кірпіш бастық. Құрылыстың басы-қасында әкем жүрді. Дүкен мен шағын кафені әупірімдеп жүріп бітіріп, жаңа жылға қарсы аштық. Ал бір жыл өткеннен кейін барып, дүкеннің саудасы өз арнасына түсті. Дүкеннің атын әкем «Тентек» деп қойды. Кейін оны бұдан да үлкен етіп салу керек болды. Сөйтіп, 2012 жылы дүкенді бұзып, қайта тұрғыздық.
- Бүгінде «Аквалайн» суы аймағымызда, өзіңіз айтқандай, брендке айналғаны белгілі. Жалпы, суды сүзіп, тазартып сату идеясы қалай туды?
- Су - тіршілік нәрі. Суы таза елдің денсаулығы да, тіршілігі мардымды болмақ. Бұл талай жылдардан бергі зерттеу нәтижесі. «Аквалайн» серіктестігінің жұмысы 2003 жылы басталған еді. Ол кездері таза судың ағзамыз үшін қаншалықты маңызды екенін біле бермейтінбіз. Дәрігерлер біздің өңірімізде бүйрек, бауыр ауруларының өршіп тұрғандығы туралы жиі айтып, дабыл қақты. Мен алғаш рет өңіріміздегі ауызсудың тазартылғаннан кейінгі өңін көргенімде кәдімгідей таңқалдым. Сол уақытта республикамызда Қызылорда мен Атырау өңірінің су сапасы сын көтермейтін. Суды сүзіп, тазалап сату туралы алғаш ойлағанда пайдадан гөрі халықтың денсаулығы алаңдатты. Өңіріміздегі таза суға деген сұранысты алғашқы болып «Аквалайн» қалыптастырды десем қателеспеймін.
- Бастапқыда қара судан тиын құрау қиын болған шығар?
- Кәсіпкерлерден ақыл-кеңес сұрай барғанда көбісі қолдай қоймады. «Қызылордада суды кім сатып алар дейсің», - деп кәсібімнің келешегіне күмәнмен қарады. Енді біреулер: «Сендер бара-бара ауа сататын шығарсыңдар», - деп мазақ келеке қылды. Бұған менің тауым шағылмады. Өйткені, бизнесті бастамас бұрын нарықты тыңғылықты зерттедім. Өз-өзіме сенімділікті арттырғаннан кейін «өзгелердің күмәнді пікірі мен үшін шындыққа айналмауы тиіс» деген ой қорыттым.
- Сонда оны қалай жарнамаладыңыз?
- Бизнесті бастаған уақытта мекемеде төрт қызметкер жұмыс істеді. 2005 жылы үлкен көлемде банктен несие алдым. Ол кезде несие алудың өзі ұзақ та қиын жұмыс еді. Содан кейін «несиені төлей алмай қалсам қайтемін?» деген ойды өзімнен аулақ ұстадым. Абыройсыздыққа тап болмас үшін тыным таппай еңбек еттім. Ол жылдары «Аквалайн» суынан қызылордалықтар бейхабар. Тек жұмыс кеңсеміз ғана бар, қалғаны жоқ десек те болады. Жиһаз, оргтехника дегенді ойлағанмен алуға шама жоқ болды. Жарнамаға да қаражат жоқ. Сондықтан, екі тілде қазақша-орысша жарнамалық мәтін жазып, ксерокстан көбейтіп, адам көп жиналатын жерге шырттай киініп барып, тараттық. Күн сайын осылай табан тоздырдық. Жарты жыл өткенде төккен теріміз ақтала бастады. Шындығына келсек, алғашқы екі-үш несиеден құтылу үшін жұмыс істедім. Бизнес табандылықты қажет етеді. Кәсіп бастағанда ол бірден гүлденіп кетпейді. Ыстығы мен суығына шыдау керек. «Аквалайн» үш жыл дегенде аяққа тұрды.
- Ақшаны үнемдеу әрбір адам, әсіресе кәсіпкер үшін қай кезде де өзекті емес пе? Бұл туралы не айтасыз?
- Дінде де «Сараң болма, ысырап та етпе!» деген сөз бар. Үнемшілмін, бірақ шық бермес шығайбай емеспін. Әлеуметтік жобаларға, қайырымдылық шараларға үн қосуды адамдық борышым деп санаймын. Жалпы, қаражатты орнымен жұмсауға жастайымнан өзімді баулығанмын. Мысалы, бизнес бастағанға 1995-97 жылдар аралығында өңірлік «Темірхан.ТВ» телеарнасында қылмыстық істердің, тәртіп бұзушылықтардың ашылуының басы-қасында жүріп, журналистік репортаждар жасадым. Ол кезде студентпін. Кейде университеттен кеш шыққанда қала ортасынан Қызылжармаға жаяу тартатынмын. Жолақы 15 теңге сол уақытта, қалтада ол да болмайтын. «Бір айда бір өзіме қанша шығын кетеді екен, сосын мен сондай табыс табуым керек» деген ой келді де, шығындарды жазып отыратын журнал арнадым. Сол журнал әлі күнге дейін үйде сақтаулы. Сөйтіп, телеарнаға қылмыс хроникасы туралы тележоба ұсынып, абырой болғанда, оны басшылық мақұлдап, жұмысқа қабылдандым. Аптасына бір рет қаладағы нашақорлық, оқушылар арасындағы жаппай төбелес секілді мәселе жайлы хабар түсірдім. Телеарна небәрі екі-ақ жыл жұмыс істеп, жабылып қалды.
- Сосын не істедіңіз?
- Бір жылдай қоғамдық көлікте кондуктор болдым.
- Телеарнадан көрініп жүріп, автобуста кассир болуға намыстанбадыңыз ба?
- Көз көргендер, сырттай танитындар автобустан көргенде, тесіліп қарап қалатын. Солай назар салғандарды сезіп тұрсаң, өз-өзіңнен қысылып кетесің. Бірақ барынша мән бермеуге тырыстым. Өйткені, адал еңбек етуден арлану - сасық намыс.
- Бизнестегі ұстанымыңыз қандай?
- Бизнес адалдықты қалайды. Егер мен адал болсам, халық сенеді. Әрбір істе адалдықты ту еткеннің арқасында толағай табысқа толы талай тірлік тындырылды. Мекемемізде жұмысшылардың қатары 60 адамға жетті. Жыл санап қызмет көрсету сапасын да ілгерілетіп келеміз. Республикалық «Алтын сапа» байқауында Елбасымыздың «Алғыс хатымен» марапатталдық. Бұл біз үшін үлкен мәртебе, еңбегіміздің еш кетпегені.
- Ал жұмысшыларға қояр талабыңыз қандай?
- Адалдық, шынайылық және ынталылықты талап етем. Бәрін білетін адамнан гөрі, ынтасы бар адамды жұмысқа қабылдаған тиімді.
- Сіз каратэ-додан қара белбеудің иегерісіз. Спорттың бұл түрін қалай меңгеріп жүрсіз?
- Әкемнің күн сайын ерте тұрып, жүгіретін әдеті бар еді. Оның үстіне, ол кісі кезінде бокспен де шұғылданған көрінеді. Содан менің спортқа деген қызығушылығым оянды. Әсіресе, каратэге қатты қызықтым. 1990 жылдардың бас кезі «Титов» қыстағында мектепте каратэ үйретеді дегенді естіп, іздеп бардым. Алғашқыда ақша болмай, айлық жарнаны төлей алмағандықтан жаттықтырушым Бақберген Әлімбетов талабымның зор екенін сезіп, мені тегін қатыстырды. Содан басталды да кетті спорттық мансабым. Өзім де шәкірт тәрбиеледім. Жаттықтырған спортшыларым облыстық, республикалық, халықаралық жарыстарда топ жарды. 2001 жылы қара белбеуге қол жеткіздім. 2009 жылы жаттықтырушылықты қойдым. Уақыт тапшы болды. Бірақ 2005 жылдан бері облыстық каратэ-до және күрес өнері федерациясын басқарып келемін.
- Спортқа қайта оралуыңыз мүмкін бе?
- Мүмкін. Себебі, спортты сағынамын. Шәкірт тәрбиелеу - ең ізгі іс. Жүрегім содан жай тауып, рахатқа бөленеді. Каратэ-до спорты адамның жан дүниесін байытып, жат қылықтардан ада қылады. Болашақта спорт зал салу ойымда жүр. Ол күнге де Құдай жеткізер.
- «Үш күндігін ойламаған әйелден без, үш жылдығын ойламаған еркектен без» деген. Сіз өзіңізді келешекте қандай биіктен көргіңіз келеді?
- Жақында студенттермен жолықтым, олардан күнделікті жоспарын және «болашақтың күнтізбесін» сұрадым. Өкініштісі, басым көпшілігі жоспар құрмайды екен. Жоспарлы ісі болмағандықтан адамның уақыты босқа кетеді. Маңызды істі кейінге қалдыратын адам жаныққанда «бір-ақ секіріп мінем деп, бір-ақ секіріп түсем» (Абай) деп қысқа уақытта орындауға ұмтылады, тамыр-таныс іздейді, шала бүлінеді. Мұндайлар кейін өкініште қалуы мүмкін. Ең жаманы сол. Мақтанғандық емес, өз басым жоспар құрам. Негізгі үлкен мақсатыма жету үшін жолдағы кішігірім мақсаттарды уақытылы бағындырып отыруға тырысамын. Жоспарлы шаруаны орындасам, уақыт та, қуат та босқа кетпейді. Ал жоспарсыз істерді, кездейсоқ табыла кететін шаруаларды ескеріп, оларды да еңсеріп отырған жөн. Өмірде де, бизнесте де бұл қағида ауадай қажет. Егер кәсіпкерлік жағынан келсек, өзім бірнеше ірі өндіріс ашқым келеді. Бұдан қаншама адам тұрақты жұмыс табады. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстанның экономикасының өрістеуіне елдің азаматы ретінде үлес қосқаным болар еді. Осындай биік мақсатым бар.
- Жаңа кәсіп бастағандарға қандай кеңес бересіз?
- Табыс түссе, оны кәсіпті өрге сүйреуге жұмсаңыз дер едім. Кейбіреулер қалтасы сәл қампайса, қымбат шетел көлігін алып, коттедж салып көкірегін керіп жүреді. Ал оның бизнесі кейін тұралап қалады. Неге? Себебі, көлік жанармайсыз жүре алмайтыны секілді, бизнесті ұстап тұру үшін тапқан табысты қайта құйып отырмаса, ол адам баяғы таз қалпына қайта түседі. Сонымен қатар, жетістікке жеткен адамға қызғанышпен емес, үлгі позициясынан қарау керек. Әйтпесе, адам кәсіби тұрғыда өспек түгілі рухани мешеу болып қалады. Әр адамда ешкімге ұқсамайтын жақсы қасиеті болады, соны байқап, үлгі ала білуіміз керек.
- Әлеуметтік желіде белсенділігіңіз жоғары. Бәзбіреулер құсап, ішкен-жегеніңізді айтпай, облыстағы, қоғамдағы, кәсіпкерлік саласындағы өзекті мәселелерді күн сайын жазып, ой тастап отырасыз...
- Менің жұмысым халықпен тікелей байланысты. 2012 жылдан қалалық мәслихаттың депутаты болғалы Қызылжарма сайлау округының әлеуметтік-экономикалық тұрғыда өсіп-өркендеуіне қал-қадірімше ықпалымды тигізудемін. Осы кезге дейін елдімекеннің, одан қалды кәсіпкерлік саласындағы күрделі мәселелермен, бюрократиялық кедергілермен бетпе-бет келіп, тығырықтан шығар жол табуға күш-жігерімізді жұмсап жатырмын. Кәсіпкер және депутат ретінде елдің игілігі үшін ашық түрде аянбай жұмыс істеуге міндеттіміз. Осы тұрғыда әлеуметтік желі өз ойымызды ортаға салатын алаң. Негізі депутат ретінде әр ай сайын бір рет қоғамдық қабылдау өткізуім керек, бірақ мен оған қарамай сайлаушылардың өтініш-тілектерін тыңдау үшін бірнеше мәрте кездесіп тұрамын. Қазіргі заманның жағдайында кейбіреулердің қабылдауға келуге уақыты бола бермейді. Ал олар мені әлеуметтік желіден табады. Кейде осылай сайлаушылардың сауалын, мұң-мұқтажын әлеуметтік желіден оқып, оған назар салып, лайықты жауап беруге, қолдан келсе шешуге ықпал етемін.
- Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесіне мүшесіз. Айтыңызшы, Сыр елінде іскерлік тап қалыптасып келе ме?
- Іскер азаматтардың қатарын көбейтуде кәсіпкерлік палатасының рөлі жоғары. Палата халықтың кәсіпкерлік саласында сауатын ашуға көмектеседі. Оның нақты нәтижесін көзбен көріп отырмын. Бұрын біз несие алу үшін, құжаттарды рәсімдеу үшін бірнеше мекеменің табалдырығын тоздыратынбыз. Түрлі қиыншылықтарға тап болатынбыз. Ал қазір мұндай келеңсіздіктерге ұрына қоймайсыз. Бизнеске байланысты барлық мәселені осы палатаға келіп шешуге мүмкіндік бар. Тіпті, бүгінде аудан, ауыл кәсіпкерлеріне де қол ұшын беріп жатыр. Осы қарқынмен кете берсе, болашақта облыста кәсіпкерлер қатары артып, іскерлік тап бұқаралық сипат алатыны анық. Сонда экономикамыз қуаттанып қана қоймай, сыбайлас жемқорлық та азаяды. Өйткені, нағыз біліктілік пен іскерлік жүрген жерде әділдік орнайды..
«Игіліктің инновациялық жолы» атты мақалады маман өңіріміздегі аграрлық сала бойынша инновациялық жобалардың тиімділігі мен болашағы турасында жан-жақты өз ойымен бөлісіпті.
...Елбасы Н.Назарбаев еліміздің агроөнеркәсіп саласы алдына 2020 жылға қарай 4 есеге арттыруды, ал ішкі рыноктың 80 пайызын отандық азық-түлік тауарлары есебінен қамтамасыз ету жөнінде нақтылы міндеттер қойғаны белгілі. Үкіметке астық саласын ұйымдастыру және құрылымдау, мал шаруашылығы¬н, жем-шөп өндірісі мен шалғайдағы жайылымдық жерлерді игеру жөніндегі бағдарламаларды жасап, оның орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Осыған орай, ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған отандық және шетелдік тиімділігі жоғары технологиялар мен ғылыми әзірлемелерді өндіріске жеделдете енгізіп, оларды пайдалану тәжірибесін өңірлерге тарату мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі АӨК саласында білім тарату орталықтарын құру жөніндегі жобаны жүзеге асырып келеді. Осы жоба аясында, Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты базасында осыдан 4 жыл бұрын «Қызылорда» білім тарату орталығы ресми ашылды. Орталық сала мамандары мен фермерлергеоқытушылық және тәжірибелік білім берумен айналысып келеді. Бұл жаңа технологиялармен жұмыс істеуді, сол арқылы өндіріс тиімділігін арттыруға және Үкіметтің қолдауымен іске асырылып жатқан жобаны облыста жүйелі түрде іске асыруға атсалысатын жаңа құрылым.
Бүгінге дейін аталған орталықта ұйымдастырылған семинарларға мыңнан астам ауыл шаруашылығы саласының мамандары қатысып, өз біліктіліктерін жоғарылатты. Өткізілген семинарларға талдау жасасақ, негізінен күріш өсіру технологиясы және шаруашылықта инновациялық технологияларды қолдану, егін шаруашылығын әртараптандыру бағыттарында ұйымдастырылды. Оған күріш өндірумен айналысатын шаруашылықтардың агрономдары, сушыларымен қатар жеке қожалықтар басшылары қатысып, тың ақпараттар алды. Нақты кезеңде өңірімізді көкөніс-бақша, жеміс-жидек дақылдарымен қамтамасыздау бағытында біршама жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі күні бұл саламен негізінен жеке қожалықтар мен кәсіпкерлер айналысуда. Осыған орай семинарлар тақырыптарына жылыжай шаруашылығын дамыту, картоп және көкөніс-бақша дақылдарын өсіруде су үнемдеу технологиясын қолдану бағыттары енгізілді.
Соңғы уақытта мал шаруашылығын қайта жаңғыртуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың арқасында осы саламен айналысатын шаруашылықтардың саны өсу үстінде. Олар негізінен ет, сүт және асыл тұқымды мал басын көбейтуге бағытталған. Осыған орай орталықта мал шаруашылығын ұйымдастырудың инновациялық жолдары, асылдандыру және қолдан ұрықтандыру мәселелеріне орай сабақтар ұйымдастырылып келеді.
Мәселен, өткен жылы жоспарланған 13 семинарға 285 тыңдаушының орнына 324 адам қатысты. Бұл көрсеткіш ауыл шаруашылығы мамандарының жаңа технологияларға деген қызығушылығын көрсетеді.
Мысалы, алғашқы семинары «Аграрлық менеджмент және ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын басқару» тақырыбына арналды. Онда ауыл шаруашылығы өндірісінің экономикалық даму жағдайы және оның негізгі проблемалары мен аграрлық саланы жүйелі түрде дамыту жолдары назарға алынды. Аймағымыздың алдыңғы қатарлы өндіріс орны болып саналатын «Абзал и К» толық серіктестігінде өндірістік тәжірибелік дәрістер ұйымдастырылды.
Осылайша білім тарату орталығы ауыл шаруашылығы саласындағы түрлі мамандардың бас қосып пікір қосып, тәжірибе алмасатын ордасына айналды. Мәселен, «Егін шаруашылығын әртараптандыру, күріш ауыспалы егіс жүйесін сақтау» тақырыбында суды аз тұтынатын дақылдар ұсынылып, ғылыми негіздемелері талқыланды. Сондай-ақ, «Төрт түліктің асыл тұқымды құндылықтарын бағалауды ұйымдастыру және жүргізу» тақырыбында асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту жолдары, мал будандарын бағалаудың тәсілдерін теориялық және практика жүзінде машықтандырылды. «Қызылорда» қалалық ветеринарлық станциясымен «Ақбарыс» ШҚ-да далалық дәрістер ұйымдастырылып, оған қырыққа жуық мамандар қамтылды.
Бұндай семинарлар қатарында «Дақылдарды зиянкестер мен аурулардан қорғау», «Көкөніс-бақша, картоп дақылдарын, жеміс ағаштары мен жүзімдіктерді тамшылатып суғару технологиясы», «Ауылшаруашылық жануарларының инфекциялық, инвазиялық және соматикалық ауруларының алдын алу және емдеу», «Малды қолдап ұрықтандыру технологиясы» және тағы басқа тақырыптар бойынша келелі кеңестер, пайдалы сабақтар өтті. Семинарлар соңы практикалық шаралармен жалғасын тауып, тыңдаушылар білім мен тәжірибені ұштастыра білді.
Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына келген арнайы қонақтар Білім тарату орталығының жұмыстармен танысып, тыңдаушыларға дәрістерін оқып, тәжірибесімен бөлісіп кетеді. Мысалы, «Генетика. Қазақстанның табиғи-климаттық жағдайына бейімделген қой тұқымдары» тақырыбында өткен шараға Австралияның мал шаруашылығы бағытындағы сарапшысы Уильям Дейли қатысып, жергілікті мамандарға теориялық-практикалық сабақтарымен бөлісті. Ол Жаңақорған ауданындағы «Көбелдес» шаруашылығында өткен далалық семинарда қой шаруашылығын дамыту жолдарын талқылады.
Бүгінгі жағдайға талдау жасай отырып, өкінішке қарай, біріншіден ауыл шаруашылығының көптеген салаларында кадрлардың жетіспейдігін және ғылым өндіріспен әлсіз байланыста екендігін көреміз. Сондықтан аграрлық бағдардағы ғылыми-зерттеу институттарының жанында өкілеттік желілерін құру арқылы АӨК саласында Білім тарату орталықтары осы жағдайды оңды шешуге барынша жұмыс істейтін болады.
БҮЛІКШІЛЕРДІҢ КӨЗДЕГЕНІ НЕ?
Ақтөбе облысында террористердің салған ылаңы кім-кімді де бей-жай қалдырмағаны анық. Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының Дін мәселелерін зерттеу орталығы КММ-ның директоры Бақытжан Камалов «Бүлікшілердің көздегені не?» деген мақаласында оқиғаға байланысты ой-байламын білдіреді.
...Бұл оқиғаға дін атын жамылған радикалды топтардың қатысы барлығы айтылуда. Оған себеп не болуы мүмкін? Кез келген әлемдік діндердің негізі киелі кітаптарында, Қасиетті Құранда зорлық-зомбылыққа үндемейтіндігі, бейкүнә жандарды өлтіруге жол бермейтіндігі баршамызға белгілі. Елімізде әр үш жыл сайын өткізіліп жатқан Әлемдік дәстүрлі діндер лидерлерінің съезінде мәртебелі дінабасылары зорлық-зомбылықтың кез келген түрі дінде қошталмайтындығын айтып, оған қарсы тұруға барлық адамзатты бір ауыздан шақырған болатын.
