Бетпақдалада Жамбыл облысы тұрғынының үсіп өлген денесі табылды

31 қаңтар күні Мойынқұм ауданы Жамбыл ауылының 45 жастағы тұрғыны елдімекеннен 15-20 шақырым қашықтықта орналасқан фазендасына «Mitsubishi Lancer» көлігімен шығып кетіп, табылмай жатқанын бұған дейін хабарлаған болатынбыз. Ауыл тұрғынын іздестіру жұмыстары 4 ақпанда басталды.
Бүгін, іздестіру жұмыстары аяқталғаны мәлім болды. Жергілікті малшылар оның өлі денесін тауып алған.
«Олар бірден полицияға хабар берген. Марқұмның мүрдесі көлігінен 5-10 шақырым жерден табылды. Болжам бойынша, ол көліктен шығып кетіп, жолда келе жатып қатып қалған. Жоғалғаны туралы хабар келген кезде-ақ оның үсіп өлуі мүмкін екені болжанған еді. Себебі, бұл - Мойынқұм. Жамбыл облысының солтүстігі саналатын ол жерде аяз бен жел екпіні қатты. Шөлдің жолсыз жерінде адам оп-оңай адасып кетуі ықтимал. Тіпті біздің қызметкерлер қандай да бір шараларға шыққан кезде қайтып оралғанда адасып кетпеу үшін жол бойында көрінетін ту қадап кетіп отырады», - деп хабарлайды Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы Сәуле Мұнатаева.
Іздеу жұмыстарына ТЖ департаменті мен Арнайы құтқару жасағының 20-ға тарта қызметкері, «Қазавиақұтқару» АҚ-ның екі пилоты мен тікұшақ, Өрт сөндіру және құтқару қызметінің 15 қызметкері, Мойынқұм полиция бөлімінің 15 қызметкері жұмылдырылған. Олармен бірге іздеу жұмыстарына 30-ға жуық жергілікті тұрғын мен іздеуші иттер қатысқан. Жалпы, 60-қа тарта адам тартылып, ондаған техника қолданылған.
Мойынқұм ауданы - Жамбыл облысы аймағының облыс орталығына ең алыста орналасқан жері, Қарағанды облысымен шектеседі. Климаты қатал Бетпақдала да осы жерде. Бұл өңірде қыстыгүні ауа райының температурасы -50 градусқа дейін төмендейді. Ал бұл шөл далада елдімекендер некен-саяқ.
Авторы: Галина Скрипник