«Бейбарыс» хоккей клубының ойыншысы Мәскеуде қайтыс болды
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атыраулық «Бейбарыс» хоккей клубының ойыншысы Олег Гофман оқыс оқиға салдарынан өмірден өтті. Ол — «Динамо» (Мәскеу) командасының түлегі.

Бұл деректі «Бейбарыс» хоккей клубы баспасөз қызметі растады.
— «Бейбарыс» хоккей клубының ойыншысы Олег Гофманның өмірден өткенін хабарлаймыз. Ол соңғы екі маусымда біздің команданың намысын қорғады. Ол біздің жадымызда сенімді қорғаушы, лайықты тұлға ретінде мәңгі сақталады, — делінген клубтың баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Олег Гофман 2001 жылы туған, Ресей азаматы. Бойы — 180 см, салмағы — 80 келі. «Динамо» (Мәскеу) командасының жастар құрамасында 166 ойын өткізген. Осы команданың құрамында 2021 жылы Харламов кубогінің иегері атанған.
Ресейлік БАҚ-тың мәліметіне қарағанда, Олег Гофман кеше, 18 мамырда өмірден өткен. Оның өмірден өтуіне оқыс оқиға себеп болған. Нақтылай айтқанда, Мәскеу қаласында 6-қабаттағы балконнан құлаған.
Еске сала кетейік, бұған дейін Шарм-эш-Шейх әуежайында үш қазақстандыққа жарнама тақтасы құлағаны хабарланған еді.