Десек те, өкінішке қарай, дін атын жамылған жекелеген топтардың әрекеттерінен әлемде күнделікті қаншама мемлекеттер мен бейбіт тұрғындар жапа шегуде. Таяу Шығыс пен Араб елдерінде, Пәкістан мен Ауғанстанда, Ирак пен Сирияда, бауырлас Түркия мемлекетінде, сондай-ақ, Еуропа елдерінде де лаңкестік әрекеттер орын алуда.
Біздің елімізде қоғамның қауіпсіздігіне, елдің бірлігіне нұқсан келтіретін кез келген әрекеттердің алдын алуға тиісті Бағдарламалар қабылданып, қажетті шаралар жүргізілуде.
Алайда, Ақтөбеде орын алған оқиғаның біздің елімізге де діни радикализмнен қауіп барлығын көрсеткендей. Қасиетті Рамазан айының қарсаңында дін атын жамылған топтардың Ақтөбеде орын алған қайғылы оқиғаға қатысты болуы өте өкінішті. Діни білімді ресми орындардан емес, керісінше ғаламтор мен жеке тұлғалардан алатын азаматтардың радикалды ұйымдардың ықпалында қалары сөзсіз. Сондықтан да бүгінгі күн баршамызға діни сауатты болуды, діни білімді үйренуде аса мұқияттылықты қажет етеді.
Қазір елімізде барлық мемлекеттік ұйымдар, діни бірлестіктер мен зиялы қауым өкілдері Ақтөбедегі оқиғаларды талқылауда. Бізде діни нанымды өз мақсаттарына бұрмалап, қоғамда бүлік тудыруды айыптаймыз. Қоғамды әсіресе жастарды радикалды ұйымдардан сақ болуға шақырамыз.
Тілші облыстық Н.Бекежанов атындағы музыкалық драма театрында облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен «Қазақтың келіндері-ай» атты салтанатты шара туралы «Қазақтың келіндері-ай» атты шағын мақалада ой қозғайды.
Ата-енесін ардақ тұтып, әулетінің береке-бірлігін арттырып, ынтымағын жарастырып, туған-туысына келінге тән иба, әдебімен жаққан келіндерді көпшілікке үлгі қылу, оларға құрмет көрсету мақсатындағы шараға облыс әкімінің орынбасары Рауан Кенжеханұлы қатысты.
Салтанат сахнасына көтерілген облыс әкімінің орынбасары шараның көпшілік үшін, әсіресе жас буын үшін маңыздылығын атап өтіп, игілікті істі алғаш болып қолға алған облыстық ардагерлер кеңесіне алғысын білдірді.
- Құрметті қауым, бүгін, міне, біздің елде «Қазақтың келіндері-ай» деген аты да, заты да, мазмұны да ерекше шара өтіп жатыр. Бұл қазақшылықтың қаймағы бұзылмаған, салт-дәстүрді берік сақтанған Сыр елі үшін мақтануға тұратын бастама және көпшілікке, өзге аймақтарға, тіпті, республикаға үлгі ретінде көрсетуге, таратуға лайықты шара деп ойламын. Осы бастаманы ұйымдастырып, басы-қасында жүрген облыстық ардагерлер кеңесіне, оның басшысы Сейілбек Шаухаманов ағамызға алғысымыз шексіз. «Отан отбасынан басталады» дейді. Олай болса, қазақ отбасында келіндерге жүктелетін жауапкершіліктің жүгі ауыр. Сондықтан да керегемізді алтын қылып отырған үлгілі келіндерді қалай құрметтесек те жарасады,- деп атап өтті Рауан Кенжеханұлы.
Өз кезегінде сөз алған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухаманов шараның мән-мағынасына тоқталды.
- Кешегі қыз, бүгінгі келін, ертеңгі ана, арғы күнгі әже. Қазақ: «Келіннің аяғынан, қойшының таяғынан» - деп бекер айтпаса керек. Отбасын отбасы етіп, әулетті әулет етіп, елді ел етіп отырған осы аналар - келіндер. Халқымыздың бар жақсы қасиеттерін, тілін, дінін, әдет-ғұрпын, салт-санасын, дәстүрін дарытушы, дамытушы, насихаттаушысы да әйел, ана, келін. Сондықтан облыстық ардагерлер кеңесі үстіміздегі жылдан бастап өңірімізде келіндердің байқауын, таңдауын жүргізіп, жариялылығын қамтамасыз ететін болады, - деді Сейілбек Шаухаманов.
Таңдаулы келіндерге «Қазақтың келіндері-ай» арнайы дипломы табысталып, «Үлгілі келін» алқасы тағылды және сыйлықтар берілді. Сонымен бірге үлгілі келіндердің есімдері облыстық ардагерлер кеңесінде ашылған «Құрмет кітабында» жазылды.
Шағын мақалада автор адам жасаған игіліктің өшпейтіні жайлы айтпақ болған. Оны нақты оқиға арқылы сипаттап, көркем тілмен жеткізе білген. Мақаланың атын «Қали көпірі» деп атапты.
...Біздің ауылдың сыртында үлкен канал бар. Ол канал баяғыда Сталин каналы аталатын. Ал сол каналда "Қали көпірі" атты өткел бар. Сол көпірден әрі-бері өткенде осы өткелге атын қалдырған Қали шал есіме түседі.
Жарықтық қызық кісі еді. Ол ерте көктемде Шаңқай базарына шығып, жетім лақтар мен қозыларды арзан бағаға сатып алып, Комсомолдағы қалың шеңгелге жіберетін. Ол кезде жер от, айнала қалың тоғай. Қалада қамауда тұрған малдар еркіндікке шығып, аяғымен жайылған соң лезде қоң жинайтын, олардың саны да тез өсіп, уақыт өте келе бір отар малға айналатын. Сол жетім лақтар мен қозылардың қайдан табыла беретініне таңғалатынмын. Ол кезде қалада шешендер көп, сірә, төлін айырып солар сататын болса керек. Жаздай өз бетімен жайылып, әбден семірген малдар қоңыр күзде Қалидың қалтасына қаржы болып құйылатын. Сол кісілер қазіргі заманда өмір сүрсе нағыз кәсіпкер болып шыға келер еді. Ол кісі жалғыз мал өсірумен айналыспайды. Бау-бақша егу де сүйікті кәсібі еді. Бір жерге пияз ексе, басқа жерде қауыны мен қарбызы, картобы мен сәбізі өсіп жататын. Ол кезде каналда көпір жоқ. Әрі-бері мал айдап өткен ауыл тұрғындары судан әбден зәрезап болатын. Бір күні Қали әкеміз жағалай еккен тал-теректерінің ең түзулерін балтамен кесіп құлата бастады. Оны әбден кептіріп, атпен канал жағасына тасыды. Жағалай жатқан теректер үстінде балалар ойнап, мәз болысып қалдық. Оны тасып болған соң канал үстіне қаз-қатар төсеп, көпір салуға кірісті. Оның үстіне көлденең айыр-айыр шеңгелдерді тастады. Ол кездегі шеңгелдер де ұзын, жуандығы баланың білегіндей. Шеңгел үстіне қалың етіп топырақ төседі. Жетпегенін алыстан арбамен тасыды. Ол кезде қазіргідегідей мыңдаған түтінді ауыл жоқ. Әр жерде бес-алты үй отыратын. Істегісі келген адам кімге сауын айтып жүрсін? Әлгі жұмыстарды Қали әкеміз бір апта жүріп бітірді. Біз Ибрагим атты баласымен қой-ешкілерін қайырысып, бірге ойнаймыз. Әлгі өткел бірден "Қали көпірі" аталып кетті. Кейін, бертін келе канал кеңейтіліп, тереңдетіліп техникалармен қайта қазылды. Үстіне темір бетоннан талапқа сай үлкен көпір салынды. Сонда да, Қали әкеміздің есімі сол көпірде қалып қойды. "Халық үшін көпір сал, сауабы тиеді" деген құран сөзінің ақиқаттылығы да осында. Өз есімін өшпестей етіп артында қалдырған қарапайым шалдың өнегелі тірлігі осы кезде еске түседі.
Биылғы жылы сол көпірдің екі жағын қоршаған жақтаудағы темір шарбағын әлдекімдер әдейі, автоген апарып кесіп алып кетіпті. Әрине, болмашы тиын-тебенге өткізу үшін. Салыстырып қараңыз. Оқымаған кәрі шалдың тірлігі анандай. Жаһандану кезіндегі оқыды, тоқыды, білімді деген жастарымыздың тірлігі мынандай.
Бұл не өзі? Әлде, нарық заңы осы ма?
...Кезінде Қали ақсақал ешкі-лағын қайырысып жүрген бізді түскі шайға шақыратын.
Далада, әлсін-әлсін суға түсіп келіп ішкен шай мен қолдан пісіп алған сары майды нанға жағып жегенді айтсаңшы. Осы кезге дейін таңдайыңнан дәмі кетпейді. Талай дәмдес болып, артында із қалдырған сары шалдың аруағы риза болсын деп осы мақаланы жазып отырмын. "Халқың үшін қызмет ет, атың өшпейді", - деген нақылдың мәнісі осы болса керек.
Аграрлық аймақтан индустриялық өңірге өту мақсатында бүгінде Сыр бойынды қолға алынған жобалар аз емес. Автор осы игілікті іске «Сырға серпін берген жобалар» атты мақаласында біршама тоқталған.
...Өңірде индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында қарқынды жұмыстар атқарылуда. Осы күні құны 387,7 млрд теңгені құрайтын 50 жоба іске асырылып жатыр. Жобалар толыққанды іске қосылғанда 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Елдегі ілкімді істердің басы-қасында жүретін БАҚ өкілдері инудстриалды-инновациялық даму басқармасының үйымдастыруымен баспасөз турында болып қайтты.
Арман Аймахан "Жан Арай Жем" серіктестігінде оператор болып қызмет істейді. Құрама жем өндіру жобасын іске асырып жатқан мекеменің барлық құрылғылары компьютермен басқарылатындықтан мұнда оператордың маңызы зор. Ғылымның дамыған заманында ол кәсіпорынның әрбір өнімінің сапалы шығарылуына атсалысады.
- Кәсіпорын ашылғалы бері осында еңбек етіп келемін. Екі қызым бар. Отбасымның игілігі жолында адал еңбекпен нан тауып жүрмін. Балаларым жас. Өзіміз де жас отбасы қатарындамыз. Жаңақорғаннан келгенбіз, әзірге пәтер жалдап тұрамыз. Осы жұмыстан еңбектеніп, өз баспанамды да көтеремін, - дейді А.Аймахан.
Мұнда Арман тәрізді алдына мақсат қойған 110 азамат жұмыс істейді. Өңірлік индустриаландыру картасына 2011 жылы енгізілген бұл жоба толық қолданысқа берілгенде ұзын саны 250 азаматты тұрақты жұмысқа қабылдамақ. Бастапқыда 280 миллион теңгені құраған жоба жан-жақты дамытылып, ауқымы кеңейіп, 375,9 млн теңге болып бағаланған. Құрама жемнен бөлек, күріш ақтау зауыты, құс фермасы да осы кешеннің құрамына кіреді.
- Агрокешен 10 гектар аумаққа орналасқан. Бұл күнде нысанның 6 гектары толық игерілді. Біз Қызылорда облысынан ғана емес, басқа да алыс жерлерден тұрақты жұмыс істеймін деген азаматтарды жұмыспен қамтимыз. Сондықтан мекеменің өз жатақханасын салудамыз. Ал біраз уақыт бұрын әкелгенін 10 мың қаз-үйрек көлге жіберілді, - дейді серіктестік директоры Мұрат Айменов.
Құрылысы қарқынды дамыған аймақтағы маңызды жобалардың бірі - үй құрылысы комбинатын салу. Аталған нысанды "РМЗ-Шапағат" ЖШС оңтүстік өнеркәсіптік аймақта орналастырған. Үш гектар көлемді алып жатқан нысан бұл күнде темір-бетон бұйымдарын шығару үстінде. Қуаттылығы жылына 35 мың шаршы метр. Мекеме "Өнімділік - 2020" бағдарламасы аясында "Қазақстанның даму банкі" АҚ еншілес кәсіпорны "БРК-Лизинг" АҚ-ның лизингтік қаржыландыруы арқылы германиялық жаңа технологияларға қол жеткізген. Келісімшарт бойынша 5 пайыздық үстемемен 2021 жылға дейін қаржыны қайтаратын болады.
Тәй-тәйлап қадам басқан шағын зауыттың құрылысы барысында 52 адам жұмыспен қамтылса, бұл күнде мұнда еңбек етіп, нәпақасын айырып отырған 68 азамат бар. Солардың бірі - Сейілбек Бәйменов. Ол оператор қызметін атқарады.
- Мұнда менің міндетім - мына бетон құятын аппаратты басқару. Құйылған бетон 12 сағат кебеді де, қолданысқа даяр болып шығады. Күніге 40 бетон құямыз. Оның да екі түрлі өлшемі болады. Бірінің ұзындығы 6 метр, екіншісінікі - 3,5 метр. 8 жылдан бері "РМЗ-Шапағат" мекемесінде жұмыс істеймін. Енді осы жаңа нысанда тер төгу бұйырыпты, - дейді С.Бәйменов.
Сыр елінің серпінді жобаларының бірі - құрылысын «Orda Glass Ltd» ЖШС жүргізіп келетін шыны зауыты. Қызылорда қаласындағы индустриялық аймақтан 50 гектар жер телімі бөлінген болатын. Бұл күнде құрылыс жұмыстары қарқынды. Облыс экономикасын арттырып, өңірдің әл-ауқатын жақсартып, талай жаңа жұмыс беретін нысанның құрылысы 75 пайыз дайын. Жылына 197 100 тонна табақша шыны шығарады деп күтіліп отырған зауыттың құрылыс жұмыстарына 200 адам жұмылдырылған.
Осы күнде 2,5 млрд теңгенің жұмысы атқарылды. Біртіндеп тапсырыс берген құрылғыларымыз келіп жатыр. Нысанды 2017 жылдың алғашқы жартыжылдығында пайдалануға береміз деген мақсат бар, - дейді «Orda Glass Ltd» ЖШС басқарма төрағасының орынбасары Қанат Мұнатаев.
Сырдарияның жағасындағы Сыр елінің бас қаласы, Алаштың алғашқы астанасы дамудың даңғыл жолында. Күн санап көркейіп келе жатқан аймақтың мұндай жобалар арқылы әлеуметтік-экономикалық жағдайы нығаймақ. Демек, мұндай тың жобалар әлі де бой көтерері анық.
Журналист Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі мәлім еткен жайларды саралай келе облыс экономикасының жай-күйіне де тоқталып, сараптама жасайды. Мақаланың аты «Жартыжылдықта жақсы нәтижелер бар»
Күллі әлем экономикасындағы жағдай бұрынғысынша күрделі күйінде қалып отырғанына қарамастан, Қазақстанда 2016 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнім өсімі 0,1пайызды құрады. Бұл туралы Қазақстан Үкіметінің отырысында республика Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев мәлімдеген еді.
Мәжілісте аталып өтілгеніндей, республика экономикасының негізгі салалары - өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, сауда, көлік, байланыс бойынша дамудың оңды серпіні байқалады. Аталған кезеңде негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 8,5 пайызға ұлғайды. Инвестициялардың ең салмақты өсуі ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салаларында байқалып отыр.
Қазақстанның негізгі экспорты мұнай мен металл бағаларының төмендеуі салдарынан 2016 жылдың алғашқы бес айында экспорт көлемі 31 пайызға қысқарды. Нәтижесінде сыртқы сауда айналымы 30 пайызға төмендеді. Сонымен бірге Қ.Бишімбаев сыртқы сауда сальдосы 4,5 млрд АҚШ доллары көлемінде оң сақталғанын атап көрсетті.
Қазақстанда орташа номиналды жалақы 9,9 пайызға өсіп, 133,5 мың теңгені құрады. Инфляция үстіміздегі жылдың басынан бастап 4,6 пайызды құрап отыр.
Мәжілісте "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде тұрғын үйді пайдалануға беру көлемінің едәуір өскені айтылды. Мемлекет қаражаты есебінен 262 мың шаршы метр үй пайдалануға берілді. Ал жылдың соңына дейін қосымша 309 мың шаршы метр тұрғын үй алаңын пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Үстіміздегі жылдың алғашқы жарты жылдығының қорытындысы бойынша облыс экономикасында бірқатар оңды көрсеткіштерге қол жеткізілді. Бірінші бесжылдықта іске асырылған Индустрияландыру картасының 17 жобасының 11-і толық қуатта іске қосылды. Мұнай саласынан бөлек өндірістің өсімі жалғасуда. Алты айда өңдеуші өндірістің өсімі салыстырмалы кезеңмен алғанда 123,3 пайызды құрады. Облыста шикізатқа деген тәуелділікті төмендету мақсатында металлургия мен басқа да өндірістік жобаларды дамыту жұмыстары жалғасуда. Шыны зауытының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Нысанға құрал-жабдықтар келе бастады. Облыста 2017 жылдың алғашқы жартыжылдығында алғашқы өнім шығарыла бастайды.
Аталған кезеңде облыста 220 мың шаршы метр жаңа тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл 2015 жылдың осы уақытымен салыстырғанда 10 пайызға артық. Осы жарты жылда 1,5 мыңға жуық отбасы баспана жағдайын жақсартты.
Жеке тұрғын үй құрылысын дамыту мақсатында жуырда ғана облыста 6600 отбасы жеке үй құрылысы үшін жер учаскелерін алды.
Үстіміздегі жылдың алты айының қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджеттің түсім болжамы 24 пайызға артығымен орындалды. Оның ішінде жергілікті бюджеттің болжамы 27 пайызға артығымен орындалып отыр. Нәтижеде бюджеттің кіріс бөлігі 5,7 млрд теңгеге өсті. Қазірдің өзінде облыстық бюджеттің меншікті кірістері өткен жылғы көрсеткішпен 4 млрд теңгеге артық немесе 38,7 млрд теңгеден 42,7 млрд теңгеге артып отыр.
Жыл басынан бері республикалық бюджеттен облысқа 82 млрд теңге көлемінде мақсатты трансферттер мен несиелер тартылды. Бұл республика бойынша Алматы қаласы және Солтүстік Қазақстан облысынан кейінгі үшінші көрсеткіш.
ТҮГІСКЕН ҚОРЫМЫ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?
Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дың «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, ғалым Әзілхан Тәжекеев «Түгіскен қорымы туралы не білеміз?» атты мақаласында тың деректерді алға тартады.
...Б.з.д. ІІ мыңжылдықтың екінші жартысында - І мыңжылдықтың бас кезінде Сырдарияның төменгі бойын мекен еткен халық Батыс және Орталық Қазақстанның далалық тайпаларымен неғұрлым тығыз байланыста болса керек. Өйткені мұнда дамудың жергілікті бағыты андронов мәдениеті болып келеді. Аралдың оңтүстік өңірімен б.з.д. ІІ мыңжылдықтың екінші жартысында өзара жақындасу шығысқа таман емес, тек қана Іңкәрдария мен Ақшадария арналары өңірінде болды. Себебі, б.з.д. І мыңжылдықтың бас кезінде хорезмдік әмірабад керамикасы бүкіл Іңкәрдария бойында дерлік ұшырасады.
Қола дәуірі Сыр өңірінде қызықты ескерткіштерімен танымал. Солардың бірі - кейінгі қола дәуіріндегі көсемдер жерленген Солтүстік Түгіскен қорымы. Қорым Іңкәрдарияның құрғап қалған арнасын бойлай 400 шаршы метрге жуық ауданды алып жатқан 20-ға жуық ірі және шағын жерлеу құрылыстарынан тұрады. Олар қам кесектерден тұрғызылған және айнала жапсарласқан немесе жанынан топтасқан әртүрлі форма мен өлшемдегі жерлеу құрылыстарынан тұратын үлкен кесенелердің қирандысы түрінде сақталған.
Түгіскенге оңтүстік өркениеттің (Орта Азия) қам кесек пен шеңберлі керамика сияқты элементтері әкелінген болса керек. Алайда, мұның бәрі жергілікті, негізінен андронов мәдениетіне үстеме болып қана қосылады. Бұл аталған мәдениеттің керамика үлгілерінде, жерлеу құрылыстарының құрылымында, жерлеу ғұрпының кейбір элементтерінде дәстүрлі түрде сақталады.
Қазақстанның соңғы қола дәуірінің аса көрнекті ескерткіштері болып табылатын Түгіскен кесенелері Аралдың шығыс өңірінің ежелгі малшыларында діни құрылыстар архитектурасы мен құрылыс техникасының барынша дамығандығын көрсетеді.
