Бестеректегі жол апаты: Ауруханада жатқан 3 баланың қазіргі жағдайы қалай

СЕМЕЙ. KAZINFORM — Абай облысы Үржан ауданы Бестерек ауылында көлік қаққан 3 бала әлі ауруханада жатыр.

Бестеректегі жол апаты: Ауруханада жатқан 3 баланың қазіргі жағдайы қалай
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, екі бала Астана қалалық № 2 балалар ауруханасына жатқызылған.

— 9 жастағы қызға барлық қажетті емдеу-диагностикалық шаралар жүргізілді. Қазіргі жағдайы қанағаттанарлыққа жақын. Шағымы жоқ. Ертең ауруханадан шығаруға дайындалып жатыр, — делінген ақпаратта.

7 жастағы ұлдың да жағдайы қанағаттанарлыққа жақын. Ол да 4 қыркүйекте медициналық мекемеден шығарылады.

— Ал 10 жастағы қыз «Семей медициналық университеті» КЕАҚ-ның реанимация бөліміне госпитализацияланған. Бала жағдайы аса ауыр, комада жатыр. Қажетті емдеу-диагностикалық шаралар жүргізіліп жатыр, — делінген мәліметте.

Еске салсақ, осыған дейін Абай облысындағы үш баланың өмірін қиған жол апатына қатысты күдікке ілінген жүргізуші эпилепсиямен есепте тұрғанымен, қалайша жүргізу куәлігі болғаны тексеріліп жатқаны хабарланған.

Соңғы жаңалықтар