Бестеректегі жол апаты: әкімдік оқиғаның мән-жайын айтты
АСТАНА. KAZINFORM – Белгілі болғандай, зардап шеккендер екі отбасының балалары. Бұл туралы Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Абай облысының Үржар ауданында кәмелетке толмаған балаларға қатысты қайғылы жағдай тіркелді. Жол-көлік оқиғасы салдарынан 2-7 жас аралығындағы үш бала көз жұмды. Сондай-ақ 6-9 жас аралығындағы тағы үш бала жарақат алып, қазіргі уақытта дәрігерлердің бақылауында қажетті медициналық көмек алып жатыр.
— Белгілі болғандай, зардап шеккендер екі отбасының балалары. Қаза болған үш баланың екеуі Жарма ауданының Жаңғызтөбе ауылынан ата-әжелеріне қонаққа келген, біреуі Үржар ауданының тұрғыны. Жарақат алған үш баланың екеуі Үржар ауданынан, біреуі Жарма ауданынан екені белгілі болды.
Облыс әкімдігі тарапынан қаза болған балалардың отбасыларына жерлеу рәсімін ұйымдастыру үшін барлық қажетті қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар психологиялық және материалдық көмек те беріледі, — делінген Абай облысы әкімдігі хабарламасында.
Оқиға орнында облыс әкімінің орынбасарының үйлестіруімен арнайы жұмыс тобы құрылған. Жағдай облыс басшылығының ерекше бақылауында.
Айта кетелік кеше Абай облысындағы жол апатынан кейін Президент тапсырмасымен әскери ұшақ аттанған еді. Бүгін зардап шеккен балалардың жағдайы туралы жазған едік.