Сол кездегі жердің беті болған құм еденде, бағандардың ішкі және сыртқы жағында, сондай-ақ, кесенелер қабырғаларының ішкі жағында да бірнеше қатар шеңберлей орнатылған ағаш тіреулердің шұқырша орындары бар. Бұлар қажет бола қоймаған, өйткені кірпіш бағандар төбеге мықты тірек бола алатын еді. Тіреулі құрылымдардың сақталуы мазардың тұрғын үй құрылымын қайталайтындығынан болса керек.
Орталық бөлікте және ішкі дәлізде жерлеу мүліктері: керамика, қоладан жасалған құралдар, қола және алтын әшекейлер және басқалары тұрған. Өлгендермен бірге қабірге мүшелеп бөлінген мал етін салу ғұрпы болған.
Түгіскенде өлікті өртеу ғұрпы басым. Осы ғұрыпты атқару кезінде бүкіл ғимарат өртелген. Ғимараттың бұдан әрі қалай сақталғаны әзірге белгісіз. Мәселе мынада: кесенелер көсемдерді жерлейтін орын болған, соның өзінде олардың әрқайсысының маңына отбасы мүшелері мен жақындарының көлемі жағынан неғұрлым шағын бейіттері топтастырылған. Бұл қабірлер негізгісімен тұтас бір кешен болып, оған жапсарлас орналасқан. Бұл орайда ғимарат қираған күйінде тұра берді деу қиын. Ғұрып атқарылғаннан кейін кесене қайтадан жабылуы мүмкін, ал бұл жағдайда оның төбесі кірпіш бағандардың үстіне орнатылған.
Біршама кейінірек негізгісіне жапсарластыра салынған бейіттер көкшіл, ақ кесектен өрілген тікбұрышты қоршаулар болып келеді. Мола шұңқыры жер бетінен 60-80 см тереңдетіліп қазылған. Қоршаулардың аумағы 35 шаршы метрден 50 шаршы метрге дейін жетеді. Оларды салу кезінде кесененің қабырғасы жиі пайдаланылған. Бұларға көсемнің туысқандары мен дос-жарандары жерленген. Мұндай үлгідегі құрылыстардың арасында ірі кесенелердің бірінің солтүстік қабырғасына жапсарластыра салынған, бірақ құрылымы жағынан онымен байланыспайтын кешен ерекше орын алады. Оның орталық бөлігіне, тегінде, әйел жерленген болу керек, онда ыдыстар мен әшекейлер жиынтығы (алтыннан және ақықтан жасалған моншақтар, салмақты алтын сырға, қола түйреуіш) қойылған. Бұл бөліктен батысқа таман тағы бір бөлме бар, оның жер ошағының төңірегінде сан алуан және көлемі әр түрлі 40-қа жуық ыдыс табылды.
Түгіскен кесенелерінің бірінен 60-тан астам ыдыстың мол жиынтығы табылды. Олардың біразы құмыра жасайтын ұршықшада істелген, қалғандары қолмен жапсыру арқылы жасалған.
Кесене мен қоршаулардың ежелгі дәуірінің өзінде-ақ тоналғанына қарамастан, табылған заттар көп. Мұнда әр түрлі екі жүзден астам бүтін ыдыстың табылғанын айтсақ та жеткілікті.
Түгіскен керамикалық кешеніне тән ерекшелік - оның мейлінше алуан түрлі болуы. Қолмен жапсырып жасалған ыдыста жергілікті андроновтық дәстүрлер ерекше айқын аңғарылады. Бұлар аузы жайпақ құмыралар немесе тегене тәрізді ыдыстар болып келеді. Олардың қабырғалары түгелдей өрнектелген; кейде иінінен бүйіріне дейін тарақ тәрізді қалыппен түсірілген таға сияқты өрнекпен өрнектелген ыдыстар да кездеседі. Бұл жағдайда мойнына бөлек бір белдеу өрнек салынған ыдыстар өте жиі ұшырасады.
Табылған заттардың керамикалық кешені және басқа заттар, мәселен, жебенің жалпақ қола ұштары Солтүстік Түгіскен кесенелерінің салынған уақытын б.з.б. ІХ-VІІІ ғасырлар деп анықтауға мүмкіндік береді.
Өте сирек ұшырасатын осы ескерткіштің қай мәдениетке жататынын анықтау -принципті маңызы бар мәселе. Ең алдымен, мұнда андронов мәдениетінің басым дәстүрлері айқын аңғарылады. Алайда, бұл қуатты андронов компоненті Орталық Қазақстандағы сияқты оқшау түрінде емес, Беғазы-Дәндібай мәдениетіне тән бірқатар жаңа белгілермен аралас ұшырасады. Мұның жоғарыда айтылып өткен керамикадан басқа жерлеу құрылыстарының сипатына және басқа ерекшеліктерге де қатысы бар.
Көлемді қабырғалары, ортасында бөлігі, айналма дәліздері бар Түгіскен кесенелері Орталық Қазақстандағы осы тектес құрылыстарға ұқсас, бірақ ондағы құрылыстар орасан ірі тастардан қаланса, мұндағылар қам кесектен қаланған. Бұл жағдайдың мәні өте зор.
Оңтүстік Түрікменстанның егіншілік мәдениеттерінде құрылысты шикі кірпіштен салу ежелгі заманнан бар, сондықтан, Түгіскен кесенелерін салушылар өздерінің оңтүстіктегі көршілерінің құрылыс тәжірибелерімен таныс болған деп топшылау керек.
Осылайша, бұл арада біз сәулетшілік шеберлігінің әжептеуір жетілген деңгейін көріп отырмыз. Орта Азия далаларында бұларға ұқсас құрылыстар жоқ.
Қорыта айтқанда, Солтүстік Түгіскен қорымы Орталық Азия мен Қазақстандағы қабір үсті құрылысының көлемі мен күрделілігі жағынан, сондай-ақ, қабірге салынған заттарының байлығымен және молдығымен ерекшеленетін қола дәуірінің теңдесі жоқ бірден-бір ескерткіші болып табылады.
«Корёден тамыр тартқан ұлт» атты мақалада кәріс ұлтының салт-дәстүрі, тарихи-мәдени мұралары, бастарынан өткен қиыншылықтар сөз болады.
...Қазақ халқының болмыс-бітімімен біте қайнасып, тұрмыс-тіршілігі ортақ болып кеткен ұлттардың бірі -кәрістер. 1939 жылғы депортация салдарынан күштеп көшірілген корейлердің көпшілігі біздің Сыр өңіріне орналасқаны белгілі. Сонау аласапыран уақытта қаншама қайғы-қасірет пен қуғын-сүргінді басынан өткерген қазақ жұрты тағдырлас халықты сыртқа теппей, бауырына басты. Сол уақыттан бері кәрістер Қазақстанды құтты мекен деп танып, қазақ елі мен жеріне адал қызмет етіп келеді. Қазіргі сәтте кез келген салада олардың өзіндік үлестері бар. Бүгінде саны аз болса да, корейлер өзіндік ұлт ретіндегі мәдени құндылықтарын елімізде қалыптастырып келеді.
Өздерін корё сарам корейлері деп атайтын қазақ жеріндегі кәрістер тарихи-мәдени мұраға бай. Олар ата-бабаларынан бері келе жатқан халықтық элементтер мен санғасырлық ұлттық салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын өз дәрежесінде сақтап дәріптеуде. Ата салтын бүгінгі күнге дейін жеткізген ұлттың дәстүріне кеңінен тоқталсақ. Біздің дәуіріміздегі 918-1392 жылдар аралығында алыс-жақын елге танылған Корё мемлекетінен тамыр тартқан корейлер үш мерекені ерекше атап өтеді. Ол - баланың туған күні, екіншісі - үйлену тойы, үшіншісі - мүшел тойы (алпысқа келуі). Үйлену тойы міндетті түрде сенбі, жексенбі күндері өткізіледі. Корейлердің салты бойынша ұзатылған қызды оның шешесі күйеу жігіттің қолына өзі әкеп береді. Келінді үйге кіргізгенде оның жолына ақ мата жайып, үстіне күріш төгеді. Қалыңдық күрішті басып, ақ жолмен үйге қарай жүріп өтеді. Ол келіннің жолы ақ және ырзықты болсын деген тілекті білдіреді екен. Сондай-ақ, бұл уайым-қайғысыз өтетін бақытты ғұмырдың белгісі болса керек. Қазақтарда мұндай ақ мата жаю ырымы қыз ұзатарда орын алады.
Мұнан соң келін алдын ала дайындалып қойылған айнаны енесіне береді. Жігіттің шешесі оны күріш салған қаптың ішіне тығады. Бұл - келін мен ене тату болсын дегенді меңзейтін ырым. Қазақ халқы үшін махаббаттың символы ретінде аққу құсы қадірлі болса, кәрістерде екі үйрек жас жұбайлардың бір-біріне деген сенімі мен адалдығының белгісі болып саналады. Сондықтан той кезінде бұл құстар міндетті түрде болады. Енді бір айта кетерлігі, той салтанаты басталмас бұрын жас жұбайлар «пхйебэксиль» бөлмесіне келеді. Бұл бөлмеде оларды жігіттің туыстары мен ата-анасы күтеді. Жас жұбайлар жігіттің ата-анасының алдына тізерлеп отырып, өз құрметін көрсетеді. Осыдан кейін барлығы салтанат залына өтіп, өздерінің тілектері мен лебіздерін білдіреді. Тойда жастар жібек матадан тігілген ұлттық киім киеді. Әдетте, той киімінің түсі қызыл, күңгірт, жасыл, күлгін болады. Киімге арнайы ою-өрнектер тігіледі. Сондай-ақ, той киіміне неше түрлі жібек баулар тағылады. Бұл жас жұбайлардың ғұмыры сәтті әрі берекелі болсын деген мағынаны береді. Корейлердің дәстүрі бойынша келін түскеннен кейінгі үшінші күнінен бастап үй шаруасымен айналысады. Тойдан кейінгі салт «сямири» деп аталады. Жас жұбайлар мен күйеу жігіттің ата-анасы келіннің ата-анасының үйіне қонаққа барады.
Кәріс халқы үшін екінші маңызды мереке әулеттің тағы бір мүшемен толығуы. Ең алғаш олар «Пэк иль» мерекесін тойлайды. Бұл мереке баланың дүниеге келгеніне 100 күн толғанда атап өтіледі. Яғни, баланың осы уақыт ішінде шетінеп кетпегеніне шүкіршілік білдіріп, 100 күн кішігірім дастархан басына жиналып туыс-жолдастардың арасында тойланады. Кәрістерде ерте кезде ер баланың бірнеше есімі болған. Егер бала ауқатты отбасынан шыққан болса жақсы аттар, ал, шаруа адамының баласы болса мағынасы ыңғайсыз аттар қойылған. Себебі, баланың есімі неғұрлым тұрпайы болса, соғұрлым оның өмірі жеңіл болады деп ойлаған. Бұл баланы көз тиюден сақтайды деп білген. Дәстүр бойынша немерелердің есімін ата тегіне қарай оның атасы қояды. Осылайша ататекке байланысты аттар онша көп болмай корей халқында Цой, Пак, Ким, Ли деген аттар бүкіл ру, тайпалардың балаларына ортақ ат болып тараған.
Корей халқы үшін «толь» мерекесінің маңызы зор. «Толь» - баланың бір жасқа толған кезі, яғни алғашқы туған күні. Мерекенің басты ерекшелігі баланың болашағын болжау рәсімі. Яғни, бұл сәтте кішкентай баланың алдына бірнеше заттары бар шағын үстел қойылады. Әдетте, арқан жіп, кітап, қалам, ақша, күріш, кеспе, т.б. дүниелер, сондай-ақ қыздар үшін қайшы, ұлдарға арнап қанжар немесе садақ қойылады. Бала үстелге жақындап, қалаған дүниесін алуы керек. Егер де ол арқан жіп не кеспе алса, оның ғұмыры ұзақ болады. Кітап я қалам таңдаса, болашақта заңғар жазушы, күріш не ақша алған балақай келешекте байлыққа кенеледі деп болжанған.
Сонымен қатар, корей халқында алпыс жасқа толған азаматтың мүшел тойы салтанатпен атап өтіледі. Тойға ағайын-туыстар көп қаржы жинап беретін болған. Бұл қаржымен қарттықты жақсы өткіз деген ырым. Бұл мерейтой егер отбасындағы балалардың барлығы ер жетіп, отбасын құрып, олардың тойлары жасалып, отбасында ешқандай қайғылы жағдай болмаса ғана тойланады. Егер ондай болса, мерейтой кейінге қалдырылып 2, 4, 6 жылдан кейін тойланып отырады.
Корей халқында кейбір мейрамдарды жыл мезгіліне, шаруашылыққа байланысты өткізген. Соның ішінде жаңа жыл салтанатын өткізуге ерекше көңіл бөлген. Олар жаңа жылды қалай көңілді өткізсең, жаңа егіннің өнімі де мол болады деп есептеген. Сондай-ақ, көктемнің басы мен егін салу кезі де бұл халықтарда үлкен мәнге ие.
Осындай өздеріне тән дәстүрі мен салты, рухани-мәдени құндылықтары бар кәріс халқы бүгінде әдет-ғұрыптарын ерекше сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізу арқылы өздерінің бекем әрі өміршең халық екендіктерін дәлелдеуде.
Қазақстан журналистер одағының мүшесі, қаламгер Бектай Әлімбай «Қазақ атауынан қазақ хандығына дейін» атты мақаласында қазақ тарихының арғы-бергі кезеңдерінен тың мәліметтер келтіре отырып, өзіндік ой қорытады.
...Жалпы біздің сақтан тамыр тартатын түпкі тарихымыз қазіргі жыл санауымыздан бұрынғы VIII-VII ғасырлардан бастау алады. Ол кездері Алтайдан Дунайға, Енесай шатқалдарынан Памир тауларына дейінгі ұлан-ғайыр өлкеде ат құлағында ойнаған» дала сайыпқырандары - сақтар өмір сүрген. Және олардың өзі өмір өскелеңдігімен бірнеше іргелі тайпаларды құраған. Сақтардың бірлестік негізін қалаған алғашқы көсемі Алып Ер Тоңа болыпты. Оны атақты Фердоусидің «Шахнамасында», жалпы шығыс елдерінде Афрасиаб деп атайды. Сақтардың ол кездегі діні - Көк Тәңірі, жазуы түрікше болған. Оларды романдықтар - «сакие», қытайлықтар - «сай», ирандықтар - «сака», парсылар - «сақ», үнділер - «саку», эллиндіктер (гректер) - «скиф» деп атапты. Мұндай атаулар мен тарихи деректерді «тарих атасы» Геродоттан бастап Аристей, Страбон, Ктесий, Ксенефонт, Помпени Мела, Климент Александрийский, Полиэн (Палиша) сынды грек тарихшылары жазған және ішінара парсыныңДарий Iпатшасы да тасқа шекітіп қашаттырған «Бехустин» жазбалары мен Персеполь және Хамадан мәтіндері біздің заманызға жеткізді. Сақтардың өмірі мен тұрмыс-тіршілігі, олардың күнделікті пайдаланған ас-су, құрал-саймандары жайлы тереңірек және көбірек жазған Геродот пен Аристей. Олардың жазуынша, сақтар әлеуметтік-ұлыстық тұрғыда үш топқа бөлінеді екен. Алғашқысы - Хаомаварлар, яғни, қымыз даярлаушылар! Екіншісі - Парадариялықтар (үлкен судың арғы жағындағы сақтар). Үшіншісі - Тиграхаудалар. Бұл - «шошақ төбелі бөрік киетіндер» дегені! Гректер өздерінше осылай атаған бұл үш ұлыстан тұратын ағайынды сақтардың әлгідей атауларының өзінен-ақ қазақ иісі аңқып тұрған жоқ па?! Сонымен бірге тағы бір көңіл аударарлық жайт, «Мидия, Ассирия, Лидия жұұртшылығы сақтарды «ишгуз» деп атапты» (О. Сүлейменов «Аз и Я» 252-бет.) деген де тарихи дерек желісі бар. Ишгуз (ишкуз) - үшкөз (үш Ата, яки үш жан), үш Оғыз (үш ру, үш тайпа), үш Жүз (үш жұрт, үш ұлыс) деген мағынада екендігінде дау жоқ. Оның үстіне, бұл грек тарихшылары мен Ассирия шежірешілері жазып кеткен осынау дерек көздерін сақтардың төл шежіресі де «тірілтіп», олар өздерін әу баста ірі-ірі үш рудан тарайтынын өсиет етіп қалдырған. Және біз осы Қағиданы күні бүгінге дейін солай қабылдаймыз. Бір қызығы сол, бұл үш Ата - қазақ шежіресіндегі Алашұлы Жайылханнан тарайтын Қазақ, Созақ, Ұзақ болуы немесе Қазақұлы Жұманнан туатын Арыстың алты ұлдарының ішіндегі ең көп тарағаны - Ақ-Арыс, Жан-Арыс, Бек-Арыс болуы да, бек әбден мүмкін. Иә, бұл әлі де терең зерттеулерді қажет ететін ділгір дүние!
Ілкі замандардан із тартатын Қазақ шежіресі ататектік таралуын Алаштан бастайды. «Осыдан екі жарым мың жыл бұрын аталарымыз Хазар мен Алаш Алатау мен Алтай ормандарының арасын шиырлай көшіп жүріпті. Сол Алаштан қазақ шежіресі бойынша Жайылхан, Сейілхан атты екі ұл тарайды. Сейілханнан сегіз арыс түрікпен тараса, Жайылханнан Қазақ, Созақ, Ұзақ атты үш ұл туады. Шежіреде Созақтан қарақалпақ, ал Ұзақтан Қырғыз бен Хакас өреді. Қазақ атамыздан Жұман, Тұман атты қос ұл болып, оның Жұманынан Арыс пен Сабыр атты екі ұлы болады. Арыстың шын аты Анарыс болған деседі. Шешесі еркелетіп Арыс деп атап кетіпті. Арыстың дүние кезіп көп ілім алған адам екенін Майқы би бабамыз үнемі айтып отырады екен. Ол Еуропаның өнер мен білімі дамыған елдерінде, әсіресе, эллин (гректер) елінде болып, олардың өнері мен мәдениетінен көп нәрсе үйренген. Ол соңына мол пәлсафалық мұра қалдырған әрі ақын, әрі ахун болыпты. Оның «Дүние шексіз, алды да, арты да жоқ, хақиқатта да мөлшер жоқ және өткен күннің белгісі жоқ» деген сөзі қалған. Арыс бабаның баға жетпес осындай мұралары Майқы би заманына дейін жетіп, сол кездердегі (біздің жыл санауымыздың басы) бір жойқын жер сілкінісінің салдарынан жоғалып кетіпті». (Қазыбек бек Тауасарұлы. «Түп-тұқианнан өзіме шейін» 34-36 беттер.)
Ақыры әңгіменің ауаны Арыс бабамызға ауысқан екен, осы жерде ұлтжандылық сезімнің жетегімен негізгі тақырыптан сәл ауытқып, тарихи жәдігер ретінде сана серпілтер бір сәйкестікке оқырман көңілін бұра кеткенді жөн көріп отырмын. Ол сәйкестік бір жағынан - грек тарихшылары Геродот, Плутарх, Диогеннің жазбалары мен көне грек жазушысы Лукианның «Скиф немесе қонақ» атты әңгімесіндегі «жеті ғұламаның» бірі атанған Анахарсис патшазада (б.д.д. 620-555 жылдар) болса, екінші жағынан Қазыбек бек Тауасарұлы ұсынған қазақ шежіресіндегі Жұманның ұлы Арыс (шын аты Анарыс) бабамыздың ғұмырнамасы туралы деректерден туындап отыр. Екеуінде де Анахарсистің (Арыстың) анасы грек қызы болғандығын жазады. Екеуінде де Анахарсис (Арыс) патшазада эллин елінде болып, олардың өнерін, салт-дәстүрін, билік жүргізу заңдылықтарын терең меңгергенін және сол ілімін сақтардың тұрмыстық өміріне енгізуге тырысқаны баяндалады. Онымен қоймай, інісі Иданфирс патшаға «елді қалай дұрыс басқару керек» екендігін айтамын деп қазаға ұшырағаны туралы да жазылады. Бұл жерде грек тарихшыларының «сұңғыла Солонмен сөз жарастырған Анахарсис» деп отырғаны қазақ шежіресіндегі Жұманның ұлы Анарыс (Арыс) бабамыз екені даусыз! Өйткені, екеуінің де өмірі мен оқиға желілері бір-бірімен айнымай дәл келуімен таңқалдырады және таңқалдырып қана қоймай, осындай дүйім дүниеге аты мәшһүр ататегіңнің болғанын ойға оралтып, арада екі мың алты жүз жылдай өтсе де, сол бабамыздың қанымен жұмыс істеп тұрған жұдырықтай жүрегіңнің соғуын жиілетіп, тұла бойыңды түгелдей шымырлатады...
Арыс бабамыз ұстазы данышпан Солон өмірден озған соң, эллин елінен елге оралады. Ол он екі жыл өмір сүріп барып қызғаныштың кесірінен өз бауырының қолынан қапыда қаза табады. Осы аралықта одан алты ұл бала (Ақ, Пан, Жан, Бол, Бек, Бал) қалады және олардың ішінен үшеуінің ғана ұрпағы көп болады. Олар қазіргі жүрген барлық исі қазақтың аталары - Ақ-арыс, Жан-арыс,Бек-арыс. Геродот өз жазбаларында («Тарих» IV-кітап) Анарыс (Арыс) бабамыздың бабасын, атасын, әкесін жазып қалдырған. Бірақ өкінішке орай, бәрін де өз тіліне қарай бұрмалап: «Анахарсис - скиф патшасы Спаргапиптің шөбересі, Ликтің немересі, Гнурдың баласы» (сонда, 76-бап) деп үлкен өзгеріспен жазған. Дегенмен, бұған да тоба! Сонау алыс жатқан тарих қойнауынан Арыс бабамызды танып, тауып алуымызға осы да жеткілікті болды.
Қазіргі қолымызда бар көптеген тарихи құнды деректер мен тасқа қашап қалдырылған баға жетпес көненің көзі - жәдігер жазуларды бір-бірімен саралай салыстырып ой елегінен өткізген сайын,«қазақ» этнонимінің шығу тарихы тым тереңде жатқандығына көзіміз анық жете түседі. Жалпы «қазақ» атауының қалай шыққаны туралы пікірлерді екшегенде, оның қисынға келетін бірнеше нұсқаларын атап өтуге болады. Олар: «қас сақ», «қос оқ» (қыпшақ руының таңбасы), «ақ қаз», «қай сақ» (көне парсы тілінде «қай», «кей» сөздері хандық дәрежедегі үлкен лауазымды білдірген) сөздері. Бұл сөздер біздің қазақтық болмысымызға ұлттық-тектік тұрғыдан алғанда өте жақын тұрған ұғымдар. Және осы сөздердің әрқайсысына да көңілге қонымды әрі қисынды ойлар мен пікірлерді сағаттап айтуға да болар. Десек те, осылардың ішіндегі ең бізге жақын көрініп,жүрекке жылы тиетін сөз ол - «қас сақ» сөзі. Енді осы «қас сақ» сөзіне зерттеп, зерделеп тереңірек үңілсек.
Біздің дәуірімізге дейінгі V-IV ғасырларда сол сақтармен ғасырлас өмір сүрген, олардың тұрмыс-тіршілігімен етене танысқан грек тарихшылары Геродот, Аристейлердің қалдырған деректері бойынша «сақтардың құрамында: катар, агафирс (аға беріш), танайс, гиргис (қырғыз), қорат (қоңырат, қорағат), қомақ (қимақ), дай (адай), қас, тохар және т.б. ірі-ірі тайпалардың болғанын» көреміз. Осы жердегі «қас» тайпасы - «қас сақтар» қазіргі жүрген қазақтардың тікелей «ататек бабасы емес» деп кім айта алады?! Және осы жерде халқымыздың тұрмыстық әдет-ғұрпында аса қастерлі саналатын «жеті ата» ұғымымен сабақтастыра айтар болсақ, «қас сақ» атауы кезінде кең-байтақ иен даланы ат тұяғының дүбірімен тітіреткен сақ бабаларымыздың заманында-ақ айтыла бастап, олармен қауымдас, қатарлас өмір сүрген, солардың тікелей шөбере-шөпшек-туажат үрім-бұтақтары болған деген де тұжырымды тоқтамға келесің. Себебі, «қас сақ» (нағыз сақ) атану үшін де сол сақтардың ортасында өмір сүру қажет емес пе?!
Ш.Уәлиханов: «Қазақ» сөзінің арғы мәні - жан мен тәннің рухтық беріктігін білдіретін еуропалық серілікке тән» (2-том, 208-бет) десе, Әлкей Марғұлан: «Қазақ» - мықты, алып, жойқын дегенді білдіреді» деп, «Таңбалы тас жазуларында» жазып қалдырған. Әзірбайжан ғалымы Кероғлы: «Қазақ» сөзі қас-сақтан шыққан», - дейді. Жалпы бұл ғылыми тұжырымдарға алып-қосарымыз жоқ. Тек қана қолдаймыз.
Енді, «қазақ» этнонимінің шығуына бірден-бір қатысы бар деп саналатын басқа да сөздерге жеке-жеке қысқаша тоқтала кетсек. Көптеген тіл және тарих саласындағы ғалымдарымыздың назарын өзіне көбірек аударған сөз ол - «қос оқ» сөзі болды. Жоғарыда атап өткеніміздей, «қос оқ» (қос жебе, қос пышақ болуы да мүмкін) - түркі тайпаларының ішіндегі ең көне этностардың біріне жататын қыпшақ руының таңбасы. Ол - қысқаша келген екі тік сызық. Араб әліпбиімен айтар болсақ, қос әліп. Әрине, бұл кейінгі кезеңдерде қосылған жанама атау екені белгілі. Оның нағыз атауын - әлімжеттік жаугершілік заманда бес қаруын бойынан тастамаған бабаларымыздың жебемен, пышақпен байланыстыруы, шындыққа бірден-бір жанасатын қисын. Жасанған жау келгенде оған қарсы тұрар, қайрат көрсетер ұлдарының (ер-азаматтарының) санымен де; екі ұлы болса - «қос оқ» деп, он ұлы болса - «он оқ» деп айтылып кетуі де мүмкін. Бұл қазақтың арғы-бергі тарихи шежіресінде көп кездесетін жайттар. Жалпы, күні кешеге дейін «тоқсан екі баулы» аталып келген қыпшақтардың арғы түпкі тегі екі ұл - екі Атадан, яғни «қос оқтан» таралуы да бек, әбден мүмкін.
Тағы бір қисын - сол қос сызық, екі жебе емес, екі пышақ (түрікше - «ікі пчак») болуы да кәдік. Біраз түрколог ғалымдарымыз осы пікірді қолдайды. «Ікі пчак» қыпшақ сөзінің этнонимі болып қалыптасуына ықпал еткен» дейді олар. Зады, «қыпшақ» этнонимі «қазақ» этнонимінен мән-мағынасы жағынан онша көп алыс жатқан жоқ. Түрлі себептермен екеуіне де ортақ «қос оқ» сөзін айтпағанның өзінде, көне түркі тілінде «қыпшақ» деп діңгегі қуыс ағашты айтады. «Сонау бір қуғын-сүргін, үркіншілік замандарда Қыпшақ атамыздың анасы айы-күні жетіп толғақ қысқанда, оңтайлы жер таппай ағаштың қуысында босаныпты» дейді кейбір бізге жеткен аңыздарда. Содан ағаш қуысында кіндігі кесілген бала Қыпшақ атанып кетіпті. Тегінде, әлі күнге дейін оңтүстік өңірлерде әсіресе, Сырдария бойында тұратын ағайындар ағаштың майда бұтақтарын «шақ» дейді. Олардан қоңыр күзде «Бір мәшине шақ түсіріп алдым» деген сөзді жиі естисің. Бұл жерде де «шақ» сөзі сол атам заманғы ағаш мағынасынан айнымай, қасиетті де көркем түркі тілінің мыңдаған жылдарға жалғасып жатқан ғажап жасампаздығын дәлелдеп тұрғандай.
Біз әңгіме етіп отырған сақ дәуірлерінен көп кейін орыс жылнамашылары қалдырған деректерде: «Ердада (Редедя) хан бастаған «қос оқ» (косок) халқы XI-XII ғасырларда Чернигов өлкесінде өмір сүріп, кейін олар өздерін «көп үй» (ковуй) жұртымыз деп атап кетті» деген де тайға таңба басқандай жазбалар бар. Қазіргі таңда Кіші жүздің ішіндегі Шеркеште Қосым, Табында Қосел, Көбей руларының бар екенін ойласаң, осылар сол «қос оқ», «көп үй» жұртының тікелей ұрпақтары болар деген сенімді пікірге келесің. Түптеп келгенде, әйтеуір бекер емес екеніне көзің жете түседі.
Тарихи шындықтан ауытқымас үшін, біз баянымыздың басын әлем тарихшыларына аты мәлім тұлға, сақ бірлестігінің алғашқы көсемдерінің бірі - Ишпақай (б.д.д. 720-670 жылдар) бабамыздан бастағанды жөн көріп отырмыз. Осыған сәйкес, Ассархадон патша тұсында ассириялық шежірешінің жазып қалдырған бір дерегіне көңіл аударсақ. Онда «... біздің эрамызға дейінгі VІІ ғасырдың жетпісінші жылдары Солтүстік Каспий далаларынан Каспий теңізінің батыс жағалауымен (Дербент қаласы арқылы) көшпенділер қаптап келді. Оларды бастап келген көсемінің аты - Ишпақай, ал тайпа бірлестігінің аты - «ишкуз» деп жазылған. Ишкуз - сақ тайпаларының ортақ атауы. Олай болса, сол сақ тайпаларының арасында ержүректілігімен, өжеттілігімен керек десеңіз, жанкештілігімен көзге түсіп, жорықтас қандастарының ішінде үлкен бедел мен атаққа ие болған «қас сақ» (нағыз сақ) тайпасынан шыққан қазақ бабаларымыздың да жүргені анық. Бұл деген - «қас-сақ» - «қазақ» атауы б.д.д. VII ғасырдың соңынан-ақ айтыла, атала бастады деген сөз! Және осыдан бір-екі ғасыр ғана кейін өмір сүріп, сол сақ бабаларымыздың қолынан ас-су ішкен Геродот, Аристей кейін Страбон дегдарлардың жазып қалдырған аса құнды тарихи деректерінде де «қадау-қадау сақ тайпаларының ішінде іргелі «қас» тайпасының да болғаны» туралы айтылады. Бұл енді, қанша қыңырланамын десең де, бұлтартпас айғақтар! Дегенмен де бұл әлі қанша нақты болғанымен бір жақты ғана мәлімет.
Жалпы, тарихта кейбір ру немесе тайпа аты сол замандардағы қоғамда болып жатқан әлеуметтік-саяси жағдайларға байланысты бірнеше ғасырлап тарих сахнасынан шығып қалады да, өз кезеңі келгенде сахна төріне қайта көтеріледі. Өйткені, аттың жалы, түйенің қомында өтіп жатқан көшпелі өмір тіршілігі бірде басқа елді бажағында ұстаса, бірде өзі басқаның бажағы болып кетуі әбден мүмкін. Билік тізгіні басқа жұрттың қолына көшкен ондай тайпаның көптеген азаматық және әлеуметтік құқықтары, әрине, шектеледі. Міне, дәл осы кезде ол жұрттың есімі де тарих сахнасынан шығып қалады. «Қазақ» атауы да осыған ұқсас жағдаятта, басқа рулық бірлестікте мыңдаған жылдар бойы «өз қайнауы өзінде болып» тарих сахнасының төріне көтеріле алмаған. Қыпшақ тайпасының да тағдыр-талайы дәл осындай. Бір кезде атақ-даңқы жер жарып дүрілдеп тұрған қыпшақ жұрты бірнеше ғасырлар тарих төрінен көрінбей кетіп, тек қана Шағатай ұлысы тұсында ғана Дешті Қыпшақ өлкесі болып тарих бетіне қайта шықты. Қазір есімізге түспей отырған мұндай жағдайлар бүйеннің қыртысындай тарих қойнауларында қаншама!
Тегінде біздер, көңілге келсін, келмесін тарихи құндылықтарымызды тиянақтап тіркеп-хаттауда әу бастан-ақ аса бір құлықты болмағандаймыз. Сондай құнтсыздық пен немқұрайлылығымыздың кесірінен өкінішке орай, көптеген тарихи тағдыр-талайымызды жадымыздан өшіріп алдық. Бұл, әрине, ұлттық үлкен өкініш, қала берді тіпті, қасірет десе болғандай... Себебі, қазіргі таңда толығымен бірізділікке түскен ұлттық «тарихи өзегіміз» жоқ. Азды-көпті қолымызда бар тарихи жәдігерлер хронологиялық және деректік нақтылығы жағынан көбіне біріне-бірі сәйкес келмей сабылтады. Осыдан болар, кейбір жағдаяттарда өзімізді-өзіміз әбден шатастырып болдық. Сондықтан да, амал жоқ соңғы жылдары тарихына ықтияттау қарайтын көрші елдердің «бақшасына қайта-қайта түсіп», өзімізді өзгелердің бұрмаланған тарихынан іздеуге мәжбүрміз. Әсіресе, грек тарихшылары мен қытай тарихшыларына көбірек тәуелдіміз. Олардағы сөздік атаулардың бұрмаланғаны соншалық, көптеген көне тайпалар мен этностарды, кісі аттарын танып-білуде әлі күнге дейін кімнің кім екенін анық ажырата алмай пұшайман болудамыз. Дегенмен, «көш жүре түзелер» деп мақал шығарған қазақтың күні жеткенде «төл тарихы да түзелер» деген сақа сенімнің басым екендігін несіне жасырайық.
Ендігі жерде, қолдағы барды қанағат тұтып, тағы бір өзекті де өміршең мәселеге ат басын бұрсақ. Бұл да тіршілік түйткілдерінен, ұлттық намыстан туындайтын көкейкесті мәселе.
Қазақтың 2700-3000 жылдай тарихы бар екеніне көзіміз жете түскен сайын, ойымызды осы Атамекен-қарашаңырағымызда осыншама жылдар бойы «қандай бірлестіктер мен мемлекеттер дәуірледі екен» деген маңызды сұрақтың мазалайтыны мәлім. Бұл жерде бірер ғасыр ғана өмір сүрген шағын хандықтарды тізбектей бермей, бүдін Түркі дүниесіне, кала берді исі қазаққа қатысы бар дейтін қадау-қадау ірі мемлекеттерді ғана еске түсіре көктей шолып өтсек.
Әлқисса, қысқаша шолуымыздың басын сонау б.д.д. VII-II ғасырларда Шығыс Еуропа мен Азияның теріскей өлкесін түгелге жуық ат тұяғымен таптаған сақ (ишкуз) дәуірінен бастасақ, арғы 3500 жылдық тарихы бар Тарғытай бабамызды айтпағанда, Ишпақай көсем басшылық жасаған Сақ бірлестігінің болғанын білеміз. Ол қазіргі күнімізден 2700 жыл бұрын адамзат тарихының даму өркениетіне өзінің сүбелі үлесін қосқан іргелі мемлекет болатын.
Біздің дәуіріміздің 552-жылы, түрік тайпаларының басын қосқан Бумын қаған сан ғасырлар тарих сахнасынан көрінбей кеткен «түрік» атауын қайта жаңғыртып, Түрік қағанатын құрды.
Қарахан мемлекеті мен Қыпшақ хандығының құрылуы мен дәуірлеуі қарайлас: бірі - X ғасырдың ортасына таяу (942-жылы) құрылса, екіншісі - сәл кейін, яғни XI ғасырдың ортасында қыпшақтар батысындағы басты қарсыластары - Оғыз бірлестігін жеңген соң барып (1050- жылы), дербес хандық құрды. Бұрынғы «Оғыздар даласы» «Қыпшақтар даласы» (Дешті Қыпшақ) деген атау алды. Бұл екі бірлестіктің бар айырмасы; Қарахан мемлекеті XIII ғасырдың оныншы жылдары өз билігін тоқтатса, Қыпшақ хандығы да сол XIII ғасырдың он сегізінші жылы (Шыңғыс ханға дейін) дәуірлеуін тоқтатты. Бірақ, Жошының ұлы Бату хан 1242-жылы құрған Алтын Орда мемлекеті сол «Дешті Қыпшақ» өлкесінде билік құрған соң, қыпшақтар өздерінің тек тарихи атауын ғана XVI ғасырдың басына дейін тарих сахнасында сақтай алды.
Шыңғыс ханның немересі Бату хан баһадүр негізін қалаған бұл мемлекеттің құрамында қазақтың арғы-бергі тарихындағы ірілі-ұсақты барлық ру-тайпалары болды. Бату ханның екі жүз елу мыңдық айбынды әскерінің де негізгі құрамы Үйсін-Жалайыр арысы бастаған Орта жүз бен Кіші жүз руларынан еді. Айбыны мен атағынан ат үркіп, атажаудың тізесі қалтырайтын Алтын Орда мемлекеті біздің елдігміздің ең айшықты кезеңдерінің бірі болатын.
XV ғасырдың орта тұсында (1456-жылы) «қазақ» атымен іргелі мемлекет құрып, «қазақ» сөзін ұлттық мүддеге айналдыра қайта жаңғыртқан Орыс ханның ұрпақтары Керей мен Жәнібек хандар болды. Әбілқайыр ханның қаталдығы мен қысастығына шыдамаған өздеріне қарасты «екі жүз мың жанмен» (М.Х.Дулати) олар Жетісу өлкесіндегі Моғолстан хандығына бет алды. Бұларды Моғолстан ханы Есенбұға үлкен құрметпен қарсы алып, Шу өзені бойынан және Қозыбасы аймағынан жер бөліп берді. Бұл арада Керей мен Жәнібек жеке Қазақ хандығының шаңырағын көтерді. Осы жерде «Хандар кестесіне» (Қ.Салғараұлы) зер сала кетсек: «Орыс ханнан жеті ұл, бес қыз туады. Сол жеті ұлдың үлкені - Тоқтақия да, екіншісі - Құтылығ-Бұқа. Осының Тоқтақиясынан Болат, одан Керей. Ал Құтылығ-Бұқадан Құтуужақ, одан Барақ (кей деректе Құйыршық), одан Жәнібек. Сонда Керей Орыс ханның шөбересі, ал Жәнібек шөпшегі болып келеді».
Осылайша Керей мен Жәнібек кәрі тарихтың қойнауында қалып, көмескі тартса да көңілден көшпеген қасиетті бабалар атауы - «қазақ» сөзін тарих төріне қайта шығарды. Ал, Тәуелсіздік алып, еліміз егемен Қазақстан аталғалы бері, қос буыннан тұратын «қазақ» сөзі бүкіл шартарапқа шалқи тарап, одан сайын ел абыройы асқақтай түсті. Көнеде «қас сақ», кейіннен «қазақ» аталуымен,қазіргі жер басып жүрген исі қазақтың сол кешегі жауынгер сақтардың заңды мұрагер - ұрпағы екендігі айтпаса да түсінікті. Оның үстіне, сақтардың Атажұртында ұя басып, алшия отыруымыздың өзі де бұл ойымызды нақтылай түскендей.
Қазақ хандығының 550 жылдығы шаралары да басталды. Бұл той шын мәнінде бүкілхалықтық сипат алып, ел мерейін үстем етері анық.
Облыстан шығатын республикалық «Халық» газетінде шілде айының алғашқы жартысында жарияланған өзекті мақалаларға шолуды ұсынамыз.
«Сыр еліне сібір жарасынан қауіп бар ма?» газет тілшісі мақаланы осылай атапты. Сонымен бірге осы салаға қатысты басқарма басшысының пікірін келтіріп өткен. |
Ерсұлтан Әпетов, облыстық ветеринарлық бақылау басқармасының басшысы: - Әзірге мұндай қауіп жоқ. Жыл басында аймақтағы төрт түліктің барлығына екпе егілді. Ал 6 айға енді толған төлдерге дәрі тамыз айында салынады. Қазірдің өзінде облыста сібір жарасының 67 ошағы анықталып отыр. Олардың небәрі 26-сы ғана нақтыланып, белгі қойылып, ошақтардың үсті бетондалды. Еліміздің бір ғана емес, төрт бірдей аймағына сібір жарасынан қауіп төніп тұр. Қарағандыда екі адам осы кеселден ажал құшса, 7 адам төсекке таңылған. Ал Алматыда 3 адам ауыр халде. Павлодарда 42 адам қатаң бақылауда екен. Шығыс Қазақстанда 2 адам ауру жұқтырған деген күдікпен ауруханада жатыр. Олардың бұл дертке қалай шалдыққаны жөнінде нақты мәлімет жоқ. Тек болжамдар ғана айтылуда. Бұл жағдайға қызылордалықтар да алаңдаулы. Әсіресе, үйінде мал бағып отырғандардан маза кеткен. Алайда сырбойылықтар сарыуайымға салынбаса да болады. Облыстың бас мал дәрігері сібір жарасының ошақтары оқшауланып, төрт түліктің бәріне екпе салынғанын айтады. - Жыл басында аймақтағы төрт түліктің барлығына екпе егілді. Ал 6 айға енді толған төлдерге дәрі тамыз айында салынады. Қазірдің өзінде облыста сібір жарасының 67 ошағы анықталып отыр. Олардың небәрі 26-сы ғана нақтыланды, белгі қойылып, ошақтардың үсті бетондалды, -деді облыстық ветеринарлық бақылау басқармасының басшысы Ерсұлтан Әпетов. Әзірге 41 ошақ анықталмай отырғанын басшы жасырмады. Тіпті, ауру ошақтарының көп бөлігі қай ауданға тиесілі екендігін де. Сонымен, Жалағаш ауданында аурудың 14 ошағы болса, оның бірде-біреуі табылмаған. Аралда да осыншама ошақ бар. Мамандар оның небәрі екеуін ғана іздеп тапқан. Жаңақорғанда 7 ошақтың барлығы анықталса, Сырдарияда керісінше. Бірде-біреуі нақтыланбапты. Шиеліде аурудың бес ошағы белгілі болған. Өзге аудандармен салыстырғанда Қармақшыда бұл аурудан қауіп аз. Мұнда ауру ошағы екеу болса, оның екеуінен де қауіптенудің қажеті жоқ. Себебі, үсті бетондалып, арнайы белгі қойылған. Негізі, бұл аурумен күресудің жолы вакцина егу ғана. Бұл бағыттағы шаралар жүйелі жүргізілуде деп айтуға негіз бар. Төмендегі кестеге көз жүгіртсеңіз, төрт түлік пен шошқаның бәріне екпе салынғанын аңғарасыз.
Әлгінде Қарағандыда екі адамның бақилық болғанын сөз еттік. Оның біреуі ауру малды сою барысында осы дертке шалдыққан. Жергілікті БАҚ-тың мәліметтеріне сүйенсек, қайтыс болған жігіт ағасы үйінде тұрған мүйізді ірі қара малдың ауырып қалғанын сезеді. Әдеттегідей ем-дом жасайды. Бірақ сиырдың беті бері қарамайды. Ақыры не керек, ауру малды сойып, етін туған-туыс, құда-жекжат, ауыл-аймаққа жіліктеп сатып жібереді. Ал өзі малды сойып жатқанда қолы тілініп кеткен көрінеді. Аз уақыттан кейін сойған малының да, өзінің де аталмыш дертке шалдыққанын біледі. Жіліктеп ет алдық деп қуанған жұрт басына сор сатып алғанын кейін білген. Құдай бетін ары қылсын, бұндай жағдай кез келгеннің басында болуы мүмкін. Себебі, қазекеңнің «обал болады» деген сөзі бар. Ауру малын далаға тастағанша, арзанға болса да сатып, шала байып қалғанын қалайды. Ал тұтынушыны тауардың сапасы, дәлірек айтсақ, сертификатталғаны қызықтырмайды да. Базардағы бағадан 100 теңге арзан сатса, еш ойланбастан ала салатынымыз жасырын емес. Шындап келгенде, базардағы ет өніміне де сенім жоқ. - Базардан, мейлі таныстардан ет өнімін алғанда құжатын сұрасаңыздар екен. Сойылған малдың сертификатталғанын ғана алған жөн. Біз осыны өтініп сұраймыз. Сосын малшыларға айтарымыз, мал ауырса, ветеринар дәрігерге көрсетіңіз, -деді облыстық ветеринарлық бақылау басқармасының басшысы. Айта кеткен жөн, ауырып өлген малды кез келген жерге көмген де дұрыс емес. Өйткені, оның қауіптілігі өміріңізге, айналадағыларға зиян болуы ықтимал. Сондықтан арнайы мал қорымдарына апарғаныңыз абзал. Өңірдің өзінде 146 мал қорымы бар. Оның 69-ы типтік жобада болса, қалғаны типтік емес. Ерсұлтан Әпетовтың айтуынша, осы 77 типтік емес қорымның өзінен қауіп көп. Оқыстан сел бола қалса, қорымдар суға толып, індет таралып кету қауіптілігі жоғары. Сондықтан барлығын типтік жобаға сай етуіміз керек дейді ол. - Мал қорымдарына түрлі дертке шалдыққан малдар тасталады. Оның іші не болып жатқанын ешкім білмейді. Типтік жобаға сай емес 77 қорымды реттеу мәселесін қарастырудамыз, -деді. Жалпы, сібір жарасы дер кезінде анықталса, адамды аман алып қалуға мүмкіндік бар. Одан сақтанудың жолдары жоғарыдағыдай. Ауру малыңызды ветеринарға көрсетіңіз, сертификатталмаған ет өнімін алмаңыз, ауру малды далаға тастамаңыз, сырқаттың алғашқы белгілері байқалса, бірден дәрігерге қаралыңыз. Бар болғаны осы. «Сақтансаң, сақтаймын» деген... |
«Балаңыз кіммен дос болып жүр?» |
Мақала авторы ата-ана мен мамандар пікіріп келтіре отырып, өзі көтерген мәселеге жан-жақты талдау жасаған.
...Сананы тұрмыс билегеннен соң ба, бүгінгі қоғамда бөліну ұғымы қалыптасып үлгерген. "Кімнен, неге бөлінеді?" деген сауал санаңызда жылт ете қалды. Расында бір-бірімен ауылы аралас, қойы қоралас бола тұра көршісінің көңілін сұрауға жарамайтын, амандасуға "әлдері" келмейтіндер көп. Не үшін? Өйткені олардың әлеуметтік деңгейі бірдей емес. Бірі - бай, бірі - орта дәулетті, ал бірі - кедей. Деңгейге қарай дорба алмасып, дәрежесіне қарай үй арасын жол қылатындарға не айтасыз? "Бай - байға, сай - сайға құяды". Қоғамдық бөлініс деген - осы. Өзінен үлкенге қарап бой түзейтін баланың да санасы осыған қарай ойыса түсетіні белгілі. Балаларын дәулетті отбасынан шыққандармен ғана араластыратын ата-аналарды көзіміз көріп жүр. Дәл осындай тағылымсыз тәрбиеден кейін бүгінде біздің ортамыздан баяғының Асаны мен Үсені біртіндеп жоғала берері сөзсіз.
Сіз бір сәтке болса да балаңыздың кіммен дос болып жүргенін сараптап, ой таразысына салып көрдіңіз бе? Иә, біреуді бұл сұрақ ойландыруы мүмкін, ал баз біреулердің санасына мұндай ой кіріп те шықпайды. Балалар кіммен дос болатынын өздері-ақ шешіп алады. Енді біз айтқан әлеуметтік деңгейге қарап дос болатындар жайлы тарқата айтып көрсек.
- Бір ғана ер балам, үш қызым бар. Мен үшін қай-қайсысының да араласатын адамдары, достарының кім, қандай адамдар екендігі маңызды. Өйткені баланың өскен, жүрген ортасы оның өміріне һәм тағдырына түрткі болады деп есептеймін. Алайда олардың бай немесе кедей болғандығы маңызды емес деп ойлаймын. Бастысы, бірге жүретін достарының тәртіпті, тәрбиелі болуы керек. Бұзық, айтқанға көнбейтін, зиянды әрекеттерге әуес балалар болса, олар жанында жүргендерді де сол жолға итермелеуі немесе соған қызықтыруы мүмкін. Қорқатыным - осы. Тәртіпсіздікті көбінесе бай отбасынан шыққан балалар жасап жатады деп айтады. Бірақ, барлығы емес. Ара-тұра бар шығар, бірақ, дәулетті достықпен салыстыруға мүлдем келмейді. Ұлымның айналасында тәртібі қолайсыздау балалардың бар екенін білемін. Сол себепті оған "жаман әдеттерге құмар балалардан бойыңды аулақ салып жүр" деп айтып отырамын. Ал "сен байдың немесе кедей отбасынан шыққан балалармен дос бол" деп бөліп жармаймын. Мүмкін, олай адамдарды бір-бірінен бөліп өмір сүретіндер де бар шығар?!
Осы тақырып турасында психолог маманмен аз-кем сөйлесіп көрдік. Пайымды пікір, салмақты ой айтты. ТҮЙІН. "Адамды жолдасына қарап таны" деп жатады. Әлеуметтік теңсіздікті былай қояйық. Қайнаған тіршілікте көзіміз көріп отырғанды яки естігенімізді сөз еттік. Кейбір ата-аналар баласының байлармен емес, адамгершілігі асып тұратын адамдармен араластырғанды жөн көретінін білдік. Өкінішке орай, мұндай ата-ана арамызда аз. Мамандар да осыны меңзейді. Ал мектеп жасынан ішімдік пен темекіге әуестеніп, дүниенің бар зиянды әрекетіне біртабан жақын балалардың "тобына" не айтасыз? Құдай бетін әрі қылсын, олардың арасында сіздің балаңыз жүрмесін. Егер ертерек балаңыздың кімдермен дос болып жүргенін білмесеңіз, кейін барлығынан кешігесіз. Сіз де, сіздің балаңыз да. Бала дүниеге келгеннен бастап, оған жақын адамдар алдымен - ата-анасы. Ендеше бүгіннен қалмай балаңыздың кіммен дос болып жүргенін анықтап алғаныңыз артықтық етпейді. |
Халық газеті көтерген өзекті мәселенің бірі «Ауызсудың азабы» |
деген тақырыппен жарық көріп.
қаладағы мөлтек аудандардың бірінің проблемасына арналыпты. |
...Қаладағы «Ипподром» мөлтек ауданының тұрғындары ауызсудың азабын тартып келеді. Былтыр ғана жұртшылыққа пайдалануға берілген жаңа үйдің осындай шикілігі шығып тұр. Тіршілік нәрінің тапшылығын, әсіресе, жоғары қабаттардың тұрғындары тартуда. Бұл жағдай жергілікті билікке жақсы таныс, алайда мәселені шешуге шенділер асығар емес. Аталмыш мөлтек аудан 2015 жылдың шілде айында баспана кезегінде тұрған азаматтарға табысталған. Ол кезде жергілікті билік «айнала жеке сектор болғандықтан, олар бақша суарады, сондықтан су қысымы төмен болып тұр» деп жұбатқан. Бірақ тұрғындар мұның алдарқату екенін кейін біліпті. Қысы-жазы судың 4-5-қабаттарға көтерілмейтіндігіне байланысты тұрғындар су қысымын реттейтін арнайы құрылғыларды сатып алған. Дегенмен, құрылғылар құбырларда су болмауына байланысты істен шығып, жиі күйіп кететін көрінеді. Ашынған ағайын енді сапасыз қызмет түріне ақы төлемейміз деп отыр. Балагүл Сәрсенбаева, тұрғын: - Су мүлдем жоқ. Қашан ағатынын білмей қаламыз. Аққан уақытында суды молынан алып аламыз. Кейде ақпай қалатын күндер де болады. Ол кезде төмендегі тұрғындардан тасимыз. Сұмдық қой. Жергілікті билікті мән-жаймен хабардар еткенбіз. Жөнді жауап келген жоқ. Дулат Нысанбаев, тұрғын: - Алғаш көшіп келген кезде, жазда «Айнала жеке сектор болғандықтан, олар бақша суарады» - деп жұбатты, ал енді қыстай кім бақша суарды дейсіз? Судың қысымы жазда да, қыста да өзгеріссіз осылай ағып тұр, яғни азанғы сағат 8.00 шамасынан бастап кешкі сағат 22.00-ге дейін. Түнде мүлдем ақпайды. Насостарда отыратын қызметшілері демалатын шығар? Бұл жағдай әсіресе менің балаларыма өте қиын, олар азанда сабаққа кетерде бұрынғы замандардағы адамдардай ескі амалмен бір-біріне құманмен су құйып жуынады. Сонда не үшін суға ақша төлеп отырмыз?. Жанат Сейсенбаева, тұрғын: - Су қысымын көтеретін арнайы құрылғы қосып отырмыз. Бірақ оның жарықты көп қажет ететінін білсеңіз ғой. Электр энергиясының бағасы да қымбат. Не суды жөндесін, не жарықтың тарифін біздерге лайықтап берсін. Анар Бейсенбаева, тұрғын: - Біздер судың көтерілмеуіне байланысты «мотор» қосамыз. Сенсеңіз, кейде онымен де су көтерілмейді. Сосын аққан уақытын күтеміз. Насос күйіп кетеді. Ай сайын мотор сатып алуға мүмкіндік жоқ. Тұрғындар осы уақытқа дейін әкімдікке арызданып, артынша «Қызылорда су жүйесі» МКК-дан арнайы комиссия келіпті. Сарапшылар «Өжіредегі монометр құралының су қысымы көрсеткіші 1,8 кгс/м2, бұл көрсеткіш көпқабатты тұрғын үйді ауызсумен толықтай үздіксіз қамтамасыз ете алады» - деп шешім шығарған. Бірақ жұртшылық қызметкерлердің қорытындысымен келіспейтіндіктерін айтады. Нұржан Абитханұлы, «Қызылорда су жүйесі» МКК-ның басшысы: - Бұл мәселемен біздің мамандар айналысты, айналысып та жатыр. Қазір өжіреге дейінгі қысым нормаға сәйкес екендігі анықталды. Бірақ неліктен жоғары қабаттарға су көтерілмейтіндігі тексерілуде. Біздің мекеме судың пәтерлерге дейін жетуін қадағаламайтындығын баса айтқым келеді. Ал төменгі қабаттағылар ауызсудың зардабын тартып отырғандарға «насостарыңа виброоқшаулағыш орнатыңдар» деп жатқанға ұқсайды. Өйткені, оның шуылы 30 дБ-дан аспауға тиіс. ҚР ҚНжЕ 4.01-41-2006 нормативтік құжатының 6.3-тармағында насостарды пәтер тұрмақ, өжіреге де орналастырмау керектігі айтылған. Бірақ бұдан басқа амал жоқ. Себебі, ортақ үйлердің құрылысы басталғанда мердігерлер насостар орнататын арнайы орын қарастырмаған. Бір ғана су мәселесі осындай түйткілдердің туындауына себеп болып отыр. Айтпақшы, тұрғындар өрт бола қалған жағдайда сыртқы өрт сөндіруді қамтамасыз ететін гидранттардың жағдайын да алға тартты. Оқыстан өрт бола қалса, үйлері тұтастай өртеніп кете ме деп күйінеді көпшілік. Себебі, гидранттардағы қысым да төмен болуы мүмкін деп топшылайды олар. Енді мұның анық-қанығын жауапты мамандар анықтай жатыр. Үреймен өмір сүріп жүргендердің күдігін сейілтердей шаралар жасалуы керек-ақ. |
«Байқоңырдың болашағын бағамдады» |
...Бізге қарап отыруға болмайды. Оңды-оңсыз болсын, әйтеуір бірдеңені айналдырғанды жөн көреміз. Бір істі айналдырып қана қоймай, одан пайда табуды көздейміз, әрине. Бірақ жақсы есептен келетін пайдадан гөрі, шаш етектен келетін зиянды тараптарын ескермейтініміз еңсені басады. Түсінікті тілмен айтқанда, адам өлетін уды өзіміз ақшаға сатып алып отырмыз. Удың қай жақтан келетінін іштей біліп отырған шығарсыз? Бір ғана ел емес, бүкіл әлем көзін тігіп отырған ғарыш айлағы Байқоңырымыз бар баяғы. Айналдырып отырғанымыз - осы. Қазақстан ғарыш айлағын табыс көзіне айналдырып отыр. Ресей Байқоңырды жалдағаны үшін жылына 120 млн. АҚШ долларын төлейді. Енді биліктегілер Ресей 2025 жылы Байқоңырдан бас тартса, тағы да жалға аламын деушілерге беруден бас тартпайтынын айтады. Биліктегілер деп жалпы сөйлемей, жалқыға көшейік. ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев: - Біз Ресей тарапымен бірлесе отырып, құрқол қарап отырғымыз келмейді. Нысандарды пайдалануға беріп, табыс тапқымыз келеді. Бізге жаңа тұжырымдама жасау тапсырылған. Ондағы бір пункт - ғарышты игергісі келетін мемлекеттерді Байқоңырға тарту, - деді Қазақстан мен Ресейдің үкіметаралық комиссиясы отырысында. Дегенмен Ресей вице-премьері Д.Рогозин біз межелеген мерзімде Байқоңырымыздан бас тартайын деп отырған жоқ. Оны өзі де растады. Болашағы зор деп санайтын айлақтан алыстағысы жоқ көршіміздің. Байқоңыр кешені бойынша Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясының төртінші отырысында ойға қонымды істер талқыға түсіп, таразыланған. Оның ішінде Төретам мен Ақай ауылдық округінің инфрақұрылымын дамыту, кешеннің нысандар мен мүліктерін сақтау мәселелері қаралғанын астын сыза отырып айта кеткен жөн. Өйткені төретамдықтар мен ақайлықтар жаңаруды күтіп отыр. Осыдан тоғыз жыл бұрын Байқоңырда мемлекеттік қаржы есебінен 80 орындық перзентхана құрылысы басталған еді. Ол 2010 жылдың соңында аяқталды. Бірақ Ресей тарапы әртүрлі себептермен ғимаратты өз теңгеріміне алудан бас тартып келді. Оның да бір себебі болған шығар дедік. Былтыр ғана Ресей үкіметі ресми түрде оны өз теңгеріміне алды. Екі ел арасындағы келіссөздерден кейін бұл мәселе түпкілікті шешімін тауып, енді аталған емдеу мекемесі облыстық медициналық орталықтың филиалы ретінде қызмет жасап, ол Байқоңыр қаласы, Арал, Қазалы және Қармақшы ауданы тұрғындарына стационарлық көмек көрсететін болады. Көптің көкейінде жүрген мәселенің бірі осы еді. Енді жұрт облыс орталығына қарай сабылмай, жақын жерден емделу шараларын жүргізе алатын болады. Ресей тарапы шын мәнінде Байқоңырдың ғарыш айлағын ғана жалға алып отыр. Ал қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына олар онша бас ауыртқысы келмейтін секілді. Айналып келгенде Байқоңырды түлетуге қазақстандықтардың қаржысы жұмсалатын болды. Екі елдің үкіметаралық комиссия отырысында бұл тақырып та шет қалған жоқ. Байқоңырда жыл сайын тұрғындардың саны артқанымен, қаланың кескін-келбеті сол кеңестік кезеңнен бері өзгермеген күйі тұр. ТҮЙІН. Саяси кездесудің соңы осындай келелі істерді кезең-кезеңімен шешуді жоспарлаумен аяқталған. Ал ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Б.Сағынтаев пен Ресей вице-премьері Д.Рогозиннің келесі кездесуі үстіміздегі жылдың қыркүйек айында Қызылорда қаласында өткізілмек екен. Оған дейін таразыға салынған талқылаулар күшінде қалса екен. |
«Кәсіпкерліктің қарқыны үдеп келеді» |
атты мақалада мемлекеттік бағдарлама аясында атқарылып жатқан істер мен туризм саласын дамыту мәселелері қозғалады.
...Кәсіпкерліктің қарқыны Қызылорда облысында жылдан-жылға үдеп келеді. Қарап отырғаннан өзі үшін де, қараша үшін қызмет қылғысы келетіндердің қатары көбейіп келе жатыр деген сөз - бұл. Мәселен, өндіріс орындары, шағын кәсіпкерлік пен жалпы сервистік қызмет көрсету орталықтарының көбеюі көңілге қуаныш ұялатады. Әйтеуір жұмыс орындарының ашылғаны қарапайым халық үшін тиімді. Бірақ, "қалада қонақүйлердің аздығы қала қонақтары мен туристерін қынжылтады" дейді Қызылорда облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының мамандары. Туризмді дамыту мақсатында «БЖК - 2020» бағдарламасы аясында микробизнестің 4 субъектісі жалпы құны 14 млн теңгені құрайтын қайтарымсыз негізде гранттар алған. Мұнымен қоса, бағдарламаның несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау компоненті бойынша қонақүй кешенін ашу үшін 372 млн теңгені құрайтын 7 жоба мемлекеттік қолдау алды. Оның ішінде аудан орталықтарында шағын қонақүй ашу үшін 2 кәсіпкер 20 млн теңгеге несие қаражатына ие болған. Енді Қызылордаға келген қонақтар қонақүй іздеп сабылмайтын болды. Олардың қатары көбейіп, қызмет көрсетуге қызу дайындықпен кірісуде. - «Бизнестің жол картасы - 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде жеке кәсіпкерлікті қолдауға 2016 жылы жалпы 1675,7 млн теңге бөлінді. Өткен жылмен салыстырғанда бөлінген қаражаттың көлемі екі есеге ұлғайды. Сонымен бірге, ағымдағы жылдан бастап шағын қалалар мен ауылдық елді мекендердің шағын кәсіпкерлік субъектілеріне микрокредиттер беру үшін облысымызға Оңтүстік Қазақстан облысының қаражаты есебінен 200 млн теңге қайта бөлінді. Сондай-ақ, «Микробизнес-Қызылорда» жобасын іске асыру үшін 2016 жылға 660 млн теңге қаралды. Бүгінгі күні «Микробизнес-Қызылорда» жобасы шеңберінде жалпы құны 339 млн теңгеге 53 микробизнес субъектілері несие алды,-деді Қызылорда облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы А.Досжанов БАҚ өкілдеріне берген брифингте. Туризмді дамыту саласына байланысты тағы бір маңызды жаңалық бар. Қазақстан туристік ассоциациясымен келісе отырып, Қызылорда облысы бойынша 15 туристік бағыт бекітілді. Ішкі туризм мен сыртқы туризмді дамыту аясында ФГУП «ЦЭНКИ» бірлесіп, Қазақстан, Өзбекстан және Ресейдің туристік компанияларының қатысуымен «Қызылорда - Байқоңыр - Қызылорда» бағыты бойынша ақпараттық тур өткізген еді. Соның нәтижесінде Қазақстанның туризм тарихында алғаш рет 7 отандық туроператор «Байқоңыр» кешені бойынша турлар ұйымдастыру және оларды сату құқығына ие болды. Сондай-ақ, Байқоңыр кешенінің қонақтары үшін кешенді сервистік қызметті ұйымдастыру мақсатында Төретам кентіндегі Елшібай станциясында (Байқоңырдан 15 шақырым қашықтықта) 5 га аумақты қамтитын туристік аймақ құру жоспарлануда. Қарап отырсақ, Сырды да туристер аймағына айналдыруға әбден болады. Мәселен, Арал ауданындағы Қамбаш көлін алайық. Бүгінде «Қамбаш» көлінің жағалауында туристік инфрақұрылымды дамыту мақсатында құрылысы тез тұрғызылатын материалдан салынатын 12 тұрғын үй құрылысы аяқталуда. 2015 жылы Қамбаш демалыс аймағына шамамен 70 мың демалушы адам келген болса, бұл алдындағы жылмен салыстырғанда 20%-ға артып отыр. Бұл да төмен көрсеткіш емес. Қазір Қамбаштың жағалауы бұрынғы "жабайы" күйінен арылған. Мамандар алдағы жылдары Қамбаш көліне келетін туристердің саны артып, сервистік қызметі де жақсарады деп сендіріп отыр. Биыл облыста VII "Байқоңыр" инвестициялық форумы өткенін білеміз. Бұл форумның облыс экономикасының өрлеуіне ықпалы мол. Аймақ басшысы жыл сайын бизнес форумын откізуді қолға алып келеді. Ағымдағы жылдың нәтижесінде 3 меморандумға қол қойылды. Бірінші мас-медиада Қызылорда облысының экономикалық және инвестициялық әлеуетін алға жылжыту үшін ақпараттық-талдамалық платформа аясында «Ranking.kz» ЖШС басқарушы серіктесі Корнет Михаил Александровичпен келісімшарт жасалды. Ал екінші «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-ның басқарма төрағасының орынбасары Көшенов Мұрат Ұзақбайұлымен Қызылорда облысында кәсіпкерлікті одан әрі дамыту бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Сонымен бірге, Қызылорда облысы әкімдігі және «ALKYA SOLAR SARL» компаниясының басқарушы директоры Жан Люка Збироу және «KEIS» компаниясының басқарушы директоры Л.Т.Батырқожа «Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы 100 МВт-қа кеңейтілетін 50 МВт-тық күнсәулесі станциясының құрылысы» жобасын іске асыруға бағытталған үшжақты меморандумға қол қойылды. ТҮЙІН. Кәсіпкерлік - алдымен қаржыны емес, тәуекеліңді талап ететін сала. Құдай оңдап ісіңіз алға басып жатса, қаржы кейін де келе береді. "Еңбегі жанғанның тоқтысы егіз туады" дейді. Бұл - қимылдап, қыр асқанға Құдай да қарасады деген сөз. Сала мамандары да бізге бастысы кәсіпкерлік көкжиегінде кері кетудің емес, кеңеюдің бар екенін жеткізді. |
«Серпін» медициналық мамандықтарға да грант ұсынады |
...«Серпін-2050» әлеуметтік жобасына биыл медицина мамандығы да еніп отыр. Бұған дейін тек техникалық, ауыл шаруашылығы және педагогикалық бағытта маман даярлайтын ұлттық жоба алдағы уақытта сұранысқа сай ақ халаттыларды да әзірлейді. Бұл туралы «Сыр медиа» ЖШС жанында облыстық коммуникациялар орталығында «Серпін-2050» үйлестіру республикалық кеңесінің төрағасы Мұрат Әбенов мәлімдеді. - Биылғы жылғы «Серпіндегі» басты серпіліс бағдарлама бойынша берілетін гранттар тізіміне медициналық мамандықтар да еніп отыр. Жалпы, жоба бойынша бөлінген 3162 гранттың 3 пайызы, яғни 100 орын денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина) бағытына бөлінді. Таңдау пәні биология болған және медициналық мамандықтарды «Серпін» бағдарламасы арқылы таңдайтын талапкерлер Қарағанды, Семей қалаларындағы ЖОО-на құжаттарын тапсыра алады. Сонымен қатар биыл бағдарлама бойынша грант тапсырылатын колледждер қатарына Жезқазғаннан 2 білім ұясы қосылып отыр,-деді «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары М.Әбенов. «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша 2016-2017 оқу жылына ЖОО мамандықтарына 3162 грант бөлінді. Оны физика, биология, химия, география, тарих, әдебиет және ағылшын тілін таңдаған талапкерлер иемдене алады. Соның ішінде басымдық физика пәніне беріліп отыр. 30 мамандыққа 1817 грант ұсынылған. Жалпы бағыт бойынша қарастыратын болсақ, мемлекеттік гранттардың 1000-ы 6 таңдау пәні бойынша білім беру бағытына бөлінген. Техникалық ғылымдарға 1717 грант қарастырылған. Оның ішінде таңдау пәні физика болған талапкер 24, химия таңдаған түлек 6, география және биология пәндерінен сынақ тапсырған үміткерлер 1 мамандық бойынша иелік ете алады. Ал ауыл шаруашылық ғылымдарына 3 пән бойынша 345, медицина бағыты бойынша 100 грант қаралған. Сондай-ақ 30 колледж мамандығы бойынша 1100 грант сарапқа түседі. «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы бойынша гранттарды кімдер иемдене алады? Әлбетте, бағдарламаның басты бағыты бойынша ЖОО-на туу көрсеткіші жоғары, әрі кадр тапшылығы жоқ Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы және Қызылорда облыстарының ауыл тұрғындары бақтарын сынай алады. Ол үшін талапкер Ұлттық бірыңғай тестілеуден немесе кешенді тестілеуден ең төменгі шекті балды және таңдау пәнінен кем дегенде 7 ұпай жинай алуы тиіс. Ал колледж конкурсына аталған аймақтардың қала, ауыл тұрғындары қатыса алады. Ол үшін ҰБТ-ға, кешенді тестілеуге қатысу міндетті емес. Тек 11 сыныпты биыл не бірнеше жыл бұрын бітірген түлек таңдаған қолледжінің емтиханына қатысуы қажет. Аталмыш бағдарламаға жеті облыстағы (Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан) 19 ЖОО қатысады. Ескерту! «Серпін-2050» бағдарламасына құжаттар ЖОО-на құжат тапсырумен қатар жүреді. Арнайы «Серпінге» құжаттар қабылдау мерзімі мен ерек ережесі жоқ. Бастысы, бағдарлама бойынша арнайы грантты иемдену үшін бағдарламаға енген ЖОО мен көрсетілген мамандықтарды таңдау қажет. Ол үшін алдын ала www.serpin-2050.kz сайтының оң жағындағы «ЖОО мамандық таңдау» сілтемесін қараңыз. Сол жерде ҰБТ кезінде таңдаған төртінші пәніңіз бойынша қандай мамандыққа тапсыра алатындығыңыз көрсетілген. Әр мамандық бойынша мамандық шифры және сол мамандыққа арнайы грант бөлінген ЖОО аты жазылған («Арнайы гранттар бөлінген ЖОО-дар» сілтемесі арқылы өзіңіз таңдаған мамандықтың қай ЖОО-да орналасқанын көріп, таңдау жасауға болады). Талапкер қалауы бойынша бір білім ордасын немесе бірнеше университетке таңдау жасай алады. Конкурсқа құжаттар қабылдау 23-31 шілде аралығында облыстағы «Қабылдау комиссиясында» жүргізіледі. «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша толық ақпаратты www.serpin-2050.kz сайтынан және Қызылорда қаласы Желтоқсан көшесі 40 мекен-жайынан) алуға болады. |
||
Облыстағы «Ақмешіт жастары» газеті кезектен тыс Ү қалалық сессия материалдарын толыққанды ұсыныпты. Қызылорда қаласының әкімі Н.Нәлібаев: «Қызылорданың келешегін кемелдендіруге шақырамын». ...Бүгінде, Қызылорда қаласының экономикалық әлеуеті артып, барлық салалар бойынша алдыңғы шептен көрініп келеді. 2016 жылға арналғанҚызылорда қаласының бюджеті31,2 млрд. теңгекөлемінде бекітіліп, жыл басынан берінақтылаулар мен түзетулерден кейін 40,1 млрд. теңгені құрады. Бұл дегеніміз бюджет көрсеткіші 128,5 пайызға ұлғайғандығын көрсетеді. 2016 жылдың 5 айында өнеркәсіп кәсіпорындарымен 172 млрд. 161 млн. теңгеніңөнімдері өндірілді. Өңдеу өнеркәсіп саласында 10 млрд. 542 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда 118,3 пайызға өсім қамтамасыз етілді. Оның ішінде тамақ өнеркәсібі 114,3 пайызға, машина жасау саласы 132,3 пайызға, химия өнеркәсібі өнімдерін өндіру 109,6 пайызға артты. 2016 жылғы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 30 млрд. 629 млн.теңгені құрап, облысқа салынған инвестицияның 71,5 пайызын қамтамасыз етті. Құрылыс жұмыстарының көлемі 11 млрд. 174,4 млн. теңге немесе өткен жылмен салыстырғанда 106 пайыз. Облыста атқарылған құрылыс жұмыстарының 84,1 пайызы Қызылорда қаласының үлесінде. Қала бюджетінің 2016 жылдың 5 айына кірістер болжамы 14 млрд. 441 млн. теңгеге жоспарланса, нақты түсім 15 млрд. 170,5 млн. теңгені құрап, 105,1 пайызға орындалды. Оның ішінде өз кірістеріміз болжанған 5 млрд. 605 млн. теңгенің орнына 6 млрд. 430 млн. теңгеге немесе 114,7 пайызғаорындалды. Соңғы жылдары қаланың ауыл шаруашылығы саласына мемлекет тарапынан бірқатар жеңілдіктер жасалып, нәтижесінде егін шаруашылығы мен мал шаруашылығы саласы жыл сайын дамып келеді. Мал шаруашылығын дамыту барысында үстіміздегі жылы «Сыбаға», «Құлан» бағдарламаларына«Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының облыстық филиалы арқылы 32 млн теңге несие алынды. «Алтын асық» бағдарламасы аясында 1 шаруа қожалығы асыл тұқымды қаракөл тұқымынан 10 бас қошқар және 300 бас аналық тоқты сатып әкеліп, мал басын асылдандыруда. «Ырыс» бағдарламасы аясында жайылымдықты суландыру мақсатында Қызылөзек ауылдық округінен«Мейрам» шаруа қожалығы шалғайдағы 1 ұңғымалы құдық қаздырды. Ауылшаруашылығы дақылдарының егіс көлемдерін әртараптандыру мақсатында, барлығы 7 мың 64 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. 2016 жылдың 6 айында мемлекетіміздегі ең ұтымды бағдарламалардың бірі «Дипломмен ауылға»бағдарламасына 17 млн. 600 мың теңге төленді. Жыл сайын шағын кәсіпкерлікті дамыту бағытында мемлекет тарапынан жасалған қолдаулардың арқасында бұл салада да айтарлықтай оң өзгерістер қалыптасуда. Биылғы жылдың 1 тоқсанында қала бойынша шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 26 мың 370 бірлікті құрады, оның ішінде жеке кәсіпкерлер саны 19 мың 782, заңды тұлғалар 6 мың 588. 2016 жылдың 6 айында кәсіпкерлік саласында 788 жаңадан жұмыс орны ашылды. Инвестициялық жобалар: Аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлының қолдауымен, индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында да ауқымды жобалар қолға алынуда. Бүгінгі күні, қаламызда индустрияландыру картасына енгізілген жалпы құны 57 млрд. 769 млн. теңгеніқұрайтын 16 жоба жүзеге асырылуда. Ондағы 1 жоба республикалық картаға енгізілсе, қалған 15 жоба өңірлік картада. Осы жобалардың ішіндегі ең үлкені және елімізде теңдесі жоқ ірі бастама Қызылорда қаласында қуаттылығы жылына 197 мың 100 тонна табақша шыны шығару және өңдеу зауытының құрылысы. Бұл жобаның құны 36,7 млрд. теңгені құрайды. Жоба толық іске қосылғаннан кейін 310 адамға жаңа жұмыс орындары ашылатын болады. 2016 жылдың бес айында Өңірлік Үйлестіру Кеңесінің қарауына Қызылорда қаласы бойынша жалпы құны 951 млн.теңгені құрайтын 4 инвестициялық жоба ұсынылды. Жылдың соңына жалпы құны 2 млрд. 692 млн. теңгені құрайтын 4 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Бұл жобалардың аясында 139 адам жаңа жұмыс орындарымен қамтылды. Сумен қамтамасыз ету бойынша: Қызылорда қаласының ауыз су инфрақұрылымын дамытуға соңғы 3 жыл ішінде 10 млрд. теңгеге жуық қаржы тартылды. Қала халқын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытындағы осындай ірі жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде, Қызылжарма жер асты су кені арқылы 98 су ұңғымалары іске қосылды. Тиісінше халыққа берілетін ауыз су көлемі 39 текше метрден 58,2 текше метрге артып, қала халқы толығымен таза, жер асты ауыз суын тұтынуға мүмкіндік алды. Қызылорда қаласының сумен қамту және суды бұру жүйелерін дамыту мақсатында «Еуропалық қайта құру және даму банкімен» құны 3,9 млрд. теңге болатын кредиттік келісім шарт бойынша жұмыстар басталады. 2015 жылы аталған бағдарлама аясында Ұлттық қордан 315,0 млн. теңге және жергілікті бюджеттен қоса қаржыландыруға 104,9 млн. теңге бөлінді. Биылғы жылы осы бағытқа облыстық бюджеттен 154,4 млн. теңге бөлінді. Қазіргі таңда республика бойынша қалаішілік су құбырлары 60 пайыздан астам толық жаңартылған бірден бір қала Қызылорда қаласы. Аяқ су мәселесі бойынша: Қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасау үшін, әлеуметтік-экономикалық мәселелермен қатар, қаланың экологиялық жағдайын жақсарту басты назарда. Қаламызды бойлай Сырдария өзені мен Оңжаға магистралдық каналы өтіп жатқанына қарамастан, аяқ сумен қамтылу көрсеткіші 30-35 пайызды ғана құрауда. Осы мәселені шешу бағытында 2013 жылы жергілікті бюджет есебінен «Қызылорда қаласын аяқ сумен қамтамасыз ету» жобасына 38 млн. теңге бөлініп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жобаны толық жүзеге асыру үшін І-ІІ кезеңіне 2,3 млрд. теңге, ІІІ-ІV кезеңіне 10,1 млрд. теңге, барлығы 12,4 млрд. теңге қаржы қажет. Аталған жоба ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетіне ұсынылып, алдағы уақытта «Ислам даму банкі» арқылы қаржыландыру жұмыстары жүргізіледі деп күтілуде. Бүгінгі таңда республика бойынша Қызылорда қаласы бірінші болып, қала маңындағы каналдарды толығымен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Су ресурстары комитетінің теңгеріміне өткізді. Бұл өз кезегінде каналдарды тазалау, арнасын кеңейту, жағалауларын бекіту секілді ауқымды жұмыстардың дер кезінде шешілуіне мол септігін тигізері анық. Жолаушылар тасымалы бойынша: Бүгінгі таңда қалаішілік 25 бағыттағы және қала маңына қатынайтын 6 бағытта, барлығы 840 автокөлікекі ауысыммен қызмет көрсетуде. 2013 жылы Қызылорда қаласындағы қалаішілік қоғамдық көлік тасымалын жоғары деңгейдегі сапалы қызметпен қамтамасыз ету жобасына сәйкес, «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясыакционерлік қоғамы арқылы «Қызылорда» автобус паркі» теңгеріміне 20 дана үлкен сыйымдылықтағы жаңа автобустар сатып алынды. Автобустардың барлығы кешенді техникалық тексеруден өткен. Сондай-ақ, автобустарға GPS орнатылып, арақашықтықтың сақталуы қатаң бақыланады. Жаңа қоғамдық көліктердің барлығында бейнекамера орнатылған және жоспарға сәйкес билеттік жүйе енгізілген. Осы мақсаттағы жұмыстарды жандандыру және қала көлеміндегі кіші сыйымдылықтағы қоғамдық көліктердің орнына орта және жоғары сыйымдылықтағы автобустармен ауыстыру бағытында, қосымша 92 дана үлкен сыйымдылықтағы заманауи автобустардың келуі 3 кезеңмен жоспарланса, бірінші кезеңде сынақтан өтіп сәйкестендіру құжаттары рәсімделген 10 автобус пайдалануға берілді. Қалған 82 дана автобустар тамыз-қыркүйек айларында толығымен келеді. Аймақ басшысының қолдауымен және қала тұрғындарының қоғамдық көліктердің сапасын арттыру туралы сұранысына сәйкес, бүгінгі таңда Қызылорда қаласында жалпы аумағы 5 гектар жерге, сыйымдылығы 200 заманауи автобустарға арналған жаңа үлгідегі автобус паркі салынуда. Бұл автопаркте қала көлемінде қызмет көрсететін үлкен сыйымдылықтағы автобустарға арналған тұрақтар, жанармай бекеті, көлік жуу алаңы қарастырылған. Автобус паркінің құрылысы толық аяқталып, іске қосылғаннан кейін 250 300 қала тұрғындары жұмыспен қамтылады. Сонымен қатар, қалаішілік және қала маңына қатынайтын қоғамдық көліктердің қызметін сапалы ұйымдастыру мақсатында Қорқыт ата көшесі, Темір жол вокзалы мен Саламатов көшесі бойында 3 диспетчерлік пункттерді салу үшін, жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілді. Жобаның жалпы құны 75 млн. теңге. Қазіргі таңда, конкурс жарияланды. Құрылыс саласы бойынша: Қызылорда қаласы биылда қарқынды тұрғын үй құрылыс алаңына айналды. Өткен жылдармен салыстырғанда құрылыс көлемі бірнеше есеге артты. Соңғы 3 жылда Қызылорда қаласы бойынша жалпы ауданы 265 мың шаршы метрді құрайтын, 3 мың 502 пәтерлік 82 көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілді. Биылғы жылы 3 мың 254 пәтерді құрайтын 67 көпқабатты тұрғын үйлердің (216,36 мың шаршы метр)құрылысы салынуда. Бұрындары, қаламыздың Батыс бөлігіндегі Мерей, Ақмешіт секілді ықшам аудандар 6-7 жылдан астам уақытта тұрғызылса, қазіргі уақытта 1-2 жылда бұндай көлемдегі ықшам аудандардың бірнешеуі бой көтеруде. Оған өздеріңіз куәсіздер. Соңғы 3 жылдың көлемінде 7 мыңға жуық отбасының жаңа пәтерге ие болуы - ол 30 мыңнан астамбаспаналы болған жерлестеріміздің қуанышы. Осы игілікті істердің жалғасы ретінде, кеше ғана 4 шілде күні ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы және «Астана күні» мерекесі қарсаңында «Титов» қыстағынан 60 жас отбасы жаңа пәтерге ие болды. Қаламыздың оңтүстік кіреберіс қақпасы саналатын, Жаппасбай батыр көшесінен апаттық жағдайдағы тұрғын үйлердің орнына 60 пәтерлік көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталды. Бүгінгі күні Қызылорда қаласында тұрғын үйі апаттық деп танылған 275 отбасы үй кезегіне алынған. Соңғы үш жылда олардың кезегі екі есе қысқарды. Мұнан бөлек, Жаппасбай батыр көшесінің бойынан Ұлттық қор есебінен тамыз айында 12 көппәтерлітұрғын үй /580 пәтер/ құрылысы басталады. Тұрғын үйлер кварталының жобасы мен сыртқы инженерлік желілерінің құрылыс жұмысына Ұлттық қордан 1,5 млрд. теңге бөлініп, 33,2 шақырым сыртқы инженерлік желілердің құрылысы жүргізілуде. Бұл жобаларды жүзеге асыру барысында 7 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылуда. Қызылорда қаласының тұрғын үй инфрақұрылымын дамытуға тартылған инвестиция көлемі 25 млрд. теңгені құрады. Тұрғын үй - коммуналдық шаруашылығын жаңғырту: Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы негізінде соңғы 3 жылда Қызылорда қаласы бойынша 3 млрд. теңгеден астам қаржыға, 118 көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өтті. Биылғы жылы, қайтарымды қаражат есебінен 48 млн. теңгеге қаладағы 3 көпқабатты тұрғын үйлергеқайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Осы бағдарламаны жалғастыру мақсатында ҚР Ұлттық экономика министрлігіне 1 млрд 89 млн. теңгегебюджеттік өтінім тапсырылды. Алдағы уақытта, республикалық бюджеттен тиісті қаржы бөлінген жағдайда, қосымша 30 көпқабатты үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жол-көлік инфрақұрылымын дамыту: Соңғы 3 жылда қаламыздың жол құрылысын дамытуға 15 млрд. теңгеден астам қаржы тартылды. Бұл қаржыға 300 шақырымды құрайтын жолдар орташа, күрделі жөндеуден және қайта жаңғыртудан өтті. Биылдың өзінде ұзындығы 22 шақырымды құрайтын 16 көшеге орташа, 24,5 шақырымды құрайтын 80 көшеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге, 2,6 шақырымды құрайтын Шымбай және Сүлейменов көшелері қайта жаңғыртылуда. Қызылорда қаласының бас жоспарына сәйкес Сұлтан Бейбарыс көшесінен Әбілхайырхан көшесіне дейінгі аралықта, Сырдария өзенінің бойын жағалай отырып ұзындығы 7 шақырымды құрайтын айналма жол құрылысын жүргізуге облыстық бюджеттен 1 млрд. 932 млн. теңге бөлінді. Айналма жолдың бойында барлық стандарттарға сәйкес жарық бағаналары, аялдамалар және 7 шақырымды құрайтын жаяу жүргіншілер жолы мен арнайы веложолақ қарастырылған. Сырдария өзенінің екі жағалауын байланыстыратын автомобиль көпірінің құрылысы биылғы жылдың қазан айында пайдалануға беріледі. Жол жөндеу жұмыстары аясында, қаламыздың шет аймақтары да назардан тыс қалған емес, керісінше жыл сайын шет аймақтың жолдарын жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Мысалы, 2014 жылдың өзінде қаламыздың шет аймақтары саналатын Шанхай, Әл-Фараби, Коммунизм, КБИ мөлтек аудандарында 20 көшеге, Титов, Гагарин мөлтек аудандарында 10 көшеге орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 2015 жылы аталмыш шет аймақтар бойынша 5 көшеге орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал, биылдың өзінде «КБИ» тұрғын ауданында ұзындығы 2,3 шақырымды құрайтын Сарыарқа және Ақжол көшелеріне орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жол құрылысы саласындағы жағымды жаңалықтың бірі, осы шілде айының аяғына дейін «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы арқылы қаламыздағы 51 көшенің орташа жол жөндеу жұмыстарына 980 млн. теңге жәнеауылдық округтердегі 14 көшенің орташа жөндеу жұмыстары мен 2 көшені жарықтандыруға 80 млн. 126 мың теңге қаржы тартылуда. Қаламызды жасыл желекке айналдыру мақсатында көгалдандыру жұмыстарына ерекше көңіл бөлініп келеді. Атап айтқанда, қала көлемінде орналасқан 50-ден астам аллеялар мен скверлер бар. Екі айлық сенбілік барысында 15 мыңнан астам көшеттер отырғызылып, гүлзарлар орналастырылды. Қала тұрғындарының сүйікті демалыс орынына айналып үлгерген қала орталығындағы, «Ақмешіт-Сырдария» мешіті аумағында қайта абаттандырылған алаңда жаңа заманауи талаптарға сай субұрқақ іске қосылды. Қазіргі таңда, орталық алаңда орналасқан субұрқақты да толық қайта жаңғыртудан өткізіп, жаңа кейіпте тамыз айында іске қосамыз. «Тұңғыш Президент саябағы» жанынан, мемлекеттілігіміз бен тәуелсіздігіміздің басты нышаны«Рәміздер алаңының» құрылысын жүргізуге 100 млн. теңге бөлінді. Жалпы аумағы 4,5 гектарды құрайтын «Рәміздер алаңында», Мемлекеттік Елтаңба, Мемлекеттік Гимнжәне Қызылорда көгінде, қаламыздың қай бөлігінен қарасаңыздакөрінетін биіктігі 60 метрлік қасиетті Мемлекеттік Туымыз орналастырылады. Сонымен қатар, тек біздің өңірімізде ғана емес, республика көлемінде жақсы танымал үлгілі мекеме,«УАД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің демеушілігімен 120 млн. теңгеге Шиелі-Қызылорда, Сырдария-Қызылорда бағыттарынан кіре беріс қақпалардың құрылысы жүргізілуде.Жұмыспен қамту:«Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» аясында ауқымды шаралар жүзеге асырылуда. 2016 жылғы 1 маусымына жұмыспен қамту органдарында жұмыссыз ретінде 4 мың 574 адам тіркелген. Жыл басынан қалада 1 мың 489 жаңа жұмыс орны ашылды. 1 мың 969 адам тұрақты жұмысқа орналасып, 1 мың 178 адам қоғамдық жұмысқа тартылды. Ағымдағы жылы 3 рет «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі ұйымдастырылып, нәтижесінде жолдама алғаны 512 адам, тұрақты жұмысқа орналасқаны 334 адам, қайта даярлау курстарына 83 адамға жолдама берілді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде Қызылорда қаласы бойынша тіркелген жұмыссыздық деңгейі4,7 пайызды құрады. Облыс бойынша бұл көрсеткіш 5 пайыз. Халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік қамсыздандыру мәселесі біздің назарымыздан ешқашан тыс қалған емес. Бұл біз үшін ең маңызды және бірінші кезекте атқарылуы тиіс мәселелердің қатарында. Осы бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстардың бірі, «Жүрек жылуы» қайырымдылық акциясы жыл басынан бері екі рет ұйымдастырылып, қайрымды азаматтар мен жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен әлеуметтік жағынан аз қамтылған 1 мың 500-ге жуық отбасына бірінші қажеттіліктегі азық-түлік және басқа да тұрмыстық өнімдер тегін үлестірілді. Білім саласы бойынша: Биыл қаламызда мектепті 1 мың 894 оқушы бітіріп, 1 мың 427 түлек Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. 31 оқушы «Алтын белгі» және 73 түлек «Үздік аттестат» иелері атанып, бәрімізді қуантты. Сонымен қатар, 9 оқушы халықаралық ғылыми жоба жүлдегері ретінде грант иегері атанды. Нәтижесінде, 2016 жылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша Қызылорда облысыреспублика бойынша 5 орыннан көрінді. Сонымен қатар, аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлының тікелей бастамасымен 2014 жылдан бастап Қызылорда облысының түлектері Ресей Федерациясының жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндік алуда. Бүгіннің өзінде Қызылорда қаласынан 288 студент Ресей Федерациясының беделді оқу орындарында білім алуда. Осы игілікті бастаманың жалғасы ретінде, биылғы жылы да қаламыздың 179 мектеп бітіруші түлектеріне осындай мүмкіндіктер берілуде. Былтырғы жаңа оқу жылында Қорқыт Ата көшесі бойынан және Ипподром мөлтек ауданында 900 орындық 2 мектеп пайдалануға берілді. Мемлекет басшысының бастамасымен өңірлерді дамыту мақсатында қолға алынған ең маңызды бағдарлама, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында, ұлттық қор есебінен Тасбөгет кентінде 300 орындықжаңа мектептің құрылысы және қала орталығынан 280 бүлдіршінге арналған жаңа балабақша құрылысы биылғы жылы тамыз айында пайдалануға беріледі. «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы аясында 6 мектеп, 1 балабақшаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ішкі саясат саласы бойынша: Бүгінгі таңда, Қалада 11 ұлттық-мәдени орталық, 25 діни бірлестік, 9 саяси партияның филиалдарыжұмыс жасайды және 596 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік-маңызды жобаларын жүзеге асыру бойынша 8,1 млн. теңгебөлініп, 5 жоба жүзеге асырылуда. Жастар саясаты саласындағы өңірлік бағдарламаларды жүзеге асыру бойынша 14 млн 600 мың теңге қаржы бөлініп, түрлі бағыттағы 8 әлеуметтік жоба іске асырылуда. Мәдениет саласы бойынша: Қызылорда қаласы-аймағымыздың тек әкімшілік қана емес, сонымен бірге мәдени және рухани орталығы болып саналады. Осы ретте, қала бойынша жыл басынан бері түрлі бағыттағы 326 мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылып, оған 64 мың 915 көрермен тартылған. Бүгінде, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты 76 үйірмелер жұмыс жасаса,үйірмеге қатысушы өнерпаздар саны 898 адам. Мәдениет саласындағы айтулы жетістігіміздің бірі, мәдени тегімізді танытатын төл мұралар, жауқарлы жәдігерлер сақталған облыстық тарихи-өлкетану музейі биыл қайта жаңғыртудан өтті. Спорт саласы бойынша: Қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі тарапынан жыл басынан бері дене шынықтыру ұжымдарымен бірлесіп 23 спорттық шаралар мен облыстық сайыстар алдында 8 оқу-жаттығу жиындарыөткізіліп, облыстық, республикалық деңгейдегі жарыстарға барлығы 3 мың 701 адам қатыстырылды. Жалпы айтқанда, бұқаралық спортты дамыту бағытында Қызылорда қаласы облыс көлемінде жоғары жетістіктерімен көш бастап келеді. Соның бір дәлелі, үстіміздегі жылдың 5 тамыз күні Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтетін, төрткүл дүниенің кіл мықтылары қатысатын дүбірлі дода, ХХХІ жазғы Олимпиада ойындарына Қызылорда облысынан 4 спортшы жолдама алса, оның барлығы да Қызылорда қаласының спортшылары. Атқарушы билікке халықтың қоғамдағы талабы мен тілегі, елдің мүддесі, көкейтесті мәселесін жеткізуші, халық қалаулысы ретінде бұқара мен билік арасындағы дәнекер сіздермен біздің жұмысымыз тығыз байланысты. «Бірлік береке бастауы» деген халық даналығы. Бүгінде, біздің өңіріміз өрелі істерімен ерекшеленіп, аймағымыздың даму тарихында өзіндік орнын қалыптастырып үлгерді. Мұның барлығы Елбасының дана саясатының, аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлының қарышты қолдауының және Сіздер мен біздердің бірлесе атқарған тынымсыз тірлігіміздің нәтижесі, халықтың артқан мол сенімінің жемісі. Осындай ірі жобалар мен халықтың игілігі жолында атқарылған жұмыстардың ішінде ең ауқымдысы, мерейлі мереке «Астана күні» қарсаңында халықтың көкейтесті мәселелерінің бірі шешімін тауып жеке тұрғын үй құрылысы үшін жаңа «Бәйтерек» мөлтек ауданынан 6 мың 600 азаматқа жер телімдері берілді. Алдағы уақытта, жаңа «Бәйтерек» мөлтек ауданында шамамен 36 мың халық тұрады деп күтілуде. Республика бойынша мұндай ірі көлемде толық инженерлік-инфрақұрылымымен тұрғын үй үшін жер телімдерін табыстап отырған бірден бір аймақ бұл біздің өңір! ҚР Жер кодексіне сәйкес (44-бап, 5-3 тармақ) жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін жер учаскелерін беру су және электрмен жабдықтау желілерімен қамтамасыз етілген алаңдар дайын болған жағдайда табысталатындығы атап көрсетілген. Осыған орай, қажетті инфрақұрылыммен жабдықталған дайын алаңдардың болмауына байланыстықала бойынша 2004 жылдан бері кезекте тұрған азаматтарға жер телімдері табысталмай келді. Қазіргі кезеңде жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер кезегіне 49 мың 212 азамат тіркеуге алынған. Қала тұрғындарының жер телімдеріне деген сұранысын қанағаттандыру мақсатында Қызылорда - Жезқазған автожолының бойынан жеке тұрғын үй құрылысы үшін 980 гектар аумақты игеруге 2014 жылы234 млн. теңге бөлінді. Аталған қаржы шеңберіндежобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. 2016 жылы республикалық және облыстық бюджеттен 5,2 млрд. теңге бөлініп, 980 га аумақтың инфрақұрылымын дамыту жұмыстарына бағытталды. Жобаны аяқтауға республикалық, облыстық бюджеттерден жақын күндері қосымша 4 млрд. 700 млн. теңге қаржы бөлінеді. Аталған аумақта, халық толық орналасқан кезде 1 диагностикалық орталық, 260 төсектік 1 аурухана мен ауысымына 100 келушіге арналған балалар мен әйелдерге кеңес беру емханасы, ауысымына 200 адам қабылдай алатын 1 емхана, 280 орындық төрт балабақша, 900 орындық 5 мектеп және стадион, мешіт, мәдениет үйі, демалыс саябақтары бой көтереді деп жоспарлануда. Бұл жерлер тек кезек реттілігімен ғана беріледі. Ашықтықты, жариялылықты қамтамасыз ету мақсатында жергілікті БАҚ-тарда және қала әкімдігінің ресми интернет ресурстарында жер кезегінің тізімі жарияланды. Ендігі жерде, Елбасының саясатын ел мүддесіне сай жүзеге асырып, өнімді еңбек ету, өз мүмкіндігімізді толығымен пайдаланып, Қызылорда қаласын бұдан әрі қарқынды дамыту, оң өзгерістер мен өрелі істердің ортасы ету бағытындағы жұмыстар тиісті деңгейде жалғасатынына сенемін. Алдағы уақытта да туған өлкеміз Қызылорданың бүгінін бекемдеп, келешегін кемелдету жолында бірлесе жұмыс жасауға шақырамын. «Ішкі нарықты игеруге белсенділік қажет» деп атапты журналист өз мақаласын, онда жергілікті өнімдерді басқа өңірлерге жеткізу жайы жан-жақты мамандар тарапынан сөз болады. ...Елімізде кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып келеді дегенімізбен, республикамыздың әр өңірінен шыққан өнімдерімізді сырт мемлекеттерге шығаруды былай қойғанда, бір облыстан шыққан өнімді келесі бір өңірге жеткізу, отандық өнімді еліміздің түкпір-түкпіріне жеткізу өзекті мәселелердің бірі екені белгілі. Қалай дегенмен де кәсіпкерлік саласы енді ғана қарқын ала бастаған елімізде ішкі нарықты белсенді түрде игеру кенжелеп келеді. Осы мәселе төңірегінде кәсіпкерлердің бизнесін дамытудың оңтайлы жолдарын тауып, ел экономикасының дамуына ықпал ету мақсатында еліміздің ірі бизнес өкілдері өткен аптада Сыр өңірінде бас қосты. «Сыр бойы» кәсіпкерлері қауымдастығының ұйымдастыруымен аймағымызда алғаш рет өткізілген бизнес форум облыс орталығындағы Н.Бекежанов атындағы музыкалық драма театрында болып өтті. Кәсіпкерлердің басын біріктірген форумға еліміздің 5 өңірі, атап айтқанда Алматы, Ақмола, Қарағанды, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарының 100-ге жуық кәсіпкерлері қатысты. Кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған форумның басты мақсаты аймақтар арасындағы кәсіпкерлік байланысты нығайту, сондай-ақ қазіргі экономикалық жағдайда қазақстандық бизнестің дамуын талқылау, кәсіпкерлерге жүргізіп отырған және болашақ бизнестерін ашуға қажетті ақпаратпен байланыстың толық спектрін ұсыну болып табылады. Бизнес әлемінде әріптестік қарым-қатынасты жақсартуды көздеген форумның алғашқы бөлігінде театрдың жоғары қабатында орналасқан фойеде отандық өнімдерден көрме ұйымдастырылды. Қазіргі таңда еліміздің әр аумағында шығарылып жатқан өз өнімдерімізден ұйымдастырылған көрменің бірінші қатарында Алматы қаласының «Дәмді» сауда белгісіндегі «Дастархан Bіo Таңғы асы» атты печеньесі орын алған. Отандық таңғы ас өнімін таныстырып өткен сауда өкілі Сымбат Игілікованың айтуынша, «Дәмді» сауда белгісіндегі отандық өнімдер екі жылға жуық уақыттан бері шығарылып келеді екен. Бүгінде таңғы астың 5 түрі болса, бұл өнім еліміздің барлық аймағына кеңінен таралған. Әзірге елімізде өздеріне бәсекелес болатын өнім жоқ екенін алға тартқан С.Игілікова бұл таңғы астың қант диабетіне шалдыққан науқастарға да зор көмегі тиетінін тілге тиек етті. Алматылық таңғы астың жанына Сыр өңірінің «Браунис» сауда белгісіндегі тәтті тоқаштары мен торт орналасыпты. 2011 жылдан бастап жұмысын бастаған кондитерлік цехтың бүгінде өңір орталығында 7 фирмалық дүкені бар. Уақыт өткен сайын кәсіпті кеңейтіп келе жатқан кондитерлік дүкен мамандары алдағы уақытта да дүкендер желісін көбейтуді көздейтіндіктерін жеткізді. Сонымен қатар сырбойылықтар форум аясында өз өніміміз ретінде Қазалының «Дәмді» сауда белгісіндегі сүт өнімдерін көпшілік назарына ұсынды. Бүгінде халықтың ерекше ықыласына бөленген «Дәмді» сүт өнімдерінің бағасы да өзгелерге қарағанда әлдеқайда арзан екені белгілі. Көрме қатарында «Kavі» фирмалық сауда дүкенінің сантехникалық заттары да қойылған. Негізі бұл сауда дүкенінің бас нүктесі Алматы қаласында орналасқан. Қазіргі таңда дүкеннің тауарлары республиканың 4 облысына таратылады. Көрмеде ерекше назар аудартқан өнім керамикалық плиталар болды. Оңтүстік Қазақстан облысынан әкелген «Зерде Керамика» ЖШС жұмыс жасай бастағанына көп уақыт бола қоймаған. Дегенмен аз уақыт ішінде керамикалық плиталардың 16 түрін шығарып, шыққан өнімнің дені «ЭКСПО 2017» халықаралық көрмесінің құрылысына пайдаланылып жатқанын ерекше мақтанышпен айтып өткен серіктестік басшылығы қазіргі таңда отандық өнім тек өз елімізде ғана емес, сонымен бірге көршілес мемлекеттерге де экспортталып жатқанын айтып өтті. Атап айтар болсақ, шымкенттік керамикалық зауыттан шыққан өнім Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан мемлекеттеріне жөнелтіледі екен. Қуаттылығы бір жыл ішінде 2 млн. шаршы метрді құрайтын зауыт өнімінің шикізатының 80 пайызы қазақстандық болса, қалған 20 пайыз шикізат Ресей, Испания және Украина елдерінен әкелінеді екен. Қазіргі таңда өнімге сұраныстың артуына байланысты 2017 жылдың желтоқсан айында Ақтөбе облысынан қуаттылығы жылына 5 млн. шаршы метрді құрайтын керамикалық плита шығаратын зауыт ашу жоспарланған көрінеді. Кәсіпкерлер көрмесінде бүгінде білім саласы бойынша қарқынды жұмыс жасап, аймақ тұрғындарының өзге тілді меңгеруіне мүмкіндік беріп отырған, аз уақыт ішінде ел алдында жоғары дәрежеге ие болып келе жатқан «Полиглот» оқу орталығы да бой көрсетті. Форумға арнайы қонақ ретінде шақырылған оқу орталығының американдық оқытушысы Питер Нуака Американың Колифорния штатынан келген. Оқу орталығында 3 айдан бері жұмыс жасап келе жатқан ағылшындық ұстаз қазақ халқының қонақжайлығына дән риза екендігін жеткізді. Сыр жастарының тіл білуге деген ынтасы, олардың алғырлығы оны ерекше тәнті ететіндігін жеткізген ағылшын курсының мұғалімі П.Нуака ағылшын тілін терең меңгеруге ден қойған жастарға кеңес беруден жалықпайтынын да жасырмады. Қазіргі таңда «Нұрымжан» жеке кәсіпкерлігінің өнімін сырбойылықтар кеңінен қолдануда. Үй аулаларын қоршау, шағын сарай салу кезінде дәл осы кәсіпкерлік нысанның бетон-кірпішін халық көптеп қолдануда. «Нұрымжан» ЖК директоры Махмұт Мамбетовтың айтуынша, түрлі-түсті бетон-кірпіштердің бағасы да әртүрлі болып келеді екен. Бетон-кірпіштердің бағасы 170 теңгеден басталып, 250 теңгеге дейін жетеді. Бұл өнімнің шикізаты Жаңақорған ауданынан алынатын көрінеді. Құрылысы қарқынды дамып келе жатқан аймақта бетон-кірпішке де сұраныстың арта түсуі қуантатынын жеткізген директор М.Мамбетов бұл өнім ұзақ жылдар бойы бастапқы қалпында сақталатынын да айтып өтті. Көрмеде Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы, Бөген ауылынан әкелінген «Бөген» минералды табиғи емдік-ауыз суы да таныстырылды. Екі мың метр тереңдіктен тартылатын сапалы ауыз суды көпшілікке таныстырған «Бөген су» шипажайының директоры Сәуле Сұлтанбаева биылғы жылдан бастап халық игілігі үшін жаңа шипажай жұмыс бастағанын жеткізді. Сан түрлі сырқатқа ем болатын минералды табиғи жерасты суымен ем жүргізілетін шипажайдың бағасы күніне 3500-5000 теңге көлемінде екен. Қазіргі таңда шипажай 30 адамға лайықталып, жабдықталған. Заманауи үлгідегі «Бөген су» шипажайында буын ауруларына, қант диабетіне шалдыққандар, ішкі ағзаларды тазарту, қан қысымынан зардап шегетін, жүйке жүйесі әлсіреген, жүрек-қан тамырлары ауруларымен сырқаттанатын адамдар ем қабылдай алады. Бүгінде өзге елдермен тығыз қарым-қатынас орнатып, серіктестерінің сенімді серігіне айналған компаниялардың бірі «Unіtea» сауда компаниясы. Шай өнімін жеткізумен айналысатын қарағандылық компания қазіргі күні Кения мен Үнді елінің қара түйіршігін өзге мемлекеттерге жеткізіп келеді. Көрмеге Қарағанды облысынан ат терлетіп келген «Unіtea» сауда компаниясының сауда өкілі «Ақ ман», «Долина нанди» белгісіндегі кения шайларын таныстырды. Форум аясында кәсіптерін кеңейтуді көздейтін кәсіпкер алдағы уақытта сырбойылықтарға шай өнімдерін жеткізу жоспарда бар екенін айтты. Кения мен Үнді жерінен жиналған қара түйіршікті қаптамаға орап, оны жеткізу сауда-саттығымен айналысатын компания Ресей мемлекетімен тығыз сауда байланысын орнатқан. Жеткізуші компанияның өнімі қазіргі таңда еліміздің ірі қалаларында сатылымда бар. Мұнымен қоса, көрмеде АҚШ, Германия және Ұлыбритания мемлекеттерінен әкелінетін ауылшаруашылығы техникалары турасында айтылды. Шетелдік зауыттармен тікелей байланыс орнатқан алматылық компаниядан ауылшаруашылығы саласындағы комбайн, трактор сынды техникаларын бұған дейін Сыр өңірінің бірнеше серіктестіктері сатып алған. Қомақты қаражат тұратын мұндай комбайнның бағасы 120 млн. теңге көлемінде болса, заманауи техникамен жұмыс жасауды бастаған жергілікті серіктестіктер бұл техникаларды лизинг бойынша 10 жылға алған. Шетелдік техниканың қыр-сырын айтып өткен компанияның сауда өкілі бұл техникаларды тек сол зауыттарда тәжірибеден өткен мамандар ғана жөндей алатынын және бұл техникалардың барлығы автоматтандырылғандықтан барлық ақаулар алдын ала белгі беретінін де жеткізді. Қуаттылығы ресейлік техникалардан екі есе мықты комбайндар мен тракторларды елге жеткізу мақсатында Қазақстан 2000 жылдан бастап жұмыс жасап келеді екен. Жалпы, 200 жылға жуық тарихы бар бұл шетелдік компанияның қазіргі уақытта 7 елде зауыты және 25 мемлекетте жеткізуші серіктестіктері бар көрінеді. Бұл көрмеде қолөнер бұйымдары да табылды. Мәселен, «СырЭтноДизайн» қоғамдық қорының жетекшісі Айдана Әлайдарова көрмеде киізден жасалған қолөнер бұйымдарын форум қатысушыларының назарына ұсынды. Қолөнер шебері А.Әлайдарованың айтуынша, қазіргі таңда қолөнер бұйымдары, оның ішінде ұлттық нақыштағы кәдесыйларды, өзге де бұйымдарды көптеп шығару өз өңіріміздің ерекшелігін дәріптеу мақсатында қажет дүние болып саналады. Ол өз сөзінде ата-бабаларымыздың киіз өңдеу технологиясы мен қазіргі жаңа технологияны ұштастыра отырып өз кәсібін дамытып келе жатқандығын да айтып өтті. Сондай-ақ бұл көрмеге Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданының бауынан алманың түрлі сорттары әкелініпті. Бір қарағанда оңтүстік өңірден әкелінген бұл алмалар жұртшылық арасында «китайский» деп аталып кеткен алмаларға ұқсайды-ақ. Бірақ «Асыл Агро Групп» ЖШС-нің сауда өкілінің айтуынша, бұл алмалар отандық өнім екен. 2013 жылдан бастап түріктермен серіктестік құрған компания алғашқы жылы 10 гектар жерге алма бағын жасаған. Ал ағымдағы жылы жер телімі кеңейтіліп, 40 гектар аумаққа алма ағашы отырғызылған. Сырты жылтыр, көлемі біркелкі болып келген бұл алмаларды күтіп-баптау қиындық туғызатынын, табиғи алмалардың міндетті түрде құрттағаны дұрыс деген пікірді жоққа шығарып, өз өнімімізді де таза қалпында күтуге болатынын жеткізген сауда өкілі бұл алманың өзіміздің жерден екендігіне сендірді. Мұнан өзге көрмеде «Smart Rubber» ЖШС-нің автокөлік дөңгелектерінен жасалған жерасты суару түтікшелері, «Реал Партнерс» ЖШС-нің арнайы киімдері, жеке қорғаныс заттары, жиһаз бұйымдары және құрылыс заттары өнімдері, Оңтүстік Қазақстан облысының «Classіc Furnіture» ЖШС-нің үй жиһаздары назарға ұсынылды. Бизнес форум аясындағы көрме жұмысымен танысқан облыс әкімінің орынбасары Ғ.Әміреев БАҚ өкілдеріне сұхбат берді. Облыс әкімінің орынбасары Ғ.Әміреев: Қазіргі таңда кәсіпкерлік саласына мемлекет тарапынан көп қолдау көрсетілуде. Енді экономиканы әртараптандыру үшін шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту керек. Сондықтан бұл "Сыр бойы" бизнес форумы кәсіпкерліктің одан әрі дами түсуіне үлкен септігін тигізеді. Форум аясындағы көрмеден байқағанымыздай, форумға қатысушы кәсіпкерлік нысандарының Сыр өңірінде кәсібін дамытуға толық мүмкіндіктері бар. Мәселен, бау-бақша дақылдарын өсіру бойынша біз форумның пленарлық отырысынан кейін келіссөздер жүргізетін боламыз. Кәсіпкерлік саласы өзге өңірлермен салыстырғанда біршама дамыған Оңтүстік Қазақстан облысында қазіргі таңда 10-20 гектар жер аумақтарында алма бақтары орналастырылған. Алдағы уақытта Сыр өңірінде де бау-бақша дақылдарын егіп, кәсіпкерліктің бұл бағытын қолға алуды жоспарлайтын боламыз. Жуық арада Шиелі, Жаңақорған аудандары және қалаға қарасты ауылдық округтерде бау-бақша дақылдарына арналған жер телімдері дайындалатын болады. Қазірдің өзінде 3 ірі кәсіпкерлік нысандары Сыр аймағында жұмыс жасауға ынталы екендіктерін білдіріп отыр. Мұнан кейін театрдың көрермендер залында бизнес форумның пленарлық отырысы болып өтті. Пленарлық отырыста алғаш болып сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ғ.Махмұтбайұлы кәсіпкерлікті дамыту мақсатында тағы бір жарқын бастама қолға алынғанын айта отырып, "Сыр бойы" кәсіпкерлік қауымдастығының игі бастамаға атсалысқаны үшін алғысын жеткізді. Жиында Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ғ.Жақсылықов баяндама жасап, қазіргі таңда Сыр өңірінде кәсіпкерлерге барынша қолдаулар көрсетіліп, кәсіпкерлердің қолға алған жобалары толықтай жүзеге асуына дейін сүйемелдеу жұмыстары жүргізіліп келе жатқандығын да айтып өтті. Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директорыҒ.Жақсылықов: «Қазақстан Кәсіпкерлері Қауымдастығы» еліміздің табысты кәсіпкерлерінің ең белсенді және қарқынды дамып келе жатқан қауымдастығы болып табылады, ол кәсіпкерлікті дамыту арқылы елдегі экономикалық-әлеуметтік жағдайдың өркендеуіне ықпал етіп отыр. Бұл форум бүгінгі экономиканың ерекше кезеңінде кәсіпкерлердің бірлесіп жұмылуы арқасында, өңірге жаңа технологиялар мен инвестицияларды тартуға мүмкіндік береді. Форум барысында "Аймақаралық ынтымақтастық"бағыты бойыншакәсіпкерлер өз салалары бойынша тәжірибе алмасып, өз ісін жаңадан бастаған әріптестеріне көмек көрсете алады. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнес пен биліктің тиімді әріптестігі негізінде кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы жағдайларды қалыптастыру мақсатында ҚР Үкіметі және «Атамекен» Одағының» бірлескен шешімімен 2013 жылдың 9 қыркүйегінде құрылған, өзін-өзі басқаратын коммерциялық емес ұйым. Бүгінгі күні «Атамекен» өңірдегі бәсекеге қабілетті бизнес-климатты дамытуға және инвестиция тартуға бағытталған жұмыстарды жүргізуде, осы мақсатта құрамында 8000 астам мүшелері бар 123 республикалық және салалық қауымдастықтар Ұлттық кәсіпкерлер Палатасында аккредиттелген. Сыртқы экономикалық салада қазақстандық бизнестің мүддесін қорғау мақсатында «Қазақстанның сыртқы сауда палатасы» ЖШС еншілес компаниясы жұмыс жасауда. Осы уақыт аралығында 14 000 субъектілерге 29 мың кеңес берілді, жүргізілген сүйемелдеу жұмыстарының нәтижесінде жалпы құны шамамен 1 миллиард теңгені құрайтын 164 жобалар қаржыландырылды. Ерекше атап өтетін жайт, кәсіпкерлерге көрсетілетін қызметтердің барлығы ақысыз негізде жасалады. Осы жылдан бастап «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Қызылорда облысы әкімдігінің бірлескен «Микробизнес Қызылорда» пилоттық жобасы жүзеге асырылуда. Ауыл кәсіпкерлеріне несиелер тиімді шарттармен берілуде, бұл бағытта «Атамекен» ҰКП 300 млн. теңге, облыс әкімдігінен 360 млн. теңге қаржы бөлінген. Осы уақыт аралығында барлығы 266 млн. теңгені құрайтын 44 жоба қаржыландырылды. Кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағыты бойынша палата құрылған күнінен бастап кәсіпкерлік субъектілерінен 380 өтініш түсті. Оның ішінде 300 кәсіпкердің құқығы қалпына келтіріліп, 1 млрд. 160 млн. теңгеден астам қаржысы сақталып қалды. Жасырын емес, бүгінгі таңда бизнес өкілдерімен көтеріліп отырған маңызды мәселелердің бірі кадр тапшылығы. Осы ретте, Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасымен өңірде дуалды оқыту жүйесін енгізу және жүзеге асыру бойынша нәтижелі жұмыстар жүргізілуде. Аймақтың дуалды оқыту жүйесінің жетістігі ретінде Кәсіпкерлер палатасы мен облыстық білім басқармасының және Қызылорда индустриалды-техникалық колледжінің бірлескен әріптестік жұмысының нәтижесінде республика көлемінде тұңғыш рет бірлескен корпоративтік басқару жобасының жүзеге асырылып жатқандығын айтуға болады. Аталмыш жобаны жүзеге асыру барысында сервистік қызмет көрсету саласындағы кәсіпкерлер Қауымдастығы құрылды. Қауымдастық құрамына «Фирма Бест Сервис ЛТД» ЖШС, «K-Group LTD» ЖШС, «РАИМ» ЖШС, «Фотон» ЖШС енген. Бүгінде бағдарлама аясында оқып жатқан студенттер аталмыш кәсіпкерлік нысандарында өндірістік білім алып, кәсіби тәжірибеден өтуде. 2015 жылы «Атамекен» ҰКП әр өңірдің ерекшелігін ескере отырып, кәсіпкерлік саласына қатысты арнайы карта әзірлеген болатын. Картада әр өңірдің әлеуеті, инфрақұрылымға қолжетімділігі, шикізат қоры, маманданған саласы туралы нақты ақпаратпен қамтуды көздейді. Өңірлік кәсіпкерлікті дамыту картасы әрбір өңірдің басты сауалдарына: атап айтқанда, өңірдің мамандану деңгейін айқындайтын факторларды, нарықтағы тауарлар мен көрсетілетін қызмет нарығының жұмыс істемейтін немесе жеткілікті игерілмеген салаларын, аймақтың өсу нүктелерін, өңірдегі нақты бизнес ортаның жағдайын, бизнестің дамуы барысында жиі кездесетін кедергілерді және даму локомотиві бола алатын бизнес-субъектілері қайсысы деген сынды сұрақтарға жауап береді. Бүгінгі күні облыс әкімі Қ.Көшербаевтың қолдаумен, «Бір терезе» қағидатына сәйкес инвесторларды қолдау орталығы, индустриалды аймақтарды басқару және кәсіпкерлікті қолдау орталықтарын біріктіріп, басқарушы компания құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сөзімді қорытындылай келе, Кәсіпкерлер палатасы алдағы уақытта «Сыр бойы Бизнес Форум» өңіраралық ынтымақтастықты дамытуға арналған форум аясында атқарылатын жұмыстарды бірлесіп жалғастырады деп толықтай айта аламыз. Форум барысында Сыр бойы» кәсіпкерлері қауымдастығының басқарма кеңесінің төрағасы Д.Жанзақов баяндама жасап, ол өз сөзінде бұл бизнес форум жемісті, әрі аймақ кәсіпкерлерінің ертеңге деген көзқарасын өзгертіп, болашаққа сеніммен қарауына, ең бастысы тәжірибе алмасып, бизнестің іскерлік белсенділігін арттыруға атсалысатындығын айтып өтті. «Сыр бойы» кәсіпкерлері қауымдастығының басқарма кеңесінің төрағасы Д.Жанзақов: «Сыр бойы кәсіпкерлері қауымдастығының» облыс, қала басшылығының қолдауымен өткізіп отырған бүгінгі бизнес форумның мақсаты тәуелсіздік алғалы Елбасымыздың қолдауымен аяққа тұрып, халыққа қажетті көптеген өнім түрлерін шығарып, бүгінде экспортқа өнімдерін сата бастаған кәсіпкерлерімізді ішкі нарықты белсенді түрде игеруге шақыру. Мысалы, біз осы шығарған өнімдерімізді көрші облыстардың өзіне дұрыс сата алмай отырмыз. Себебі, бизнес қауымдастықтардың бір-бірімен қатынасы әлсіз, болмаса жоқ есебі. Яғни, ішкі нарықты игеруде белсенді қимылымыз жоқ. Республиканың көптеген аймақтарында индустриалды-инновациялық бағдарламаға сәйкес 800-дей кәсіпорын құрылды. Бірақ біз олардың қандай өнім шығарып жатқанын білеміз бе? Мысалы, Ақтөбе мен Петропавл қалаларында мұнай-газ саласына қажетті бөлшектер, құралдар шығарылуда және олар экспортқа да сатылып жатыр. Қызылорда облысында мұнай-газ саласында жылына 40-45 млрд. теңгеге осы салаға қажетті бөлшектер, құбырлар басқа да қажетті құралдар шет елден әкелінеді. Ал, Петропавл, Ақтөбе қалаларында біздің мұнай-газ саласында қолдануға болатын сапалы құралдарды неге пайдаланбаймыз? Бұл біздің білетін бір ғана мысалымыз. Басқа салаларда да осындай жағдай қалыптасқан. Осы мәселеге байланысты, республикалық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, оның аймақтық филиалдары арқылы әр облыс шығаратын өнім түрлерін, сатылатын көлемі, бағасы, транспорттық жеткізілуі сияқты өлшемдерін көрсете отырып, өнімдер тізімін жасап, аймақтық кәсіпкерлер палатасына беруді ұсынамыз. Бұл мәселе аймақтық тауар айналымын жоғарылатуға жақсы көмектеседі деген ойдамыз. Мысалы, біз Шымкент қаласының цемент, көкөніс сияқты бірнеше өнімін ғана білеміз және тұтынамыз. Ал Оңтүстік Қазақстан облысының мұнан өзге шығаратын өнім түрі де баршылық. Біз жасаған көрмемізде өнімнің 30-ға жуық түрі ғана көрсетілген. Әріптестік байланысты нығайтсақ, Қазақстанда өндірілген мыңдаған өнімдерді білер едік және оларды мекемелерге, халыққа қажетіне жаратуды ұсынар едік. Бұл елдің ішкі нарығында тиісті экономикалық қозғалыс беріп, елдің жалпы ішкі өнімінің ұлғаюына және теңгеміздің тұрақтануына үлкен әсер етер еді. Осы арада айта кететінім, өзіміз өндіретін өнімді ұлғайту бағытында облыс басшылығының қажырлы еңбегінің арқасында біздің облыста да болашағы жарқын жұмыстар жүріп жатыр. Келер жылы Қазақстанның ішкі сұранысын толық қанағаттандыратын, экспортқа да өнім сататын үлкен шыны зауыты іске қосылмақ. Оған шикізат болатын кальцилендірілген сода шығаратын зауыт құрылысын бастауға да үлкен жұмыстар жүріп жатыр. Металлургиялық кластер құру жолында нақты істер жүріп жатыр. Келер жылы құрылысы басталатын ферро ваннадий қорытпа зауытының тиісті құжаттары аяқталуға жақын. Инвестормен зауыт құрылысын қаржыландыруға қол қойылған. Шалқияда жүріп жатқан жұмыстардан бүкіл республика хабардар. Биыл «Батыс Қытай Батыс Еуропа» халықаралық магистральдық автожолы іске қосылады. Осы жолдың бойында ондаған сервистік компаниялар іске қосыла бастады. Бұл жол біздің облыс экономикасына үлкен серпіліс әкеледі деп есептейміз. Облыста 2020 жылға дейін экономикалық әлеуметтік даму стратегиясы қабылданған. Бұл стратегия инновациялық даму тұрғысында жасалған. Осы стратегияны іске асыру бағытында облыс басшылығы 7 рет шетел инвесторларының қатысуымен «Байқоңыр-Инвест» бизнес форумын өткізді және бұл іс-қимылдар өз нәтижесін бере бастады. «Атамекен» облыстық аймақтық кәсіпкерлер палатасы да аймақ өркендеуіне тұрақты түрде өз үлесін қосып, аймақтық инвестициялық орталық құрып, облыстың шағын және орта кәсіпкерлеріне 1 млрд. 300 млн. теңге көлемінде қаржы бөліп отыр. Кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған форумның тағы бір мақсаты қатысушыларға шетелдік кәсіпкерлер мен бизнес қауымдастық басшыларынан Ресей, Қытай, Иран елдеріне экспорттық мүмкіндіктері жайлы өзекті ақпарат алуға жол ашылатындығы болатын. Шетелмен іскерлік қарым-қатынасты кеңейтіп, бүгінде еліміздегі кәсіпкерлік саласын жандандыруға атсалысып келе жатқан "Meat Productіon & Servіce" компаниясының директоры Бақытжан Абдрасилов мал шаруашылығының экспорттық потенциалы турасында өз ойын білдірді. Бұған дейін шетелдерге қой етін экспорттаған компания алдағы уақытта Қытай мемлекетіне өнім өткізуді көздеп отыр. "Meat Productіon & Servіce" компаниясының директоры Б.Абдрасилов: Біздің компания бірнеше жыл Иран еліне қой етін экспорттаған еді. Әрине, біздің өнім сапасы жоғары деңгейде болды. Дегенмен түрлі мәселелерге байланысты Ресей мемлекетіне қой етін экспорттауға тыйым салынды. Біз көршілес Ресей мемлекетіндегі "Миотроп" компаниясымен келіссөздер жүргізіп, нәтижесінде біз оларға қой етінің бірнеше түрін жіберген болатынбыз. Қазақстандық өнім Санкт-Петербург қаласының белді мейрамханаларына жөнелтіліп, сондағы бас аспаздардың дегустациялығына жіберілген болатын. Сонда бас аспаз өзінің 30 жылдан бері іздеген дәмін тапқандығы жөнінде мәлімдеген еді. Осы екі елге өнім шығару кезінде қазақстандық өнімнің жоғары сапалы екенін жиі естіп, бір марқайып қалатынбыз. Алайда жоғарыда айтып өткендей, қазіргі таңда түрлі себептермен өнімді экспорттауға тыйым салынып отыр. Жалпы, біздің еліміздің жері кәсіпкерлік саласының қай бағытын болмасын дамытуға мол мүмкіндік береді. Ата-бабамыздан мұраға қалған жеріміздің потенциалын біздер тиімді пайдалана біліп, мемлекетке пайда келтіретін іспен айналысқанымыз жөн. Елімізде кәсіпкерлік байланысты нығайта отырып, өңірлердің импортқа тәуелділігін азайтып, экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған бұл шара тек бастамасы ғана. Алдағы уақытта кәсіпкерлердің мұндай басқосулары жиі өткізілетін болады.
|